Құран Кәрім оқудың сауабы
Әрбір мұсылман Құранды өзі ғана оқып үйреніп қоймай, оны өзгелерге де үйретуге міндетті. Себебі пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис-шәріпте: «Сіздердің ең жақсыларыңыз — Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендеріңіз», — деген. Құрансыз өмірдің бос өмір екендігін әрбір мұсылман жақсы түсінуі керек. Құран оқылмаған үйде, жерде, елде береке, тыныштық болмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл туралы хадис-шәріпте былай дейді: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Себебі Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй қиыншылықтан көз ашпайды». Яғни ондай үйде тыныштық болмайды. Құрансыз дүниедегі ешбір нәрсе адам баласын бақытты ете алмайды. Отбасында тыныштық, татулықты тек Құран ғана бере алады. Әсіресе қазіргі заманда болып жатқан әлеуметтік құбылыстарға зер салсақ, отбасы мүшелері арасындағы түрлі араздасулар, келіспеушіліктер, ұрыс-керістердің көпшілігі дін жолын ұстанбайтын, Құран оқылмайтын үйлерде, отбасыларда болады. Құран оқылған үйге Алла Тағаланың шексіз мейірім, рахымы жауады. Бұрын өткен ата-бабаларымыз заманында ажырасулар, ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс, әке мен бала арасында талас-тартыс өте аз ұшырасқан, себебі олар Құран жолымен өмір сүрген, Құранды үйреніп, бала-шағаларына үйретіп отырған. Әрбір мұсылман оны өзі оқи білген. Сондықтан отбасында береке, жақсылық, бірбіріне деген ізет, құрмет сақталған. Пайғамбарымыз: «Бір үйде Құран оқылса, аспаннан періштелер енеді. Шайтандар қашады. Үй ішіне жақсылық, тыныштық енеді, жақсылық көп, жамандық аз болады. Бір үйде Құран оқылмаса, ол жерге шайтандар үйірсектеп, періштелер кірмейді, онда жайсыздық орнайды, жақсылық азайып, жамандық көбейеді», «Құран қарайған жүректерге нұр береді» деп те ескерткен. Құран адамды рухани күйзелістерден, пейіл тарылуынан сақтайды. Ол өзіне ынтық жандар үшін үміт бастауы. Мұсылмандарға үмітке толы өмір сыйлайды. Хақ елшісі тағы бір хадис-шәріпінде: «Құран оқу — көңілдің шипасы», — дейді. Иә, Құран қай жерде болса да дертке дауа. Себебі Алла Тағала былай дейді: «Әй, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат болған, жүректегі дертке дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау болған кітап (Құран) келді». Құран — рухани ауруларға да қарсы шипа көзі. Дәрі-дәрмекпен емделмейтін аурулар Құранмен шипа табады. Мұсылман адам іштей құлазып, көңілін мұң басқанда дереу дәрет алып, осы бір қасиетті кітапты оқығаны жөн. Жабырқаудың жалғыз емі — Құран оқу және тыңдау. Ол жанға дауа ретінде түскен. Жаратушы Иеміз: «Біз Құранда шипа болатын аяттарды түсірдік», — деп баяндаса, Расулалла (с.ғ.с.): «Кім Құраннан шипа таппаса, оған басқа ем жоқ», — деп ескерткен. Құран Кәрімде шипалық қасиеттері бар бірнеше аяттар кездеседі. Бұл аяттар — Құранның шипа көзі. Мысалы, «Исра» сүресінің 82-аятында: «Мүміндерге рақымы, шипасы бар Құранды түсіреміз. Залымдардың шеккен зияны арта түседі», — делінген. Яғни Құранда баяндалған үкімдер — теріс ақида (сенім), жалған көзқарас және жаман мінез-құлық сияқты рухани ауруларға бірден-бір шипа көзі. Оның ішінде Алла Тағаланың әмірін орындағандар үшін Құран — рақымдылық пен мейірімділіктің бастауы. Сондықтан Құран — әрі шипа, әрі Жаратушы Иеміздің пенделеріне түсірген рақымы.
Ибн Масғуд (р.а.): «Құран шапағат етеді, иесіне пайда тигізеді. Сондықтан кімдекім Құранды жолбасшы етсе, ол оны жәннатқа жетелейді. Кімде-кім Құран жолын ұстамаса, бұл жағдай оны тозаққа сүйрейді», — деген. Бұл сөздің мағынасы: өзін оқып, үкімдеріне амал жасаған кісіге Құран Алла Тағаланың алдында шапағатшы болады. Құран өзін оқымаған, үкімдеріне амал етпеген адамға да қарсы куә болады. Құранның бұл куәлігін Алла Тағала қабыл етеді дегенді білдіреді.
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Шындығында Құран Алла Тағаланың пенделеріне берген сый-сияпаты, олай болса, ей, мұсылмандар, қолдарыңыздан келгенше Алла Тағаланың сыйлығын үйреніңдер.
Құран —Алла Тағаланың мықты бір жібі. Құран — жарық та айқын нұр, адамдарға һәм шипа, һәм тура жол көрсетуші. Құран — өзін ұстанғандар үшін құтқарушы. Ол қанша көп оқылса да ескірмейді. Оны көп зерделеп, үкімдерін орындау қажет. Құран сөзінен тысқары шықпау ләзім. Себебі Құран оқылғанда Алла Тағала оның әрбір әрпіне он сауап береді. Бұл ретте мына нәрсені есте ұстау керек. Әлиф, ләм, мим үшеуі — бір әріп, үшеуіне — он сауап жазылады деген сөз емес. Керісінше, әлиф — бір әріп, оған он сауап, ләм — бір әріп, бұған да он сауап, мим — бір әріп, оған да он сауап беріледі», — дейді.
Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) риуаят еткен осыған ұқсас тағы бір хадис-шарифте: «Алла кітабынан бір әріп оқығанға бір жақсылық бар, ол он есе жақсылық болып жазылады. (Яғни, бір әрпіне он сауап беріледі). Мен әлиф, ләм, мим — бір әріп демеймін. Әлиф — бір әріп, ләм — бір әріп, мим — бір әріп деп айтамын», — деген. Яғни әлиф, ләм, мимді оқыған кісіге отыз сауап жазылады. Сондықтан біз, мұсылмандар, Құран оқудың қасиетін жақсы түсіне білуге тиіспіз. Бір әріп үшін сонша сауап берілетін болса, Құран Кәрімді толық оқып шыққан кісіге қанша сауап жазылатынын ойлап көрейікші! Ендеше, келіңіздер, қасиетті кітапты оқып, мол сауапқа ие болайық.
ДАЙЫНДАҒАН МИРАС КЕСЕБАЕВ