170 жылдан соң тартылған «Кежім табақ» немесе Құнанбай Өскенбайұлының Абақ керей еліне сапары

Құнанбай Өскенбайұлы 1804 жылы ҚР Семей облысы Шыңғыстау өңірінде дүниеге келген. 1886 жылы 82 жасында өзінің туған жерінде дүние салған. 1834-56 жылдары әкесі Өскенбайдың орнына билікке отырып, аға сұлтан мәртебесімен ел басқарған. 1846 жылы Ресей империясы қазақ жерін отарлау саясатын жүргізіп, жалпақ жатқан қазақ даласына сұқтана кіре бастады. Осы тұста Құнанбай қолындағы билікті бермей, орыс әскерін тас-талқан еткен Қиям мен Табылды он жыл бойы ақ патшамен тіресіп өтті.

Жә, бұл жерде Құнанбайдың жеке өмірі емес, Қытайдағы Абақ керей еліне барып қайтқан қасиетті сапары туралы жазудың маңызы зор, орны бөлек болып тұр.
Күллі қазақ даласының данышпаны, Ұлы даланың ұлағатты ұрпағы, Қазақ халқының бас ақыны — Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы 1848 жылы күзде Қытай билігі астында отырған Абақ керей еліне келіп қайтты деген аңыз 170 жылдан кейін де кеше ғана болған оқиғадай ел есінде әлі күнге сақталып келеді.

 

Орыс әскерін  тас-талқан еткен  Қиям мен Табылды

1846 жылы патшалық Ресей мемлекеті қазақ даласына алты қарыс азуын, қанды шеңгелін біржола бір-ақ салды. Бейбіт жатқан, еркін өскен қазақтарды аймақ-аймаққа, облыс-облысқа бөліп, бұтарлап-отарлап басқара бастады. Бұл ғасырлар бойы ұлы дала төсінде малын бағып, отын жағып, егінін салып, аңын аулап, құсын қулап, салтын сақтап, ата жолын ақтап, той-томалағын өткізіп бейбіт отырған бейуаз халықтың берекетін қашырды. Қазақтың кең өрісін тарылтты, тіршілік тынысын тығырыққа тіреді. Өрісіндегі малын алды, басындағы билігін алды, алым-салықты барынша ауырлатты. Ел ішін алалады, береке-бірлігін ірітті, халық ішін шірітті. Ұланғайыр ұлы даланың ұлағатты иесі мен қожасы болған қазақтарға ақ патшаның отарлап келіп, бұтарлап басқаруы темір ноқтамен қысып, құрсаулап ұстауы жаға қойған жоқ. Отарлық саясат қазақ арасындағы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың намысын оятты, ашу-ызасын тудырды. Мұндай зорлық-зомбылыққа намыстары жібермеген Ақсақ Қиям мен Табылды деген қазақтың қос батыры ақ патшаның қолшоқпары — уез бастығын өлтіріп, орыстарға қарсы соғыс жариялап, тауды бекініп жатып алады. Бұған қаны қарайып өшіккен Семей губернаторы қос батырдың ізіне түсіп, 300 әскермен қуғындайды. Қос батыр 300 әскермен тау ішінде айқаса жүріп, барлығын жер жастандырады да, қытай шекарасынан өтіп, өр Алтайдағы Абақ керей елін паналайды. Із-түзсіз жоғалып кеткен Ақсақ Қиям мен Табылдының шекара асып кеткен дерегін білген ақ патша осыдан кейін қазақ халқына сенуден қалады. Бұл оқиғаны аға сұлтан Құнанбай мен Барақ төре жасырып орналастырған болуы керек деп топшылайды.
Семей губернаторын қатты тәртіпке келтіріп, қазақтың ауыл, аудан, облыстарын түгел тінттіріп, қос батырдың қанат-құйрығы деген күмәнді адамдарды түгел тастүрмеге тоғытады. Семей губернаторы шұғыл шешім қабылдап, Қытайда тұратын Ажы төренің аталас туысы Барақ төре арқылы Қытайға хат жолдап, Ақсаққиям мен Табылдыны өз өкіметіне қайтарып беруді талап етеді. Осы жұмысты түптеп індетіп істеу үшін аға сұлтан Құнанбайды қасына 30 адам қосып беріп, Барақ төрені кепіл етіп ұстап, Қытай жеріне елші етіп аттандырады. Аға сұлтан Құнанбайға Ақсақ Қиям мен Табылды тірі болса өздерін, өлі болса сүйегін алып келуді шегедей қағып, мықтап тапсырады. Онсыз да ақ патшаның қазақтарға салған қылбұрауы аға сұлтан Құнанбайдың жанын ауыртып жүргені аздай, бұл міндет оған оңай соқпайды. «Былай тартса өгіз өледі, алай тартса арба сынады», ақыры қинала-қинала аға сұлтан мәртебесімен Қытай билігі астында отырған Абақ керей еліне 30 адаммен аттанады.
«Аға сұлтан Құнанбай керей еліне келеді» деген хабар желдей есіп, ел ішіне күні бұрын тарап кетеді. Бұдан хабар тартқан Ажы төре аға сұлтан Құнанбайды ойдағыдай қарсы алып, кереметтей күтіп, кеңқолтық Абақ керей елінің асыл салт-дәстүрлерін тұтас көрсетуді көздеп, көк орман көмкерген, көк шалғыны жайқалған Қаба өзенінің жағасына аға сұлтанға арнап 12 қанатты ақшаңқан, сейілшіге арнап 8 қанатты, құсшыға 4 қанатты, ас-суға 2 қанатты киізүй тіктіріп, ақсарбас қой, көкқасқа тай, ақ түйе шөктіріп, кермеге жүйрік жорғаларын байлатып, сән-салтанатпен алдын ала дайындала бастайды. Қырық-отыз адамды Құнекеңнің алдынан күтіп алып, жол бастап келуге жібереді. Абақ керей еліндегі игі жақсылар: ел бастаған Шегетай батыр, Көкен би, Жетібай би, сөз бастаған Шау жырау, Тілеуберді жырау, әйгілі күйші Бейсенбі Дөненбайұлын осы ұлы жиынға шақырып, аға сұлтан Құнанбаймен тізе түйістіріп, құрметті қонақ етеді.
Бұл жерде Ажы төренің көздеген екі мақсаты бар еді: бірі — бүкіл қазақ халқының аға сұлтаны, биік мәртебелі қонағы Құнанбайды өз биігінде қарсы алып, өз өресінде ренжітпей күтіп алу; екіншісі — Қытай билігі астында отырған, Алтай бетін мекен еткен Абақ керей елінің елдік салтын көрсету. Оның ар жағында Ақсақ Қиям мен Табылдыны Құнанбай қолына бермей алып қалу, орыстың қанды шеңгелінен құтқару арманы жатыр еді.

 

Абақ керейдің Құнанбайға құрметі

Ия, Алтайдың ақбас алтын шоқыларына көзін баяу қыдыртып, мөлдір тұнық ауасына сіміре тыныстап келе жатқан Құнанбай көкорай шалғында мыңғырып жатқан мал шетін жағалай келіп, жол бастаушылардың көмегімен 12 қанатты ақордаға ат басын бір-ақ тіреді. Құнекең түскен үйге ақсарыбас қой, көкқасқа тайға арт-артынан бата жасалып жатты. Таудай ет тартылып, көлдей қымыз құйылып, Абақ керей елінің қонақ күту кәделері мен салт-дәстүрлері атқарылды.
Төрдегі құс көрпеге отырып, қос шынтағына құс жастық жастанып, ары-бері ырғалып отырған Құнекең тамақ мәзірі аяқталып, ас қайырылған бір сәттен соң жан-жағында отырған ығай мен сығайларды, қасқа мен жайсаңдарды көз қиығымен бір шолып өтті де:
— Е-е, Керей баласы, жиын бастаңыздар, әңгіме шертісейік, — деді. Сонда қатарлас отырған Шау жырау Құнекеңе мейірлене бір қарап:
— Үй біздікі, құрмет сіздікі. Жиынды аға сұлтан Құнекең өзі бастайды да, — деді сып-сыпайы.
Құс жастықтан шынтағын көтеріп, түрегеле отырған Құнекең:
— Бастау сөз бергендеріңе рақмет. Керей салтында ауылдың алтыауызы болады деуші еді, алдыңғы сөзді ауыл иесі бастайды да… — деп, нығыздана тіл қатты.
Осы кезде үстіне құлынтайжақы тон киіп, кемер белбеу буынып, сапы асынып, қонақтардан төмендеу отырған Бейсенбі Дөненбайұлы сөзге араласты.


— Біз сөзді қалай бастаймыз? Бұзылған ордамыз тігілмей, қалмақтан қалған кегіміз түгемей келе жатқан Абақ керей деген елміз. Келген жеріміз Алтай сауыры болғанымен, елдік белгісі, бесік үлгісі жоқ, алса да бітімді, берсе де бітімді білетін, мұңғыл жұртында араласа отырмыз. Ортасы ойылмаған, ордасы бұзылмаған, ханы бар, заңы бар, ағасы бар, жағасы жыртылмаған, ой данасы — аға сұлтаны бар Құнеке, сөзді өзіңіз бастағаныңыз оң болар, — деді.
Әр сөзін қалт жібермей бағып отырған Құнекең:
— Болар, болар. Өзі де болғалы тұр екен. Аузының алпауыттай иесі бар, сөзінің атқан оқтай жүйесі бар, бойына Қыдыр қонған киесі бар, көмейінің сусылдап тұрған сұржыланы бар, көзінің болат топшы қыраны бар азамат екенсің. Жиын өзі де басталды, — деп Құнекең кеңіп сала берді. Бейсенбі Дөненбайұлының жасын сұрап еді, 1803 жылы туылған болып шықты. Құнанбайдан бір жас үлкен екен. Жас парқын білген Құнекең:
— Е-е, бір өзеннің арнасы, бір ағаштың алмасы екенбіз. Құдайымыз бір құрдас екенбіз. Кел қасыма, тізе қағысып отырайық, — деп төменде отырған Бейсенбіні жанына шақырды.
Жә, содан басталған жиын бір жұмаға жалғасып, қазақ-мұңғыл ру тайпалары керей-найман арасындағы жесір, жер, құн, ар дау-шарлардың шешімін аға сұлтан Құнанбайға шештіріп, кесімін кестірді. Бұл дау-шарларды өздері де шешіп алатын мүмкіндік бар еді, бірақ Құнекеңнің биік мәртебесін бар қазаққа одан әрі ұлықтап көрсету үшін осындай қадамға барды. Жиын соңында Құнекеңе үлкен сый-құрмет көрсетілді. Сегіз көкжал бөрінің жон терісінен тігілген қасқыр ішікті кигізіп, басына қызыл орман түлкі тымақ сыйлап, астына су төгілмес жорға мінгізіп, сегіз жорғаны жетекке берді. Қасына еріп барған 30 азаматқа да ат мінгізіліп, тон жауып, Абақ керей елінің қонақ аттандыру салтындағы дәстүрлер түгел өтелді. «Қос батырды өлді» деп қорған болған ел батыр. Дәстүр бойынша марапаттаулардан кейін кетераяқ дастарқанын жайып, соңғы қонақасы берілді. Көп сый-сияпаттан кейін көмейдегісін айта алмай, тығдырып отырған Құнекең ақыры келген шаруасын айтуға бекінді де:
— Қысылғанды қымыз шығарады, жан қысылса жақынын табады. Ақ патшаның міндетін әкеп отырып, айран сұрай келіп, шелегімді жасырғандай болмайын, — деп Ақсақ Қиям мен Табылдының әңгімесін қозғап қалды. Осы кезде құрдасы Бейсенбі сөзге араласып:
— Жан сақтағаннан ар сақтаған — батыр, қатынын баққаннан халқын баққан — батыр, қой баққаннан ой баққан — батыр, орыстың отарында сұлтан болғаннан керейдің ортасында ұлтан болған — батыр. Қорғалаған торғайға қуыс қурай да пана болады. Ақсақ Қиям мен Табылдыға керей елі сая болады. Бүкіл Абақ керей елі болып алақан басып, мөр соғып, «Қос батыр өлді» деп өкім шығарып, куәлік берейік, а, Құнеке құрдасым? Ертең орысқа тартқан сыйыңыз — артқа тастап кеткен қиыңыз болмай ма? Сонда тарих алдында Құнекең кім болады? — деді.
Мына сөзді дүйім жұрт алдында естіген Құнекеңнің шекесі шып-шып терлеп:
— Өз қолыңды кессең, өз жолыңды тосқан боласың. Құрдасым, Бекежан, мені қиямет отынан құтқарып қалдың-ау! — деп Бейсенбінің күректей алақанын алып, қыса отырып:
— Мен керейден үлкен мерей көрдім, өскен елдің өнегелі ұрпағын көрдім. Кегін жоқтар ер туған, дауын жоқтар би туған, бақ дарып, қыдыр қонған ұялы елге айналған екен. Бұл Керейге алпауыт арыстанның да тісі бата қоймас. Түбі бір қазақтың сүйенер темірқазық алтын діңгегі де осы Абақ керей елі болар, — деп сүйсіне тіл қатып, сөзін ары жалғады.
— Е-е, Беке, құрдасым, жүйелі сөзге түйе шөгеді, мен де шөктім. Ақсақ Қиям мен
Табылды қайта тірілмесін, тірілсе де көзге көрінбесін, — деп құрдасының қолын босатқан екен.
Осыдан кейін Ақсақ Қиям мен Табылды керей елінде бостандыққа қол жеткізді. Ақ патшаның мойынға түскен қанды ажырғысынан біржола құтылды.


Аға сұлтан Құнанбай да иығынан жүк түскендей, куәлік құжаттарды алып, 30 жігітпен шекараға бет бұрды. Ылғи жүйрік жорға мінген қазақтың сері жігіттерінен 100 адам Құнекеңді шекараға дейін шығарып салуға бірге аттанды.
Құнанбай бастаған топ Алқабек өзені бойына тақап қалғанда тай шаптырымдай жерден мойнына ақберен асынып, қолдарына бүркіт алып, артынан тазы ертіп, аң аулап, құс қулап жалаң қаққан жарау атты бір топ аңшы анадайдан көзге түсті. Оларға тақап келіп қалғанда орталарында төбедей болып көрінген ақбоз атты, ақ төбе тымақты, көк торғын шапанды керейдің жомарт байы Шәку биді жұрт таныды. Арқан бойы жерден аттан қарғып түскен Шәку би аға сұлтан Құнанбайға сәлем беруге асықты. Екі етегін жел қағып, жіті жүріп келе жатқан Шәку биді танымаса да тегін адам емес екенін бірден сезген Құнекең аттан түсті де, Шәкуге қарай аяңдады. Салтанатты қалың топ алдында Құнекең мен Шәку би баяғы таныс адамдай құшақ айқастырып, еш жатырқаусыз амандасты. Екі алыптың аман-саулығы аяқталған соң ат үстіндегі топ «Ассалаумағаләйкүм» деген ата сәлемді Шәкудің құлағына ақ жауындай құйды.
Кең өлке, ырысты далада Шәку би Құнекеңнің арқасынан қапсыра құшақтап тұрып:
— Е-а, аға баласы Құнанбай керей еліне келді деп естідім. Әкең Өскенбай біздің Ер Жәнібек батырдың қызынан туған жиен екеніңді білем. Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем беретін Абақ керей елінің салты бар, бірақ балам дүниеден өтіп, ұлы жиынға бара алмай қалдым. Оны кешірерсіз, бүгін ауылымыз күзеулікке түсіп кетіп еді, солай болса да «Құнекең қайтып келе жатыр» деген хабарды естіп, жолыңызды күтіп тұрған кезім осы еді. Жер шалғай болғанмен көңіліміз жақын, дәм тастап, аруақ аттап кетпейтініңізге сенем. Қане, Құнеке, атыңызға қоныңыз, — деп Құнекеңді қолтығынан демеп, ақбоз жорғаның үстіне қондырды.

 

«Кежім табақтың» сырын айтқан Шәку би

Құнекеңді жолға шығаруға еріп келе жатқан 100-дей адам үнсіз тұрып қалды. Оны байқай қалған Шәку би:
— Ас атамыздікі, береке елдікі, қонақ көптікі, туыс өзіміздікі емес пе?! Құнекеңді шақырғаным — бәріңді шақырғаным. Бірің қалмай бәрің жүріңдер! — деп Шәку би өзі бастап Алқабек өзені бойына тіккізген отыздан астам киізүйге топ қонақты бастап келді.
Ортадағы қарашаңырақтың есігінен жүз қадамдай жерге қалы кілем жайдырып, Құнекеңді сол кілемнің үстімен жүргізіп келді де, үй есігіне тақап қалғанда Құнекеңді ақ киізбен көтеріп, төрге дейін алып шығып отырғызды. Бұл — Абақ керей салтында хан сайлағанда және ең жоғары мәртебелі қонағын құрметтегенде атқарылатын ырымды жолы еді. Осыдан кейін ақсарыбас қойлар сойылып, көкқасқа тайлар шалынып, ақ түйенің қарны жарылып жатты. Әлден уақытта Құнекеңнің алдына бұрын-соңды көрмеген бір астау ет тартылып, бата жасауға ұсыныс етті.
Бөгенайы бөлек мына астаудағы еттің тартылуына таңырқай қарап біраз үнсіз отырды да:
— Талай елді аралап, көп рудың кәделі ас тартуын, сый мәзірін көрсем де, мынадай ет тартуды бірінші рет көрген екенмін. Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме, білмес асқа білмес бата жасамас болар. Астың аты не, сыры не? — деп сұрады. Сонда Шәку би:
— Бұл — «кежім табақ». Сіздей қонаққа ғасырда бір рет тартылып отыр. Бетіндегі кежім — қойдың кең пішіліп алынған төс еті. Сексеуіл шоғына қарып пісірілген, астындағысы — бас табақ, бұл — бір сыбағалы, үш баталы сый кәде. Кежімге бір бата жасап, өз қолыңызбен кесіп табаққа қоймай, қонақтарға үлестіресіз. Төсі қолыңызға ілінгенде оны үйдегі келінге ұсынасыз. Астынан бас көрінгенде екінші бата жасап, бас кәдесін өтейсіз. Соңында үшінші бата жасап, ас қайырасыз, — деп кежім табақтың қыры мен сырын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Шәку би Құнанбайдан 29 жас үлкен еді. 1785 жылы туылған. Осыдан кейін Шәку би Құнанбайға есік пен төрдей кежімделген жүйрік мінгізіп, үстіне түлкі ішік кигізіп, басына құндыз бөрік сыйлады. Келген отыз жолдасына да ат мінгізіп, тон жапты. Бұл сыйдың бәрін көріп, разы болған Құнекең:
— Қазақтың салты сақталған жерде қазақтың өзі де сақталады, — деп дән разылығын білдірді. Келгеннен кейін де көп уақытқа дейін кежім табақты айтып жүрді деседі.
Міне, 1848 жылы Шәку бидің Құнекеңе тартқан сол «кежім табағы» 170 жыл бойына қазақ дастарқанына тартылмапты. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілтіп, ұмыт болған салтымызды қайта жаңғыртқандай. Күні кеше «Еуразия» телеарнасы «Қазақтың ұмытылған тағамдары» айдарымен «Кежім табақ» салтын паш етті. Ұлтжанды ініміз Айбын Әубәкірұлы ашқан «Темучин» мейрамханасында ғасырда бір тартылатын «кежім табақты» өз қолыммен жасап, Қытайдан Үндістан жеріне Гималай асып ұлы көшті бастап барған Елісхан Әліпұлы батыр атамыздың 110 жылдық асына Түркиядан арнайы келген Мүбәрак, Ибрагим ағалар алдына тарттық. Міне, жаңғырған салтымыз, жақсы қалпымыз жалғасын осылай таба берсе, елдік белгіміз нығая түсері сөзсіз.
Жоғарыда баяндалған тарихи оқиғаны қазақтың Қытайдағы атақты ақын-жазушысы, драматург, тарихшы Асқар Татанайұлының 1987 жылы Үрімжі қаласы, «Шыңжаң халық баспасынан» төте жазумен жарық көрген «Тарихи дерек. Келелі кеңес» кітабынан толықтырып алып, халыққа ұсынып отырмын.

Болат Бопайұлы Жотақажы,
этнограф-жазушы,
Қазақстан әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академигі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған