Рамазанның соңғы 10 күнін қалай өткізген жөн?
Рамазан айындағы соңғы он күн мұсылман қалағаны үшін емес, Алла ардақты еткені үшін ерекше. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазанның соңғы он күнінде құлшылықты көп ететін. Хазреті Айша (оған Алла разы болсын) былай деген: «Хазреті Пайғамбар Рамазанның соңғы он күні кіргенде түнді толығымен ғибадатқа арнайтын. Отбасы мүшелерін оятып, әйелдерден бөлек тұратын» [1]. Тирмизи жеткізген тағы бір хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әдетте Рамазанның соңғы он күнін мешітте құлшылық жасаумен оңаша өткізетін. Бір жылы ол олай жасай алмай қалып, келесі жылы мешітте жиырма күнін құлшылық жасап оңаша өткізген» [2] делінген. Бұл он күн – өзіңе есеп беретін, болашағыңа жоспар құратын мүмкіндік. Өткен-кеткен қателіктер көз алдыңнан өткенде Алладан кешірім тілейсің, жоспарыңды Аллаға айтып, көмек сұрайсың. Былтырғы Рамазан мен биылғы Рамазанның қандай айырмашылығы болды? Алламен қарым-қатынаста, адамдармен қарым-қатынаста, мінез-құлықта қандай жетістіктерге жеттіңіз? Өзіңізге сауал қоятын уақыт келді!
Сонымен, Рамазанның соңғы он күні барлық дұға-тілектер қабыл болатын уақыт болғандықтан мына амалдарды жасаған жөн:
– Ізгі амалдар жасауға ниет ету;
– Құран кәрімді толық оқып шығу;
– уақыттың көп бөлігін құлшылықпен өткізу;
– мейлінше көп жақсылық жасау, садақаны көбейту;
– күнделікті ізгі амалдардың санын арттыру.
Бұл істеріміз арқылы Жаратушымызға одан сайын жақындай түсеміз.
Ізгі амалдар жасауға ұмтылыңыз
Тура жол әрі жүректерге шипа болған Құран түскен Рамазанның соңғы 10 күнінде Пайғамбарымыздың өзі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аса ыждағаттылықпен құлшылық қылған. Соңғы он күндіктеол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзін түгелімен Аллаға құлшылық етуге арнайтын. Әрине, Алла Елшісінің ғибадаты қай кезде де ерекше, ынта мен ықыласқа толы еді. Әйтсе де Рамазан айындағы ғибадаттың аса маңыздылығы үшін, әсіресе соңғы он күндіктің аса қадірлі болуы себепті, Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің үмметіне үлгі болды. Айшадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаға қайтқанға дейін Рамазанның соңғы ондығында иғтикафта (оңашалануда) отыратын, сосын оның әйелдері Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), дүние салғаннан кейін иғтикафқа отыратын болды», [3] – делінеді. Яғни, бірінші қадам – он күнді әлемдердің Раббысына арнауға ниет ету.
Пайғамбардың (с.ғ.с) өмірбаянын қайталаңыз
Рамазанның соңғы он күнінде сіз жасау керек тағы бір ізгі амалдың бірі – Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянын қайталаңыз. Оның Алла жолында көрген қиындықтары мен біздің бақытты өміріміз үшін жасаған ерліктері, құрбандықтары, сахабалардың құлшылықтары сізді өз құлшылығыңызда өсуге итермелейді. Исламның құндылығын онан сайын түсіне бастайсыз. Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) махаббатыңыз, құрметіңіз арта түседі. Құранға деген құлшынысыңызды оятып, кейбір аяттарды тереңірек түсінетін боласыз. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазанның соңғы бөлігінің түнін құлшылықпен өткізуінің тағы бір себебі: тақ түндерінде Қадір түнініз деу еді. Себебі: «Қадір түнін шын иман келтірген әрі сауаптан үміттенген халде өткізген пенденің бұрын істелген күнәлары кешіріледі» [4].
