21 инвестициялық жоба іске асырылады
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында ағымдағы жылдың 4 айындағы инвестиция тарту жұмыстарының қорытындысы қаралды.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының ақпараты бойынша 4 айда 89,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 7,4 пайызды құраған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 572 миллиард теңгеге дейін инвестиция тарту жоспарлануда.
Биыл өңірде 491 жұмыс орнын ашуды көздейтін жалпы көлемі 85,4 миллиард теңгені құрайтын 21 инвестициялық жоба іске асады деп күтілуде. Ал, 2025 жылға дейін 1 триллион 900 миллиард теңгеге 60 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Бұл бойынша 4 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.
Басқосу барысында бірқатар аудан әкімдері мен облыстық басқармалардың басшылары атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, шетелдік инвесторлардың қатысуымен жобаларды іске асыру кезінде кездесіп отырған өзекті мәселелерге тоқталды. Облыс әкімі мәселелерді шешу бойынша жан-жақты шаралар қабылдауды тапсырды.
– Мемлекет басшысы инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Облыс орталығы мен аудандардың қолда бар әлеуетін тиімді пайдалана отырып, қосымша инвестициялар тарту ісін ұтымды ұйымдастырып, туындайтын барлық мәселелерді уақтылы шешу қажет. Бұл облыс әкімдігінің басқармаларына да қатысты. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы орын алған олқылықтарды түзету бойынша жұмыс істеңіздер, – деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.
Жамбыл облысы әкімдігі