19 түрлі нан өнімдерін өндіретін «Ulytaý Nan»
Жезқазғанда 19 түрлі нан-тоқаш өндіріп, тәулігіне 35 тонна өнім беретін заманауи еуропалық технологиямен жарақтанған «Ulytaý Nan» зауыты іске қосылды. Зауыттың құрылтайшысы, экс-сенатор, қоғам қайраткері Ерлан Нығматулин жаңа нан зауыты – Елбасының экономикалық Стратегиясын, «Төртінші өнеркәсіптік даму жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын, «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында салынғанын атады.
Зауыт халықаралық стандарттарға, өндірісті цифрализациялау талаптарына толық сәйкестендірілген ТМД мен Еуропа елдері аумағындағы заманауи нан зауыт-тарының бірі.
Бұған дейін қазіргі заманғы нан комбинаттары Балқаш және Қарағанды қалаларында салынған болатын. Жезқазғандағы нан зауыты Қарағанды облысында инвесторлармен ашылған үшінші нысан болып табылады.
— Осы тектес зауыттарды Балқаш пен Қарағанды қалаларында да ашқан едік. Енді міне, Жезқазғанда бой көтерді. Бұл ретте, біз жергілікті үлес мәселесін де айналып өтпедік. Зауыт тұрғызу барысында тек Қазақстандық құрылыс компаниялары ғана кірістірілген болса, соның 80%-ы Жезқазған және Сәтбаев қалаларының компаниялары болды. Сондықтан, ең алдымен, кәсіпкерлікпен айналысуға мол мүмкіндік беріп, инвестиция тарту тұрғысынан жағымды жағдай жасаған Елбасына ерекше алғысымды айтамын. Қазіргі күні зауыт жұмысшылармен толық қамтамасыз етілген. 225 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Еуропалық серіктестеріміз мұнда екі айлық оқыту курстарын ұйымдастырып, алпыс күн бойы барлық қызметкерлерімізді оқытты. Осы күні олардың өзі теориялық білімі бар маман атана бастады, — дейді «Ulytaý Nan» зауытының құрылтайшысы Ерлан Нығматулин.
Тәулігіне 35 тонна нан өнімдерін шығаратын, сондай-ақ, 235 адамға жұмыс орнын ұсынып отырған зауыт өнімдері Жезқазған өңіріне ғана емес, Сәтбаев, Қаражал, Жәйрем қалаларына, Ұлытау ауданының елді мекендеріне де сатылымға шығатын болады.
Ерлан Нығматулин, «Ulytay` Nan» зауытының құрылтайшысы:
— Біздің есебіміз бойынша тек Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының тұрғындары тәулігіне 25 тонна нан-тоқаш өнімдерін тұтынады екен. Бұдан бөлек Қаражал, Жәйрем, Ұлытау және Жезді халқы бар. Яғни сұраныс жоғары. Келешекте біз халықты сапалы өніммен қамтамасыз ететін боламыз. Әрі бағасы да арзан, мәселен, жоғары сортты нан небәрі 75 теңгеден сатылады.
Бұл көлемді де серпінді жобаны нан пісіру өндірісінің ең жаңа технологияларын қолдана отырып, өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз етуді мақсат еткен біліктілігі жоғары кәсіби мамандар жүзеге асырды. Еуропаның алдыңғы қатарлы елдерінің заманауи энергиятиімді жабдықтарымен қамтылған. Италия, Франция, Словакия мен Словениядан жоғары технологиялы құрылғылар сатып алынды. Зауытты түгелімен жаңадан салдық. көптеген отандық компаниялар да ат салысты, — деді Ерлан Зайроллаұлы.
Атап айтсақ, Италияның «Эчер» компаниясынан қамыр илейтін машиналар, қамыр ашытатын аударғыштар, миксер алынған. Ал «Мондиал Форни» компаниясынан — қамыр бөлгіштер мен қамыр дөңгелектегіштер, толықсыту шкафтары, табанды және ротациялы пештер, «Сартори» компаниясынан тоқаштарға арналған бөлгіштер мен дөңгелеткіштер әкелінген.
Сондай-ақ «Дженерал систем пак» компаниясынан нан-тоқаш өнімдерін орауға арналған жабдықтар, Словакияның «А-Т» компаниясынан қаптарда сақтауға, ұнды тасу мен мөлшерлеуге, ашытқы жасауға арналған жабдық жинақтары алынған. Швейцарлық «Рондо» компаниясынан круассан түріндегі қаттама өнімдерді шығару үшін қамыр жаюға арналған жабдық сатып алынды. Германиядан «Хобарт» компаниясынан шығарылған нан жәшіктерін жууға арналған машина әкелінген. Бұл туралы шетелдік мамандар атап өтті.
— Бұл салада менің 25 жылдық тәжірибем бар. Қазақстанда ашылу салтанатына қатысып тұрған бұл алғашқы нан-тоқаш зауытым емес. Бұған дейін «Сарыарқа Нан Қарағанды» зауытында болдым. Бұл зауыттардың технологиялық тұрғыдан жабықталуымен де тікелей таныспен. Сондықтан, кейінгі тұтынушыларым менен «Қандай жетістігің бар? Қай зауыттарды заманауи технологиялармен жабдықтадым деп мақтана аласың?» деп сауал қойса «Сіздерге Германияның Берлин қаласына немес Ресейдің Мәсеуіне баруың қажеті жоқ. Сіздерге Қазақстанның Жезқазған қалаына баруларыңыз керек деп жауап қатамын, — деді Словакияның «А-Т» компаниясының иесі әрі Президенті Петер Киска.
Нан зауытының жоғары технологиялы жабдықтарын монтаждау және қалпына келтіріп реттеуді еуропа мамандары іске асырыпты. Келешекте осы құрылғыларда қызмет көрсетуші жергілікті мамандардан құрылған өндірістік бригадарлар жалғастырмақ. Нан зауытының өндірістік қызметінде дуалды білім беру жүйесі қолданылады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, кәсіпорында 225 жаңа, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жұмыс орындары ашылды.Қызметшілердің еңбек жағдайын барынша жақсарту және оларды әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етумен қатар, жалпы бекітілген нормалардан тыс жұмыс ауысымы барысында тегін тамақтандыру қарастырылды.
Зауытта қызметкерлерге тегін ас беріліп, жұмыс соңында 1 бөлке нан да еш ақысыз ұсынылады. Осыны айтып, нан зауытында жұмыс жасай тұра, үйге бір бөлке нан ала келмеу — әділеттілікке жатпайтынын алға тартады Ерлан Зайроллаұлы. Сондай-ақ, кәсіпкер өз сөзінде компания құрылтайшысы «Қазақмыс-холдинг» ЖШС Президенті Владимир Ким және «Қазақмыс-холдинг» ЖШС директорлар Кеңесінің төрағасы Эдуард Огай мырзаларға зауытты нақ осы Жезқазғанда салу туралы ұсыныстары мен қолдаулары үшін айрықша алғысын білдірді.
— Аймағымызда жаңа нан-тоқаш зауытының бой көтеруі — Жезқазған өңірі үшін айтулы жаңалық. Себебі, мұндағы алғашқы нан зауыты сонау 1954 жылы ашылып, кейін 2000 жылы жаңа ғасыр басында біржола құрдымға кеткен еді. Содан бері де 18 жыл өтіпті. Осы уақыт аралығында ірі зауыт ірге қалады. Бірақ, жай ғана зауыт емес, технологиялық тұрғыдан талайға үлгі боларлық тың үлгідегі зауыт бой көтерді. Бір қарағанда, нан пісірудің нендей қиындығы бар деп топшылауымыз мүмкін. Алайда, тәулігіне 35 тонна нан-тоқаш өнімін өндіре отырып, жоғары сапа биігінде қала білу — екінің бірінің қолынан келе бермес дүние. Сондықтан, аймақ тұрғындары аз уақыт аралығында сапалы өнімге қол жеткізіп, халықаралық стандартқа сай нан-тоқаш зауытының қызығын көреді деп сенемін, — деді Эдуард Огай.
Жаңа нан зауытының алғашқы өнімдері алдағы уақытта бөбектер үйіне, Жезқазған балалар үйіне, кәмелетке жетпегендерді бейімдеу орталығына, жасөспірімдер үйіне және қарттар мен мүгедектер үйіне жолданады.
— Наубайхананың шикізат базасының 100 пайызы — қазақстандық өнімдер. Қазір нан-тоқаш өнімдерінің 19 атауын пісіре бастадық, келешекте оны 50-ге жеткізу мақсатын қойдық. Қазіргі таңда кәсіпорында 225 жаңа жұмыс орны құрылды. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар, Біз Жезқазған дүкендеріндегі нанның орташа бағасын салыстырып көрдік, 105 теңгені құрайды. Ал біздің нан өз дүкендеріне 75 теңгеден, ал өзге сатып алушыларға 70 теңгеден жеткізілетін болады. Мақсатымыз — халыққа тиімді бағаға сай сапалы өнім шығару, — деп атап өтті Е.Нығматулин.
Сондай-ақ, зауыттың ашылу салтанатында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқару кеңесінің бас директоры Бақтияр Қырықпышев, италияндық Mondial Forni компаниясының қожайыны Алессандро Бенини, Жезқазған қаласының құрметті азаматы Төлеген Бүкіров, Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов сөз алды. Заманауи технологиялар мен жабдықтар, білікті персонал өнімдердің экологиялық тазалығын, нан-тоқаш өнімдері түрлерінің жоғары дәм сапасын және тағамдық құндылығын қамтамасыз ететінін тілге тиек етті. Тұтынушылар үшін тұтас дәнді сорттардан өндірілген қазақстандық ұннан жасалған және әртүрлі дақыл дәндері, кебек қосылған диеталық және жоғары рецептуралық нан сорттары шығарылмақ.
Нан зауытының сату-өткізу бөліміне қазіргі уақыттан бастап кәсіпкерлерден, ірі супермаркет және сауда нүктелері иелерінен көптеген сұраныстар түсіп, тұрақты негізде өнімді жеткізуге келісімшарттар жасалуда екен. Оларды өнімнің сапасы, сан алуан түрлілігі мен арзан бағасы қызықтырады. Ал, тұтынушыларға нан-тоқаш өнімдерін жеткізуді меншіктегі сатып алынған және брендтелген автопарк іске асырады. Сонымен қатар, Жезқазған және Сәтпаев қалаларында өз брендімен «дөңгелекті дүкендер» жұмыс істейтін болады.
Алдағы уақытта өскелең ұрпақ пен аймақ тұрғындарының бойында нанға және наубайшылардың еңбегіне деген құрметті қалыптастыру әрі кәсіби бағдарлау жұмысын жүргізу мақсатында кәсіпорында экскурсиялық эстакада жұмыс істейтін болады. Қала тұрғындары мен қонақтары наубайхананың жұмысымен, нан-тоқаш өнімдерінің өндіріс технологиясымен таныса алады.
Сөйтіп, «Ulytaý Nan» нан зауыты — аймақта жаңа жұмыс орындарының ашылуына, алдыңғы қатарлы инновациялық технологияларды енгізу арқылы адами капиталды дамытуға мүмкіндік береді. Жаһандық даму жағдайында ел экономикасын көтеруге және Елбасының Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға жол ашпақ.
Аяулым СОВЕТ