Құранмен дос болыңыз
Алла Тағала бұйырады: «Рамазан айы – адамдарға жол көрсетуші, һидаятты түсіндіруші және (хақ пен жалғанды) ажыратушы етіп Құран түсірілген ай. Олай болса, Рамазан айын көргендер оразаларын өтесін…» [5]. Хафиз Ибн Ражаб: «Рамазан айында түнгі намаздарды оқығанда, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Құранды ырғақтап оқитын және мейірім туралы аят оқыса, оны тілейтін, азап туралы аят оқыса, одан Аллаға сиынып, пана сұрайтын. Осылайша ол намаз бен Құранды, дұға мен зікірді бірге жинаған! Бұл Рамазан айының соңғы он түнінде және басқа түндері жасалатын ең жақсы әрі ең кемел іс болып табылады», [6] ‒ дейді. Құран мен Сүннетте келетін дұғаларды жинақтаңыз. Хафиз Ибн Ражаб: «Суфьян әс-Саури: «Қадір түні дұға ету мен үшін намаз оқудан да сүйіктірек», ‒ дейтін. Суфьянның айтпақшы болғаны: «Көп дұға ету ‒ дұғасы жиі айтылмайтын намаздан артық» деген екен. Айша анамыздың (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алла Елшісі, егер мен Қадір түнінің басталғаны туралы білсем, не айтуым керек?» ‒ деп сұрағаны риуаят етіледі. Бұған Пайғамбарымыз (оған Алланы ңигілігі мен сәлемі болсын): «Ия, Алла, расында, Сен – Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр! /АллаһуммәиннәкәЪафуун, тухиббуль-ъафуафаъфу-ъанни/» ‒ депайт», ‒ деп жауап берген [7]. Құранды аяқтасаңыз дұға жасаңыз! Соңғы 10 күнде Құран оқуды аяқтайсыз. Тіпті, күн сайын мешітке барып жүрген болсаңыз, тарауық намазында имамдардың да Құранды толықтай оқып шыққандығын байқайсыз. Ал адам Құранды оқып болғаннан кейін дұға жасаса, қабыл болады. Отбасы мүшелерімен, жақын адамдарыңызбен бірге дұға жасауға тырысыңыз. «Рамазанда төрт істі көбейтіңдер»
«Рамазанда төрт істі көбейтіңдер.
Оның екеуімен Раббыларыңды разы етсеңдер, екеуі сендерге міндетті. Раббыларыңды разы ететін екі іс: «Хақ Тағаладан өзге тәңір жоқ», – деп куәлік ету және көп истиғфар айту, яғни, күнәсі үшін Хақ Тағаладан кешірім сұрау. Істелуі міндетті болған екі амал: Хақ Тағаладан Жәннатқа кіргізуін сұрап, тозақтан пана тілеу. Ораза ұстағанға су бергенді Хақ Тағала Қиямет күні менің хауызымнан сусындатады. Кейін ол жәннатқа кіруге дейін шөлдемейді», – деді» [8]. Осы жерде бұл хадисті келтірудегі мақсат: назарыңызды Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазанда төрт істі көбейтіңдер. Оның екеуімен Раббыларыңды разы етсеңдер, екеуі сендерге міндетті. Раббыларыңды разы ететін екі іс: «Хақ Тағаладан өзге тәңір жоқ»,- деп куәлік ету және көп истиғфар айту. Істелуі міндетті болған екі амал: Хақ Тағаладан Жәннатқа кіргізуін сұрап, тозақтан пана тілеу», – деген сөзіне аудару.
