Сальмонеллезден сақ болайық!

Жаз мезгілінде өзекті мәселелердің бірі — ішек жұқпаларының (оның ішінде сальмонеллез жұқпасы) алдын алу. Өйткені жазғы мезгілде жеке бас гигиенасын сақтау қағидалары көбіне сақталмай, тағамдардың тез бұзылуы немесе дұрыс сақталмауы жиі орын алады. Бүгінгі күні Алматы қаласы бойынша сальмонеллез жұқпасы 36,4 пайызға төмендегенімен, күнделікті жұқпалы аурулар ауруханасына науқастардың шағымдарымен қаралуы да үзілер емес.

Көп жағдайда адамдар бұл дертті құрамында көп мөлшерде сальмонелл бар азық-түліктерді пайдаланғанда жұқтырып алады. Әдетте мұндай жағдай таза емес азық-түліктер (негізінен фарш және фарштан жасалған тағамдар мен еттен жасалған салаттар, пісірілген шұжықтар т.б.) сальмонеллездің көбеюі мен көптеп жиналуына қолайлы жағдайда ұсталғанда, ең бастысы: аталған азық-түліктер (мысалы, жұмыртқа, ет тағамдары т.б.) жеткілікті мөлшерде қайнатылмаған кезде жиі орын алады.

Қазіргі уақытта сальмонеллез әлемнің дамыған елдеріндегі ең көп тараған дерттің бірі. Сальмонеллез жұқпасымен ауыратындар саны жыл сайын өсіп келеді. Әсіресе ол орнықтырылған азық-түлік жүйесіне тәуелді ірі қараларда жиі таралады. Сонымен қатар, әртүрлі жан-жануарлар, мүйізді ірі қаралар мен ұсақ малдар, шошқалар мен тауықтар, үйректер мен қаздар, көгершіндер, сондай-ақ, сальмонеллездің бактериясын тасымалдаушылар мен осы дертпен науқастанғандар (көбінде дертке шалдыққан балалар мен жас босанған аналар, емдеу мекемелерінің қызметкерлері) ауруды жұқтыру көздеріне жатады.

Бұл жұқпаның ерекшелігі, оның қоздырғышы қоршаған ортада ұзақ уақыт бойы: суда 120 күнге дейін, ет пен шұжықтарда 2-4 ай бойы, ірімшікте 1 жылға, жер қыртысында 18 айға дейін сақталады. Кейбір азықтүліктерде (жұмыртқа, сүт, ет тағамдары) олар сақталып қана қоймай, тамақтың дәмі мен түрін бұзбастан көбейеді. Оларға тұздау мен кептіру өте әлсіз әсер етеді. Инкубациялық кезең 6 сағаттан 7 тәулікке дейін созылады. Аурудың диагнозын клиникалық көрініс, зертханалық зертпе нәтижесі бойынша және эпидемиологиялық анамнез (сальмонеллезді жұқтыруға себеп болуы мүмкін тағамның болуы) деректері бойынша қояды. Ең бір айта кететін жайт, науқастанған адам дер кезінде арнайы, дұрыс, сапалы ем алмаған жағдайда, ауру көзінің созылмалы дертіне, асқынуына, сонымен қатар дені сау жұқпа көзінің тасымалдаушылығына шалдығуы мүмкін.

Аталған аурудан сақтану үшін, құстардың етінен тағам дайындау кезінде, оларды қайнату ережелерін мұқият сақтаған дұрыс. Құстар мен жан-жануарлардың мүшелерін бөлгеннен кейін ыдыс-аяқты, бөлетін тақтайшаны, үстелдің үстін сабындап жуу керек. Құс пен мал еттерін пайдаланарда әбден жақсылап қуыру қажет. Ал жұмыртқаны шикілей пайдалануға болмайтындығын ұмытпау қажет. Алдымен мұқият тазалап жуып, ең кем дегенде 7-10 мин қайнатып барып пайдаланған жөн.

К.Н.Хусайнова,

Алматы қаласы Бостандық аудандық

Қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы