Қытай нарығындағы «ет соғысы» Қазақстанға не береді?

Жуырда АҚШ пен Қытай арасында сауда-саттық төңірегіндегі бірлесіп атқаратын жобалар бекітілді. Оның ішінде АҚШ-тан Қытайға сиыр етін экспорттау туралы келісім күллі дүниенің назарын аударды. Жалпы құны 400 миллиард юаньға (яғни 58 миллиард АҚШ доллары) жуықтайтын «майлы келісім» естігеннің бәрін таңғалдырып жатыр. Қытай қазына министрінің орынбасары Жоу гуаң қуй биылғы жылдың 16 шілдесіне дейін АҚШ-тан тасымалданатын еттің алды Қытай нарығына кіре бастайтындығын жария етті.

Шығыстағы алып елдің нарығында күн санап етке сұраныс артуда. Елдің мал шаруашылығымен айналысатын аймақтарындағы мал бағасы да соңғы жылдары төмендеп кетті. Бұл елдегі өндірілетін еттің сапасы тұтынушылар талабымен сәйкеспейтіндігінен болса керек. Себебі Қытайда мал аурулары жиі-жиі өршіп тұрады. Сондықтан да шетелдерден әкелінетін арзан да сапалы ет сұранысты қанағаттандырады. Деректерге қарағанда, 2003 жылға дейін шетелден келетін сиыр етінің ішінде АҚШ басты ойыншы саналып келген екен. Алайда Қытай тарапынан бір рет жүргізілген тексеру барысында АҚШтан енгізіліп жатқан еттің құрамынан құтырма вирусы анықталады. Осыдан соң елге мұхит асып келіп жатқан еттің жолы кесіледі. Кейін оның орнын Австралия мен Шриланка басты. Бұлардың қатарына соңғы бірнеше жылда Бразилия мен Уругвай қосылды.

Ет саудасының үзілгеніне 14 жыл болған қос алпауыттың арасындағы байланыстың қайта жанданғаны АҚШ фермерлерін қуанышқа бөлеп, Қытайға сиыр етін жеткізіп отырған Австралияны қатты тіксіндірсе, ел шаруалары да мал бағасының төмендеп кетуіне алаңдайды. Ал Қытай сарапшылары ел экономикасына тиімді тұстарына көбірек көңіл бөліп отыр. Олардың ойынша, баға халыққа қолжетімді болады әрі контрабандалық жолмен кіргізілетін еттің жолын кеседі. Халықаралық MIG корпорациясының жүргізген сараптамасы бойынша, 2014 жылы Қытай нарығына шетелден заңды жолмен 300 мың тонна ет кірсе, контрабандалық жолмен 970 мың тона ет әкелінген екен. Бұл жалпы есеппен салыстырғанда импорттың 76%-ын ұстаған. Ал осы жылы Қытайдың өзінде өндірілген ет өнімі 6 миллион 730 мың тоннаны құраған. Бейжің базарында контрабандалық жолмен кірген сиыр етінің бір келісі 40 юань болса, заңды жолмен кірген еттің бағасы 60 юаньның төңірегінде саудаланған. Қытайдың Мемлекеттік статистика мекемесінің елдің 50 қаласында жүргізілген зерттеуінше, биылғы мамыр айында сиыр еті орта есеппен 66 юаньнан сатылған. Халық саны 1,5 миллиардқа жуықтайтын Қытайдың ет нарығында шетелден келетін өнімдердің де үлес салмағы зор. Өткен жылдың өзінде Қытай шетелдерден 8 миллион тоннадан астам сиыр етін сатып алыпты. Сондықтан ет экспорттаумен айналысатын елдер үшін Қытай маңызды нысана. Дүниені елеңдеткен кезектегі келісімнің жәйжапсары қысқаша осылай. Ал Австралия мемлекеттік телеарнасы ABC сарапшылары елдегі фермерлерге шабыт беретін сараптамаларын жариялап жатқан көрінеді. Олардың уәжіне қарағанда «АҚШ-та өндірілген еттің құрамында гормонның шамадан тыс көп болуы Қытай тұтынушыларын «үркітіп алады»… Мұнымен қатар «АҚШ-тың арзан етінің сапасы «Қытай өлшеміне» жауап бере алмайтын көрінеді». 14 жылдан бері Қытай нарығында табысты жұмыс істеп келген австралиялықтардың Қытайға тасымалдап жатқан еті «әл-деқашан брендке» айналып кеткен. Мұнымен қоса 2016 жылғы қуаңшылық-тан кейін экспортта төмендеп кеткен орындарын қайта қалпына келтіруге мол мүмкіндіктері бар.

«Қытай нарығындағы «ет қақтығысында» Австралия бәрібір жеңіп шығады…»

Австралия сарапшыларының бұл тұжырымдарының кейбіреуімен келісуге де болатын сияқты. Себебі 2016 жылғы алапат қуаңшылық кезінде ел үкіметі ірі қараның басын кеміту туралы шешім қабылдап, экспорт көлемі де азайған. Осы орайлы сәтті ұтымды пайдаланған Бразилия мен Урагвай Қытай нарығын жаулап алған. Ал қазір Австралияның Қытайдың етке сұранысын қамтамасыз етуге қайта мүмкіндік туатын секілді. Себебі биылғы жылдың басында Бразилия ішкі істер органдары ішкі-сыртқы нарықтағы сиыр етіне сапасыз еттің молынан араластырылып жатқанын анықтаған соң, Қытай үкіметі Бразилиядан ет импорттауды уақытша тоқтатып тастады. Тұтынушылар да Бразилияның етіне аса қызықпайтын болып бара жатыр. Жағдайдың енді қалай боларын ешкім болжай алмас, бірақ бір анығы Дүниежүзілік сауда ұйымының заңды мүшелігіне өткеніне ұзақ бола қоймаған Қытай нарығы біраз елдерге «жаңа құрлық» болатын түрі бар.

Соңғы бірнеше жылда іргеде тұрған алып базарды қазақтың өнімдері де аралай бастады. Әзірге ешкімнен нан сұрап көрмеген Қытай Қазақстанның астығы мен өсімдік майына «құда түскеніне» де екінші жылға айналып барады. Сондайақ, екі ел арасында ет саудасы жайлы келісім жасалып, Шығыс Қазақстан аумағында Қытайға ет экспорттауға бағытталған комбинат құрылысы басталып та кетті. 2016 жылдың наурыз айында Астанада
өткен «KazMeat Astana халықаралық форумында» Қазақстан ет өндірушілер одағының төрағасы Мақсұт Бақытбаев мырза 2017 жылы Қытайға 50 мың тоннаға жуық ірі қара еті экспортталатындығын мәлімдеген еді. Бұл жас мемлекетіміз үшін бір бәсекеге түсер орай болайын деп тұр. Қазіргі күні Қытайда сиыр етінің бөлшек саудада 1 келісінің бағасы 60 юань төңірегінде (яғни 2700 теңге шамасында). Ал Қазақстанның ішкі нарығында ет бағасы 1500 теңгенің төңірегінде. Осыданақ Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерінің Қытай нарығында өз орнын иеленуінен үміттенуге болатындай. Бұған халықаралық ветеринарлық мекеменің «Қазақстан аусылдан таза аймақ» мәртебесін бергендігін қосыңыз. Ал Қытай елі 1995 жылдан бері қой, сиыр түліктері арасында белең алған аусыл індетімен әлі күресіп келе жатыр. Медицина мамандары жылдар бойы аусылға қарсы вакцина салынған етті тұтынған адамдардың денесінен түрлі ауру белгілерін табуда. Қазір ел ішінде экологиялық таза азық-түлікке деген сұраныс аса жоғары. Осындай себептер мен географиялық жақсы мүмкіндіктерді ескергенде, жоғарыда аталған алпауыттармен белдесе алмаса да, Қазақстан өнімдері де шығыстағы алып базарда өз орнын табарына сенім мол.

Ерқазы Сейтқали