Иғтикаф жасауға ұмтылыңыз
«Иғтикаф» – бір жерде тұру, күту және өзін сол жерге қамау деген сөз. Фиқһ терминінде – мешітте иғтикаф ниетімен белгілі бір уақыт тұруды білдіреді. Айша, ибн Омар, Әнестің риуаяттарында былай дейді: «Алла Елшісі Мәдинаға келгеннен кейін көз жұмғанға дейін Рамазанның ақырғы он күнін иғтикафпен өткізетін». Иғтикафтың мақсаты – адамның оңаша қалып шынайы ықыласпен Аллаға бет бұруы, оған жақындауға тырысуы. Мұның ең аз мерзімі – бір күн. Иғтикаф мешітте болуы керек. Жамағатпен намаз оқылатын мешітте болады. Абдуллаһ ибн Масғуд былай дейді «Иғтикаф – жамағатпен намаз оқылатын жерде ғана жасалады». ӘйелдерболСА өз үйлерінің бір бөлмесін мешітетіп, сол жерде жасай алады. Дегенмен, оларға мешіттеде жасауына болады. Иғтикафтың дәлелі мына Құран аяты: «Сендер мешітте иғтикафта отырған кездеріңде (түн уақытында да) әйелдеріңе жақындамаңдар!» [9]. Иғтикаф тек жамағатпен намаз оқитын жерлерде жасалатын құлышылық түрі. Әйелдер өз үйлерінде намаз оқуға арналған бөлмелерінде иғтикафқа кіре алады.
Қадір түнін құлшылықпен қарсы алыңыз
Уақыт – адамның ең баға жетпес байлығы. Оның кейбір мезгілдері Алланың мейірімі, кешірімі және кеңшілігі кемерінен толып таситын маусым саналады. Сол маусымдардың ең берекелісі, әрине қасиетті Рамазан айы екендігінде ешкімнің дауы болмас. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл айдың құндылығы мен берекетін ескере отырып, Шағбан айының соңғы күндерінде былай деген екен: «Ей, мұсылмандар! Ұлы әрі мүбәрак айдың көлеңкесі төбелеріңе жақындап келді. Ол – ішінде «мыңайдан да қайырлы Қадір түні» бар ай». Қадыр түнінің ұлылығы мен маңыздылығы, қадірі мен қасиеті жеке бір сүре ретінде арналуы арқылы және Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сансыз көп хадистері арқылы сүйіншіленген. Ұлы Раббымыз бұл түннің қасиеті туралы былай дейді: «Расында, Біз оны (Құранды) Қадыр түнінде түсірдік. Алайда, Қадір түні не екендігін саған білу қайда? Қадыр түні мың айдан да қайырлы! Ол түнде Раббысының әмірімен періштелер және Рух жер бетіне түсіп жатады. Ол түн – барлық істе есендік түні, ол таң қылаң бергенше жалғасады» [10]. Қадір түні – Құранның жер бетіне түсіріле бастауымен нұрланған кеш. Періштелердің келуі мен нұрланған кеш. Раббымыздың есендігі таратылған кеш. Раббысына жүзін бұрғандарға иләһи мейірім нөсерлетіп жауған кеш. Қадыр түнінің осы ерекшелігінің себебінен Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оны Рамазан түндері арасынан арнайы іздеген және үмбетіне де іздеуді бұйырған. Қадір түнінің кешіне аман-есен жетіп, құлшылығы мен ықыласы сол түнге сай келген адамның бағы бес елі. Себебі, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Қадір түнін Аллаға иман келтірген және сауабынан үміт еткен күйде намаз оқып өткізсе, оның алдынғы күнәлары кешіріледі», [11] ‒ деген. Яғни, күнәлардың кешірілетін айында және күнәлардың кешірілу нығметіне толы қасиетті түнде көбірек дұға жасауға, құлшылығымызды арттыруға тырысуымыз керек. Күнә жасау да емес, Аллаға көбірек құлшылық жасауда, адамдарға жақсылық жасауда жарысуымыз керек. Міне, бұл Рамазанның соңғы он күнінде мұсылманға қажет кейбір тұстар ғана. Бастысы, ұмтылыңыз, Алла Тағала ықыласты болған амалдың сыйын міндетті түрде береді. Алла баршаңызға сүйген құлдарының қатарынан болуға жазсын!
[1] Муслим, Тирмизи
[2] Тирмизи
[3] Бұхари
[4] Бухари, Муслим
[5] «Бақара» сүресі, 185-аят
[6] «Ләтаифул-мә’ариф» 204
[7] әт-Тирмизи, Ибн Мәжаһ, әл-Хаким
[8]Имам Ибн Хузайма риуаят еткен
[9] «Бақара» 2/187
[10] «Қадір» сүресі
[11] Бұхари 38, Муслим 760
Материал ummet.kz порталынан алынды