Ержан қажы Малғажыұлы: «Ораза айт – барша халықты ізгілікке ұйытатын мейрам»
Бүгін жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі – Ораза айт мейрамы. Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Оразаның шарттарын орындаған жандар ауыздарын ашады. Мұсылмандар Оразамен қимай қоштасып, Алла Тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі Рамазан айына да есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етеді. Жыл сайынғы дәстүр бойынша бүгін «Нұр Астана» орталық мешітінде бұл мереке ерекше аталып өтті.
Таңғы 7:00-де жамағатпен бірге Ораза айт намазы оқылды. Ораза айт намазына Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысып, жиналған жамағатты Ораза айт мерекесімен құттықтады. Оның қадір, қасиеті туралы айтып берді. Жамағатпен бірге дұға, тілек жасады. Сөз барысында Бас мүфти: «Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесі. Бұл мейрам барша халықты ізгілікке ұйытады. Ораза айт – бір ай бойы ораза ұстап, ықыласпен жақсылық жасаған адамның құрметке, марапатқа ие болатын кезі. Алла Тағала баршамызды мол сауапқа кенелген құлдарының қатарына қосуын тілеймін. Барша отандастарымды Ораза айттың құрметі үшін бір-бірімізді кешіріп, әуелі Алланың, ата-анамыздың құрметі мен ризалығына бөленуге шақырамын. Алла Тағала ұстаған оразаларымызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Я, Алла, бізді осы күнге жеткізгеніне шүкір. Бүгінгі дұға, тілектерімізді Өзің қабыл ете гөр! Өзіңнің разылығың үшін ізгі амалдар жасауға мүмкіндік бергеніңе шүкір! Елімізге тыныштық, татулығымызды нығайта гөр» деп дұға жасады.