173 жұмыс орны ашылады

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков өткен жылдың қаңтар- желтоқсан айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен іске асырылған жүйелі жұмысы мен нәтижелері туралы баяндады.

– Былтыр Меркі ауданының ауыл шаруашылығы саласы бойынша 55 миллиард 705,0 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Былтыр егін ору науқанында 92 мың 593 тонна астық жиналды. Егіс алқаптарында көкөніс-бақша дақылдары мен картоп, қант қызылшасы, мақсары егуге басымдық беріледі. Биыл Ақтоған, Сарымолдаев, Кеңес ауылдық округтерінде 3 жылыжай (бір жылыжайдың құны – 4000,0 мың теңге) салу жоспарланып отыр, құны 12000,0 мың теңге, – деді Жорабек Нұрмергенұлы. Сондай-ақ, аудан әкімі Ақарал ауылдық округінде тамшылатып суару жобасы, Жамбыл ауылдық округінде құлпынай алқабы, Меркі ауылдық округінде балық шаруашылығы қолға алынғанын жеткізді.

Ауданда осы жылы 2,8 миллиард теңгеге 22 жоба іске асырылып, 173 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, «Мерагро» ЖШС-нің басшылары Тәтті ауылдық округі, Ақжол ауылынан индустриалдық алаң ашуды қолға алмақ. Жобалық құны 1 миллиард теңгені құрайтын индустриалдық алаңның аумағында жем зауыты, тауарлы сүт фермасы және балық зауыты сынды 3 жоба орналастырылады деп күтілуде. Қазіргі таңда аталған кәсіпорынға 10 гектар жер беріліп, мемлекеттік актісі дайындалу үстінде. Жоба 2023-2027 жылдары аралығында іске асырылады. Болашақта 450 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.

Жалпы, аудан аумағында 45 елді мекен орналасқан. Оның 41-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылса, 40-ына табиғи газ құбыры тартылған. Ал жыл басынан жұмыспен қамтуға 6930 адам қайырылып, оның барлығы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып, жоспар 156,0 пайызға орындалған.

Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз грант ретінде 253 адамға 309,9 миллион теңге берілген. Аудан бойынша ресми тіркеуде тұрған жұмыссыздар саны – 500. Оның 398-і әйел болса, 29 жасқа дейінгі жастар саны – 138. Аудан бойынша халықтың әлеуметтік қорғалмаған, тұрмысы төмен санаттарының табыс көзін арттырып, кедейшілік деңгейін төмендетуге ағымдағы жылы 735,8 миллион теңге бөлінген. Ал атаулы әлеуметтік көмек былтыр 734 отбасындағы 4084 адамға 260,3 миллион теңге көлемінде төленген.

Ауданның 2025 жылға дейінгі даму жоспары бойынша 2022 жылы ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласында 2,3 миллиард теңгеге 34 жобаны іске асыру жоспарланған. Есепті кезеңде жеке қаражаты есебінен жалпы құны 2203,5 миллион теңгеге 33 жоба іске асырылып, 361 жұмыс орны құрылған. 2023 жылы ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласында 3,1 миллиард теңгеге 29 жобаны іске асырып, 219 жұмыс орнын құру жоспарланған.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ, Жамбыл облысы