1937 жылдың күзінде Алматыға Динаның келуі біздің музыкалық өмірімізде үлкен оқиға болды.
Жетпіс алты жасар домбырашы ана филармонияның сахнасына шыққанда тыңдаушы халықтың соққан шапалағынан үй қозғалғандай болды.
Кешегі күңгірт әйел теңдігін аяққа басқан заманда өнерімен алдынан жол ашқан, естелік құрсауын домбырасымен үзген ер ана, саусақтары сүйріктей болып, сахнада екі иығына екі адам сыйғандай әлпетті кеудемен көрініп, бірінің артынан бірін күйді боратқанда, ол бір күй дүниесінің салтанаты болды.
Күйдің кульминациясына келгенде домбыраның мойнын оңды-солды қозғап, кей мезет аузын ашып жіберіп, көз ілеспейтін қағыспен домбыраны дүрліктіргенде, отырған жұрт: «Дина мынау, оның ұстазы қандай болды екен», – десті.
Дина Құрманғазының бұрын бізге жетпеген «Төремұрат» (бұл күйдің бір нұсқасын Қали Жантілеуов алып келген), «Амандасар», «Жігер» және тағы да басқа күйлерін алып келді.
Әсіресе, Динаның ұстазы жөнінде берген деректері баға жеткісіз. Сол жылы Дина «Адай» күйінің бір вариантын алып келді. Күйдің жалпы кейпі Қалидың вариантынан алыстап кетпейді.
Онда тек Динаның өзіне ғана тән орындауышлық әдісімен байланысты мелодиялық, өлшеулік, ырғақтық, екпіндік, динамикалық, қағыстық құбылулар, шебер қолмен салынған өрнектер бар.
Өзінің орындаушылық өрісі кең жатқан Дина ұстазының күйін адал үйренгеннің өзінде де, кейбір жерлерін құбылта, әшекейлей тартып кете береді.
Ол кемістік емес, әрбір дарынды орындаушылардың басында болатын жағдай. «Серпердің» бір түрін 1937 жылы Дина алып келді. Динаның вариантында недәуір айырмашылық бар.
Оның себебі – дарынды күйші «Серперді» өз оригиналында тарта беруге іші пысып, өзінің орындаушылық асқан дарынының арқасында өзгертіп алып жүре берген болу керек. Әрине одан күй нашарлап тұрған жоқ.
Құрманғазының шәкірті болғанымен Динаның орындаушылығында, шығармашылығында өзіне тән дәстүрі болатын. Дина Құрманғазы шәкірттерінің ішіндегі ең күшітісінің бірі, ұстазын өле-өлгенше қастерлеу, мадақтаумен кетті.
Қазақстан үкіметі Дина Нұрпейісованың еңбегін ескеріп, оған республиканың халық әртісі деген атақ берді.
Эльнора Жалимбет.