20 жылдан бері көлік жөндейтін әйел
«Техниканың тілін меңгеріп, көлік жөндеу – тек ер-азаматтардың қолынан келетін іс» деп ойласаңыз, қателесесіз. Өйткені қыз-келіншектер де бұл істен қалыс қалмай келеді. Мысалы, Түркістан қаласының тұрғыны Айзада Мейірбанова жиырма жылдан бері көлік жөндеумен айналысады. Бүгінде сүйікті кәсібіне айналған. Жергілікті жүргізушілерге оның есімі жақсы таныс. Себебі темір тұлпарынан ақау шықса, Айзадаға келеді.
Кейіпкеріміз алғашында тігіншілікпен, саудамен айналысқанын айтады. Алайда бұл жұмыстардың қиюын келтіре алмапты. Сөйтіп, техникаға ебі болған соң көлік жөндеуді қолға алған.
20 жылдан бері көлік жөндейтін әйел«Мектепте жақсы оқыдым. Бітірген соң көп жас сияқты мен де университетте білім алуды армандаған едім. Бірақ оған жағдай болмады. Сосын тігіншіліктің оқуына түстім. Бірақ бұл жұмысты алып кете алмадым. Үйде атам, ағаларым, інім көлік жөндейтін. Солардың қасында жүріп қызығушылығым оянып, техниканың тілін үйреніп алдым. 2001 жылы «Вулканизация» ашылды. Алдымен сол жерде жұмыс істедім. Көлік жөндеуді 23 жасымда бастадым. Содан бері осы іспен айналысып келе жатырмын. Құдайға шүкір, еш өкінбеймін. Адам жұмысын бар ынтасымен істеуі керек. Ерінбей еңбек етсең, жемісін көресің. Қабілетің мен қызығушылығың болса, кез келген істі дөңгелетіп әкетуге болады», – дейді Айзада Мейірбанова.
Айзаданың көлік жөндейтін шағын шеберханасы босаған емес. Мұнда жергілікті жұрт қана емес, көлігін жөндетуге еліміздің әр өңірінен келетін жүргізушілер де бар. Тіпті, кейбірі алыс болса да, Алматы, Астанадан арнайы келеді. Шебер күніне орта есеппен 5-6 көлік жөндейтінін айтады.
20 жылдан бері көлік жөндейтін әйел
«Басында ағам екеуміз бірге жұмыс істейтінбіз. Қазір ол кісінің денсаулығы болмаған соң көбіне өзім атқарып жүрмін. Жеңіл көліктерді, «Жигули», Lexus, Opel, Hyundai, Kia, Тойота сияқты қазір шығып жатқан жаңа машиналарды жөндейміз. Осы уақытқа дейін тұрақты клиенттеріміз пайда болды. Еліміздің әр өңірінен келіп жатады. Жолшыбай көлігі бұзылып қалғанда келетіндер бар. Олар көбіне көлігі оталмай қалып, сүйреп әкеледі. Қолдан келген көмегімізді аянып қалмаймыз.
Жұмысты бүріккіш тазалаудан бастаған едік. Алғашында шеберханада жылы еден болмаған, суық еді. Қазір техника қарыштап дамып жатқан уақыт. Әр көліктің жеке бағдарламасы, компьютері бар. Әрқайсысына арналған компьютерді сатып алғанмын. Алдымен көлікті диагностикаға түсіріп, қай жерінде ақау бар екенін анықтаймыз», – дейді ол.
20 жылдан бері көлік жөндейтін әйел
Шеберханада көлік жөндеуге арналған құрал-саймандар ретімен қаз-қатар тізіліп тұр. «Бір кілтің дұрыс болмаса, жұмыс істей алмайсың», – дейді көлік жөндеуші. Сонымен қатар түрлі көлік бөлшегін де кездестіруге болады.
«Көлік бөлшектерін базардан, фирмадан түпнұсқасын аламыз. Оны әкеліп қойған себебім, жөндеп болған соң көлікке салып көрсететін болдым. «Айдап көріңіз, ұнаса алыңыз, ұнамаса басқа жақтан сатып аларсыз» деп айтамын», – дейді шебер.
Көлік жөндеуші көпшілікпен жұмыс істеу оңай емес екенін айтады. Өйткені көбі көлігі жүрмегеннен жүйкесі сыр беріп, көңіл күйі болмай келеді екен. Ал бұл кезде сабырлылық таныту маңызды.
«Анаған, мынаған бардым. Ақшамды босқа құрттым. Көлігім дұрыс жүрмей тұр» деп ашуланып келетіндер бар. Әрқайсысымен сөйлесіп, тілін тауып, қолдан келгенше көлігін жөндеп, жүргізіп беруге тырысамыз», – дейді көлік жөндеуші.
Айзада Мейірбанованың ендігі мақсаты – шеберханасын кеңейтіп, жанынан дөңгелек ауыстыратын орталық ашу.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, turkystan.kz