200-ден астам жаңа жұмыс орны құрылған
Батыс Қазақстанда «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсетіліп, нәтижесінде биыл 270 жұмыс орны құрылған.
Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз мәжілісінде мәлімдеді. – Мемлекет басшысының пандемия кезінде ұсынған бизнесті қолдау шаралары нәтижесінде, өңірдің 12 мыңнан астам кәсіпкері 6 млрд. теңгеге жуық қаражатты үнемдеуге мүмкіндік алды. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында осы жылы 270 жұмыс орны құрылып, 2875 жұмыс орны сақталды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 217 жоба 19 млрд. теңгеге қаржыландырылды, – деді Ғали Нәжімеденұлы.
Президенттің кезекті Жолдауындағы «Мемлекет шаруашылықты тәуір жүргізе алмайды деген қағида аксиомаға айналды» деген сөзін тілге тиек еткен өңір басшысы аймақта коммуналдық нысандарды сенімгерлік басқаруға беру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Мұндағы басты мақсат – облыс бюджеті шығындарын оңтайландыру және кәсіпкерлерге қолдау көрсету.
Биылғы жылдың өзінде облыста сенімгерлік басқаруға «Жастар» стадионы, Сервис және жаңа технологиялар колледжі, протездік-ортопедиялық шеберхананың апаттылық жағдайдағы ғимараты, «Ел ырысы» базары және қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау қызметі жекеге берілген.
Ләззат ҚАЖЫМОВА