190 МЫҢ ТОННАДАН АСТАМ ТӘТТІ ТҮБІР ЖИНАЛДЫ

2023 жылы облыста 10,8 мың гектарға қант қызылшасы егілгенімен, оның 6,2 мың гектары су тапшылығына байланысты жарамсыздыққа ұшырады. Дегенмен, жамбылдық шаруалар қалған 4,6 мың гектар қант қызылшасынан 192,4 мың тонна тәтті түбір жинап, әр гектардан орташа 415,5 центнерден өнім алуға қол жеткізді.
Жиналған өнімнің 190,5 мың тоннасы қант зауытына өткізіліп, қазіргі уақытта өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі күні 11,4 мың тонна шекер өндірілген.
Жалпы биыл қант қызылшасына берілетін қолдаудың көлемі тоннасына 40 мың теңгені құраса, оның 15 мың теңгесі қант зауытынан, қалған 25 мың теңгесі мемлекет тарапынан төленді. Бүгінде барлық қолдау шаралары толығымен атқарылып, 114 шаруашылыққа 3 639,5 млн. теңге субсидия берілді.
Айта кету керек, елімізде саланы дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленген. Соған сәйкес өңірдегі қант қызылшасы себілетін алқап көлемі жыл сайын ұлғайтылатын болады.