200 грант!

Биыл Павлодар облысында алғаш  рет жергілікті бюджет есебінен жоғары оқу орындарына 200 грант бөлінді. Бұл – мемлекеттік оқу грантын ала алмай қалған түлектерге берілген тағы бір үлкен мүмкіндік. Облыс әкімінің қолдауымен тағайындалған аталған оқу гранттарына педагогика, техника және медицина салаларын таңдаған түлектер ие бола алады.

 Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының сөзінше, аталмыш гранттардың 65-і педагогикалық мамандықтарға, 35-і техникалық мамандықтарға және 100 грант медицина саласы бойынша білім алушыларға берілмек. Жергілікті бюджет қаражатынан бөлінген білім гранттарына арналған конкурқа қатысу өтінімдері 5-10 тамыз күндері қабылданады. Талапкерлердің өтініштерін қабылдау рәсімі Павлодардағы жоғары оқу орындарының қабылдау бөлімдерінде жүргізілуде. Аталған гранттар Павлодар қаласындағы үш жоғары оқу орны – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетіне және Инновациялық Еуразия университетіне беріліп отыр. Сонымен қатар, осы гранттарды жеңіп алған талапкерлер Қарағанды және Семей мемлекеттік медициналық университеттерінде оқуға мүмкіндік алады. Оқу үлгерімі жақсы студенттерге білім беру заңнамасына сәйкес шәкіртақы да тағайындалған.

-Конкурсқа қатысатын түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеуден немесе кешенді тестілеуден жинаған ұпайларын қараймыз. Мысалы, техникалық мамандықты таңдаған түлектерде кем дегенде 50 балл, жалпы медицина мамандығы бойынша кемінде 65 балл болу керек. Сонымен қатар, Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (оқыту тілі) секілді бейіндік пәннен әрқайсысынан кемінде 5 балл болуы тиіс, — дейді Дінислам Болатханұлы.

Педагогикалық мамандықтарға оқуға түсушілерден арнайы емтихан қабылдау 20 маусымда басталған. Конкурсқа қатысқан түлектердің жинаған балдары тең болған жағдайда олардың бұрынғы нәтижелері есепке алынады. Мысалы, «Алтын белгі» иегерлеріне және халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) жеңімпаздары атанған түлектерге бірінші мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, бірінші және екінші топ мүгедектеріне де жеңілдік бар. Мұндай балалардың конкурсы жеке жүргізіледі.

— Жоғарыда атап өткен жеңілдіктер туралы толығырақ айтар болсақ, жетім және  ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға гранттардың бір пайызы (2 грант) сол секілді бірінші және екінші топ мүгедектерге де бір пайызы (2 грант) берілмек. Жергілікті бюджет есебінен бөлінген гранттардың конкурс нәтижелері 15 тамыздан кейін белгілі болады. Жеңімпаздардың тізімі өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Бұл жерде мына бір жағдайларды ерекше атап өткім келеді: егер студенттің оқу үлгерімі төмен болса гранттан да, шәкіртақыдан да айыруға толық құқымыз бар. Мұндай жағдайда студент соған дейінгі шыққан шығынды облыстық бюджетке толығымен қайтаратын болады. Оның орнына ақылы бөлімде оқитын оқу үлгерімі мен тәртібі жақсы студенттер қабылданады. Сондай-ақ, оқуға қабылданар алдында жергілікті билік пен оқу орнының және оқуға түсетін талапкердің арасында үшжақты келісімшарт жасалады. Міне, осы келісімшарт негізінде оқуын тәмамдағаннан кейін осы өңірде кемінде үш жыл жұмыс істеуі тиіс, — деп ескертті білім басқармасының басшысы.

Тілеуберді САХАБА