2017 жылғы білім реформасы: басты өзгерістер қандай?
Білім жүйесі – елімізде ең көп реформаланатын саланың бірі. Аслан Сәрінжіповтен кейін тізгінді қолға алған Ерлан Сағадиев бір жарым жыл уақыт ішінде біраз істің басын қайырды. Әне-міне есік қаққалы тұрған жаңа оқу жылы қарсаңында биылғы жасалған реформалар туралы біраз саралап көруді жөн санадық.
Қазақ тілі ҰБТ-дан алынып тасталды
Жақсыбек Құлекеевтің тұсында енгізілген Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл едәуір өзгеріске ұшырады. Алдымен қазақ тілінің ҰБТ-дан алынып, ұлттық тестілеу өзге пәндермен толықты. Яғни, биылғы мектеп бітіруші түлектер тесті 3 міндетті, 2 бейіндік пәннен тапсырды. 3 міндетті пән (математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (қорыта білу, салыстыра білу, т.б. «Қазақстан тарихы») бойынша 20 тапсырма және 2 бейінді пәннен («Математика» + «Физика», «Математика» + «География», «Биология» + «Химия», «Биология» + «География», «Шет тілі» + «Тарих», оқыту тілі (қазақ немесе орыс) және әдебиет + «Тарих», «География» + «Шет тілі», «Химия» + «Физика», «Тарих» + «Адам.Қоғам.Заң», шығармашылық емтихан) – 30 тапсырма. Тағы бір ерекшелігі 120 сұраққа жауап беріп, 140 балл жинап шығуға болады. Бұл ретте бейіндік пәндер бойынша сұрақтардың бірнеше жауабы қарастырылған.
Ал қазақ тілінің алынып тасталуына қатысты министрдің өзі пікір білдірді. «Бұрын ҰБТ-да қазақ тілінен нашар баға алсаң да, әрі қарай ілгерілей беретінсің. Өйткені қазақ тілінен ұпай есептелмейтін. Оқушылар салмақты түрде дайындалмайтын. Сондықтан түлектердің жүз пайызы қазақ тілін тапсыру үшін оны мектептерге ауыстырдық» деді ол. Ал мектептегі аттестация кезінде қазақ тілінде білім беретін мектептердің түлектері орыс тілінен, ал өзге тілде тәлім үйрететін оқу ордаларының түлектері қазақ тілінен емтихан тапсыруға міндеттелген.
Биылдан бастап сондай-ақ, ұлттық бірыңғай тестті бірнеше мәрте тапсыруға мүмкіндік бар. Алғашқы тестілеу сынынан өте алмаған талапкер тамыз айында тағы тапсырып, студент атана алады. Бірақ тек ақылы жүйедегі оқу орнына түседі және бір семестр ғана оқиды. Үшінші мүмкіндік наурыз айында қарастырылған. Талапкер-студент ерте көктемде тағы да тест тапсырып бағын сынауы тиіс. Межеден асыра балл жинай алса, онда білім грантын еш даусыз иеленбек. Ескі жүйе бойынша ұлттық тестілеуден өте алмаған талапкерлер не бір жыл бойы ауылда жүретін, не болмаса шетелдің оқу орындарына тапсырып көретін. Биыл осындай қиыншылықтың алдын алып отырмыз дейді министрлік.
Биыл енген тағы бір өзгеріс — колледжден кейін жоғары оқу орнына тапсырамын деушілер мектеп бағдарламасын қайта жаттап әуре болмайды. Оларға тек өз мамандығына қатысты пәндерден ғана сұрақтар қойылмақ. Министрлік осылайша жоғары білім алуға талпынғандарға біршама жеңілдік қарастырып берді.
Бағалау жүйесі өзгерді
Жыл басында министрлік шығарған тағы бір жаңалық — критериалды бағалау жүйесі. Министрлік бекіткен нұсқаулықтың жалпы ережесінде жаңартылған білім беру мазмұны аясында аталмыш тәртіптің қолданысқа кіргізілетіні айтылған. Бұл ереже бойынша оқушылардың білімі 3,4,5 сынды бағалармен бағаланбайды. Алдағы оқу жылынан бастап 2,5 және 7 сыныптар жаңартылған білім мазмұны бойынша білім ала бастайды. Осылайша оқушының білім деңгейі тоқсанның соңында ғана жиынтық балл бойынша анықталмақ. Бұл жаңа ереже бойынша білім деңгейіне қатысты оқушы екі рет бағаланады. Пәннің белгілі бір бөлімін тәмамдаған кезде мұғалім оқушыға бір баға қойса, екіншісін жалпы пәнді қаншалықты меңгеріп шыққанына байланысты тоқсанның соңында алады. Ал оқу маусымы аяқталатын кезде оқушы әдеттегідей сынақ тапсырып, өз білімін көрсетуі тиіс. Осылайша берілген бағалар жинақтала келе оқушының нақты деңгейі анықталады. Қазіргі таңда министрлік тарапынан түрлі білім көтеру оқуларында осы мәселе де ұстаздар қауымына түсіндіріліп жатқан жайы бар.
Электронды күнделік
Министрліктің тағы бір жаңалығы күнделікті алып тастау. Оның орнын жалпыға ортақ «Күнделік» жобасы басуы мүмкін. Бұл дегеніңіз — электронды жүйе: Ол бойынша ата-ана баласының қандай баға алып, не оқып жүргенін емін-еркін көре алады, мұғалім мен оқушының қарым-қатынасын бір жүйеге топтастырады. Бірақ бұл жобаның жүзеге асуына күмән көп. Күмән мамандардың сапасына қатысты емес, интернеттің қолжетімділігіне қатысты. Шалғайдағы ауылдарды есептемегенде, бертіндегі қала мен аудан орталықтарының өзінде интернет ойдағыдай қызмет етіп тұр деуге келмейді. Бар болғанның өзінде жылдамдығы төмен. Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев 2020 жылға таяу Қазақстан жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізе бастайды деген болатын. Демек, қағаз күнделік қолдану әлі де біраз уақыт жалғасады. Ал министрлік енгізгелі отырған «Күнделік» жобасы — оқушы мен ұстаз арасын жақындатып, уақытты ұтымды пайдалануды мақсат етеді. Яғни, онда кіру арқылы ата-ана баласының сабақ үлгерімін бақылай алады, мұғалім оқушысына тапсырма бере алады.
Төрт пән ағылшын тілінде оқытылады
Министрлік қолға алған етжеңді реформаның бірі — оқу бағдарламасын ағылшын тіліне көшіру. Мектеп табалдырығын алғаш аттағандар ағылшын тілімен сусындау керек деген министр, бұл тілде еркін сөйлеп дәріс беретін ұстаздардың жалақысы көбейетінін де айтты. Жоба бойынша, жаратылыстану бағытындағы химия, биология, информатика және физика пәндері ағылшын тілінде оқытылмақ. Осы төрт пәннен сабақ беретін мұғалімдер оқу жылы барысында тиісті деңгейде білімдерін жетілдіруі қажет. Қазіргі таңда еліміз бойынша 12 мың ұстаздың ағылшынша сауатын жетілдіру міндеті «Назарбаев Университеті», Назарбаев зияткерлік мектептері, «Ustaz professional development centre» оқу орталығы және «Өрлеу» базасының мойнына жүктелген.
Үш тілде оқыту жүйесі нақтылы түрде 2019 жылдан бастап тек 10-11 сыныптарға арнап енгізіледі. Ал оған дейін министрлік кадрларды дамыту мәселесімен айналыспақ.
Инварианттық бөліктегі пәндерді оқыту тілі мынадай: Қазақ тілінде оқытатын жаратылыстану-математикалық бағыттағы 10-11 сыныптарында 2019 жылдан бастап барлық пән қазақ тілінде, физика, химия, биология, информатика – ағылшын тілінде, дүние жүзі тарихы, орыс тілі мен әдебиеті – орыс тілінде жүргізіледі. Вариативтік компонентті оқыту тілі – мектептің өз еркінде болады. 2019 жылға дейін мектептер жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқыту тілі ретінде ағылшын тілін таңдауға құқылы.
Орыс тілінде оқытатын мектептердің жаратылыстану-математикалық бағыттағы 10-11 сыныптарында 2019 жылдан бастап барлық пән – орыс тілінде, тек қана физика, химия, биология, информатика – ағылшын тілінде, Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті – қазақ тілінде жүргізіледі. 2019 жылға дейін мектептер жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқыту тілі ретінде қазақ және ағылшын тілдерін таңдауға құқылы.
Ал 2019 жылға дейін жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға өз еркімен көшіп кеткен мектептер үшін министрлік қорытынды аттестаттауды пәндер бойынша қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде дайындайды. Мектеп бітіруші қорытынды аттестаттау кезінде тілді таңдауға құқылы болады. Мектеп бітіруші қазақ тілі және әдебиеті пәні бойынша міндетті емтихан тапсыруы тиіс.
Деректер базасы құрылды
Министрліктің биыл енгізген жаңалықтарының бірі — елеусіз қалған балалар тобын анықтау және оларға тиісті көмек көрсету. Қаңтар айынан бастап жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларды тәрбиелеуге ниет еткен азаматтар туралы мәлімет жинақтайтын арнаулы деректер базасы жұмысын бастап кетті. Қазірге дейін оған 28,4 мың бала мен оларды өз отбасыларына қабылдап, қамқорлық көрсетуге дайын 1400 адам тіркелген.
«Тегін ТжКБ» жобасының тиімділігі неде?
Қазіргі таңда елімізде техникалық және кәсіптік білім беретін 817 колледжде 490 мыңдай адам білім алып жатыр. «Тегін ТжКБ» (техникалық және кәсіптік білім) жобасы дайындалып, оның нормативтік және қаржылық базасы жасақталған. Ол жастар ғана емес, жұмыссыз азаматтарға да тиісті білімді тегін алуға мүмкіндік береді. Министрлік алдағы бес жыл ішінде 647 мың адамды мамандықпен қамтамасыз етеміз деп отыр. Бұл бағытта «Кәсіпқор» холдингімен шет елдің оқыту әдебиеті мен оқыту-әдістемелік құралының 100 бірлігін аударып, көбейту бойынша жұмыстар жүргізілген. 65 үлгілік оқу жоспар мен бағдарламасы жаңартылып, 8 білім беру бағдарламасы әзірленген.
Дереккөз:baq.kz.