«Шашылып қалған» Прокуратураны зор реформа күтіп тұр

Біздің қоғамда өз мінін көрмейтіндер көп. Тіптен біреу орынды сынаса да асау аттай тулап, сынаушыны ата жауындай көреді. Ал өз мінін, өз мекемесінің кемшіліктерін айтқан азаматты естідіңіздер ме? Жақында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында еліміздің бас прокуроры Жақып Асанов бауырымыз айды аспанға бір-ақ шығарып,
өзі басқарып отырған прокуратураның кемшіліктерін жіпке тізіп, соларды жөндеуге бар күш-жігерін салып жатқанын мәлім етті. Бәрекелді! Жалпы, Жақып Асанов осы қызметке келген күннен бастап-ақ жаңашылдығымен, батыл ойларымен жарқ етіп көрінген азамат. Мінеки, ол тағы да жаңа қырымен көрініп отыр.

Бұл, біздіңше, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» идеясын тікелей өмірге асырудың тамаша үлгісі. Базбіреулер бұл мақтауға елеңдеп «сонда ол не бітіріп қойыпты?» деп сенбестік танытуы мүмкін. Нақты дәлелдерді Жақып мырзаның сөзінен ойып алып берсек, олар да біздің ойымызды құптайтынын біліп отырмыз. Сонымен, прокурордың ойларына үңілелік:

«Біздің заңдарымызда прокуратураның нақты құзіреті айқындалмаған. Керек болса, нақты, неге жауап беретіндігіміз де анықталмаған. Нақты ауқым, не шектеу жоқ. Кімді тексереміз десек те өз еркіміз. Шынын айтсақ, шашылып кеттік. Араласпайтын іс, мұрын тықпайтын жер қалмады. СЭС-те боламыз. Біз райономыз. Райсобес те өзіміз. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» дейді ғой. Біз де барлығына үлгереміз деп, сондай бір пысық келін болғымыз келеді. Соның кесірінен халқымыздың жанына батып, халықтың көңілінде жүрген мәселелерден біз шетте қалдық. Неге? Өйткені уақытымыз жоқ. Бизнесті, мемлекеттік органдардан аспаймыз. Есесіне қылмыстық процесс жайына қалды. Кез келген жыртыққа жамау боламыз деп жүріп, негізгі міндетімізді ұсақ-түйекке жұмсаудамыз. Прокуратура заңның орындалуын қадағалайды. Алайда қазіргі прокурорлар қолымен тексеруден өзге ештеңе келмейтін органға айналып отыр. Мұндай ешбір елде жоқ».

Мінеки, бұдан артық қандай шындық керек? Құрылғанына 25 жыл болған біздің прокуратура осы күнге дейін немен айналысып келгенін ол қолмен қойғандай айтып беріп отыр. Оның есептеуінше, шамамен прокурорлар бар болғаны 15 пайыз көлемінде ғана қылмыстық үдеріспен айналысып келген. Қалған істері ұсақ-түйек. Нағыз көкжалдар отарды түгімен жұтады емес пе? Ал олар түлкінің ісімен айналысып, тауық, қоян аулап кеткен. Қысқасын айтқанда, ұлы істермен айналысатын айбарлы заң мекемесі өз бастарын күйттеп, ұсақ-түйек мекемелерді (мейрамхана, балабақша, мектеп т.б) жағалап, қалталарын қампайтумен айналысып келгенін жасырмай айтты бас прокурор. Осы айқын дәлелдемелерден кейін жемқорлықтың құтырып кеткеніне прокурорлар да кінәлі екенін бағамдайсың. Енді не істеу керек? Жақып Асанов мырза мұның да жауабын берді.

«Прокуратураның стратегиясы, миссиясы қандай болуы керек? Осы сұраққа жауап таппай, осыны анықтамай, жалпы прокуратура не үшін керек екенін айту қиын. Біз жай орган емеспіз ғой, конституциялық статусымыз бар. Осындай құрылымда нақты стратегия болмаса, белгілі мақсат, миссия болмаса, одан не күтуге болады? Осы кемшіліктерді жою үшін прокуратура саласына реформа жасау керек. Алдағы уақытта прокуратура органдары бизнес пен мемлекеттік органдарды тексермейді. Олар негізгі күшті қылмыстық процеске жұмсайтын болады. Жемқорлыққа жол ашатын бизнесті тексеруді қояды прокурорлар. Олардың мұндай құқығы болмайды».

Парламент Мәжілісіне келіп, өзінің есебін берер алдында прокуратураны алдағы уақытта зор реформа күтіп тұрғанын бас прокурор айтқанда депутаттар елеңдеп қалса да, сенбестік рай танытқан. Алайда бас прокурор өзінің сөзін нақты бұлтартпас дәлелдермен тұздықтап, депутаттарды ғана емес, журналистер қауымын, қалың елді риза етті. Иә, рухани жаңғыру заң орындарынан осылай басталып жатса, еліміздің, болашағымыздың қисайған көшінің көп ұзамай түзеліп кететіні айдан анық. Әйтпесе халқымыздың байлығын жегі құрттай жеп жатқан жемқорлармен күресуге тиісті заң орындарының өздері де сол «ауруға» шалдыққанын айтып та, жазып та жүрміз. Мұның емі қандай? Бас прокурор жаңа заң жобасы арқылы прокуратураның бұрын-соңды таптаурын болған жолын мүлдем жаңартып, оны енді жаңа, тың, серпінді ойжоспарларымен байытпақшы. Бұрынғы жол жемқорлықпен астасып жатыр. Заң да ескірген. Яғни осы тұрғыда заңды да өзгерту қажет. Тек жаңа заң жобасы еліміздің бас прокурорының айтқанындай болып шықса игі. Прокуратураның бұл серпілісі сот жүйесіндегілерге де ой салса, қанеки. Себебі бұл жүйеде де әділетсіздіктер молынан кетіп жатады. Халық сотқа сенбейді. Бәлкім, ол салаға да реформа қажет болар. Жақында Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмиді Президентіміз қабылдап, біраз тапсырмалар берді, кемшіліктерін де жасырмады.

«Азаматтар сотқа сенім артып, көмек алу үшін жүгінгенде шешім әділ болып, олардың құқықтары нақты қорғалғанда ғана заңның толық үстемдігі қамтамасыз етіледі. Қазір олай деуге әлі ерте. Сот процесінде жарыспалық жоқ, авдокатураның дамуы әлсіз. Сот жүйесін жетілдіру жөніндегі барлық шаралар кешенді түрде атқарылуға тиіс. Жергілікті полиция жұмысына сын айтылуда. Бизнеске және салыққа тексерулер азаймай отыр. Осы саладағы жұмысты жөнге келтіру керек».

Көрдіңіз бе, Елбасымыздың бұл сөзінде зор мән жатыр. Тек осы ескертулерден нәтиже болып жатса, нұр үстіне нұр. Жемқорлық пен парақорлық еліміздің барлық салаларында бар. Оны біз күнделікті өмірімізде ұсталып жатқандардан көріп, біліп отырмыз. Көріп, біліп отырып, оны тоқтатуға дәрменсізбіз. Тіптен, бұған жоғарыда айтқан ауыздарын айға білеген, бес қаруы бойында самсап тұрған заң орындары да ештеңе жасай алмай отыр. Серпіліс керек. Рухани жаңғыруымыз қажет. Шашылғанымызды жинайтын уақыт жетті емес пе? Ең бастысы жүректерімізде иманды күшейтіп, күндердің күнінде бәріміздің баратын жеріміз — ақыретті ойласақ қой, шіркін!

 

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ,

ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған