Құрылтайда Қытай қазақтарының соңғы уақыттағы жағдайы сөз болды

Тәуелсіздік сарайында өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Мюнхен қаласынан келген қандасымыз Өмірхан Алтын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытайдағы қазақтардың құқығы аяққа тапталып жатқанын ашына жеткізді.

«Қаны қазақ деп қайнаған сізге бір мәселені айтқым келіп отыр. Қадірлі ағайын, осында отырған және сырттан келген ағайындардың көбісі өзінің байырғы атамекенінде, ата қонысында өмір сүріп жатыр. Алтайда, Үрімшіде, Құлжада, жалпы Қытай елінің аумағында өмір сүріп жатқан ағайындарымыз соңғы уақытта аса қиын жағдайды басынан кешіруде. Қытай үкіметі өзінің негізгі заңына әрі халықаралық заңдарға қайшы ағайындарымыздың құқығын таптауда. Олар қиын қыстау кезеңді бастан өткізіп жатыр. Ондағы ағайындарымыз шырылдап жатыр», — деді ол.

Осы орайда шетелдегі қандасымыз Қазақ елінің осы мәселеге назар аударуын өтінді.

«Менің айтарым, осындай киелі жиында ар жақта шырылдап жатқан ағайындарды еске алып қойсақ. Сіздерге айтарым осы еді. Қытай елінен біз көп нәрсе сұрамаймыз», — деді ол.

Елбасы қандасымыздың өтінішіне қатысты өз пікірін білдірді.

«Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы өте тығыз, өзара түсіністік бар. Ол жердегі Синьцзяньда неше түрлі келеңсіз жағдай орын алады. Терроризм де, сепаратизм де бар», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Алайда Елбасы Қытайдағы қазақтарға қысым жасалып жатқанын естімегенін айтты. Алайда Мемлекет басшысы бұл мәселені назарда ұстайтынын жеткізді.

«Қазақтарға қиянат жасалып жатыр деген әңгіме менің құлағыма жеткен жоқ. Бар болса, елшілік арқылы біліп, Сыртқы істер министрлігі арқылы біз оған тиісті көңіл аударатын боламыз», — деп түйіндеді сөзін Назарбаев7