18 ақынның сөзі түйіскен батыстағы жыр додасы

Орал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және тұңғыш Президент күніне орай «Азаттықтың ақ таңы…» атты республикалық ақындар айтысы мәреге жетті.«Қадыр жолы» жобасы аясында ұйымдастырылған жыр додасына республика өңірлерінен барлығы 18 ақын қатысып, бақ сынады. Айтысты жүргізген белгілі ақын Жүрсін Ерманның атап өткеніндей, бұл сайыстың бір ерекшелігі, бірқатар жас дарындардың жарқырап көрінгені болды. Әсіресе, Алматы облысынан келген Айдана Қайсарбек тараздық Нұрлыбек Құрмановпен сөз сайысында кесек-кесек ойлар айтып, тапқырлық танытты. 

foto222

Сондай-ақ бұрыннан талай айтыста бәйге алып жүрген семейлік Әсем Ережеқызы мен атыраулық Сырымбек Сәрсенбаевтың, батысқазақстандық Жансая Мусина мен шымкенттік Дәурен Ақсақаловтың сайыстары әдемі әзілдерімен ерекшеленді. Айтыс барысында тәуелсіз мемлекетті құрудағы Елбасы еңбегі, ел тарихындағы ерен тұлғалардың есімдері, желтоқсан көтерілісі және басқа аса маңызды оқиғалар аз айтылған жоқ. Қазіргі кездегі кейбір келеңсіздіктер де ақындардың аузына ілікті. Өкінішке қарай, айтысты орынсыз созып, жұртты жалықтырып алғандар да болмай қалған жоқ. Атақты өнер тарланы Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені (1 млн. теңге) астаналық Нұрмат Мансұров иеленді. Дәурен Ақсақалов бірінші, Жансая Мусина, Әсем Ережеқызы және Айдана Қайсарбек екінші, Сырымбек Сәрсенбаев, Нұрлыбек Құрманов, батысқазақстандық Бауыржан Ширмединұлы, павлодарлық Нұрқанат Қайрат үшінші орынға көтерілді.

foto333

Оған қоса тараздық Дархан Әбдіманапов, батысқазақстандықтар Айнабек Бисенғалиев пен Талғат Мықиға облыс әкімінің арнайы сыйлықтары табыс етілді. Айтысты тамашалаған облыс әкімі Алтай Көлгінов қос бірдей мерекеге орай ел көңілін бір көтеріп тастаған ақындарға ризашылығын білдіріп, Ақ Жайық жұртшылығы атынан Ж.Мусина мен Д.Ақсақаловқа қосымша 500 мың теңгеден көтермелеу сыйлығы берілгенін жария етті.

Елжан Ералы,

ҚазАқпарат

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған