«ОҢТҮСТІК ЦИРК» МЕКЕМЕСІНІҢ КІШКЕНТАЙ ӨНЕРПАЗЫ «ШАБЫТ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІНДЕ ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНҒА ИЕ БОЛДЫ
«Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалі өз мәресіне жетті. Астана қалалық мәдениет және мұрағаттар басқармасының ұйымдастыруымен өткен фестивалде «Оңтүстік Цирк» өнер ұйымының атынан қатысқан Айша Сайрамбай жүлделі 3 орынға ие болды. Ал, «Әуе шеңбері» номерімен гимнастикалық трюктерді ерекше көрсете білген Диана Миралиева Украина мемлекеттік цирк директорының арнайы сыйлығымен марапатталды. Аталған цирк мекемесінің кішкентай өнерпаздары шетелден келген әріптес аға-әпкелерін таңқалдырды.
Биылғы жылы байқау классикалық музыка, бейнелеу өнері, ұлттық музыка, цирк өнері, үздік әдеби шығарма және актерлық шеберлік номинациялары бойынша өтті. «Шабыт» фестивалі — өнер әлеміндегі дарынды жастар үшін үлкен сахнаға жол ашатын бірегей алаң. Халықаралық фестиваль биыл жиырмасыншы рет өткізіліп отыр. Онда қазақстандық қатысушылармен қатар Өзбекстан, Ресей, Башқұртстан, Латвия, Армения сияқты мемлекеттерден келген үміткерлер бақ сынады. Байқау шарттарына сәйкес 7 жастан бастап 29 жас аралығындағы өнерпаздар өзара сынға түсті.
Байқауда 8 жасар Айша Сайрамбай өзінің керемет күшіктерімен бірге «Пеппидің үйретілген күшіктері» деп аталатын номерін орындады. Айшаның батылдығына куә болған Ресей елінің халық әртісі Эдгард Запашный жануарлармен жұмыс жасау кішкентай өнерпаздардың қолынан келе бермейтін іс екенін айтып, жылы лебізін білдірді.
Айта өтейік, қазылар алқасының құрамында Қазақстан, Ресей мен Тәжікстаннан келген цирк өнерінің өкілдері болды.
Аталған фестивальдің «Цирк өнері» номинациясы бойынша Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Латвия елдерінен 40-тан аса талапкер қатысты. «Цирк өнері» номинациясы бойынша іріктеуден өткен 22 номер көрсетіліп, үздіктер жүлделі орынмен марапатталды.
Нұр Мекен