«Қазақстан Барысы»: Төрешілердің көтерер жүгі ауыр

Бүгін Астанада ҚР Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» VII республикалық турнирінің баспасөз мәслихаты өтті. Осы жексенбі, яғни, 2 шілдеде бас қаладағы «Барыс Арена» спорт сарайында өтетін дүбірлі дода жөнінде, биылғы жаңалықтар туралы «Қазақ күресі» федерациясының президенті Арман Шораев пен федерацияның бас хатшысы Сәрсен Құранбек, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дарххан Қалетаев және «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин баяндап берді. Бұған дейін «Сарыарқа» велотрегінде өтіп келген турнирдің «Барыс Аренаға» ауысуының себебін А.Шораев былай түсіндірді:

«Сарыарқа» велотрегіне ешқандай өкпеміз жоқ. Қай кезді алып қарасақа та турнирлеріміз жоғары деңгейде өтті. Ал, «Барыс Аренаға» биылдан бастап ауысуымыздың басты себебі – бұл спорт сарайы күрес спорты үшін өте тиімді. Нақтырақ айтқанда, жанкүйерлер үшін өте ыңғайлы. Өйткені, «Барыс Аренада» боз кілемдегі бәсекені өте жақыннан көруге мүмкіндік бар».

Ал, төрешілер жөніндегі сұраққа Сәрсен Құранбек:

-Біз 2013 жылғы турнирдегі оқиғадан кейін төрешілерді таңдау, олардың қызметіне баса назар аударып келеміз. Биылғы турнирге еліміздің әр аймағынан 12 төрешіні шақыртсақ, олардың тек 6-уы «Қазақстан Барысының» кезекті жарысында төрелік ететін болады. Сондай-ақ, оларға қойылған жаңа талап – алдын ала 200 000 теңге жарна төлеу. Егер төрешілеріміз әділдік танытып, міндетін дұрыс орындай алса, турнир соңында өздері төлеген жарна үстінен тағы да қосымша 350 000 теңге сыйақы алатын болады. Керісінше жағдайда төленген жарна қайтарылмайды және қосымша шара да қолданатын боламыз,-деді.

Еске сала кетейк, биыл 7-ші мәрте өткелі отырған «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі шілденің 2-сі күні сағат 12:00-де (Астана уақытымен) басталады. Оны «Қазақстан» және «ҚазСпорт» арналарынан бөлек, ресейлік «Матч! Планета», «Боец», «Бокс ТВ» және Түркияның «ТРТ Аваз» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған