Рухсыз журналист нағыз журналист емес!

Төл мерекеміз құтты болсын! Осы төл мерекеміз дуылдап өтіп жатқан тұста сіздерге еріккеннен немесе атағымды аспандатайын деп хат жазып отырған жоқпын. Алпыс төрттен астым. Біраз басылымдарда жұмыс істедім. Аудандық газеттен бастап, ірі-ірі басылымдарда «Лениншіл жас», («Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінде еңбек еттім. Атақтарынан ат үркетін ағаларым мен апаларымның талай қамқорлығына бөлендім. Үнемі сондай жайсаң жандардан үйренумен келемін. Журналистикамен қатар әдебиетте де бағымды сынап қоямын. Бұл қасиетті де үлкендерден үйрендім.

Сонымен сіздерге неге хат жазып отырмын? «Құланның қасынуына мылтықтың басуы» дегендей, бұрын да әріптестеріме ішімдегіні ақтарайыншы деп оқталып жүргенмін. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы маған зор ой салды. Бұл ғажайып мақала тек маған емес, ұлтына, мемлекетіне жанашыр жандардың бәрінің ойларына зор қозғау салды деп ойлаймын. Осы мақаланы Нұр-ағам босқа жазып отырмағанын бірден білесің, аңғарасың. Мұнда бәрі айтылған. Меніңше, қазағымызды, мемлекетімізді биікке көтеріп, оны сыртқы, ішкі бәле-жалалардан сақтау үшін қам-қарекет жасалатын, іске асыратын мәселелер бәрі жіпке тізгендей мөлдіреп алдыңда тұр. Тек қолдау керек. Рас, қандай мамандық иелерінің болсын бұл мәселеде өзіндік үлес қосатыны анық. Меніңше, өзгелерден гөрі Елбасымыздың бұл көтерген көкейтесті мәселесіне журналистер көбірек үлес қосып, көмектесе алады деген ойдамын. Себебі бұл бұрыннан да дәлелденген аксиома. Қалың ел әлі де бізге сенеді. Басына іс түскенде кімді іздейді, журналисті іздейді.

Елбасымыздың мақаласы бағдаршам құжат іспеттес. Өздеріңіз білесіздер, адам тәнінде жан, рух болмаса, ол өлі дене. Егер оның жүрегін иман, рух жаулап тұрмаса, ол ұлтына да, еліне де, мемлекетіне де жаны ашымайды. Рухани жаңғыру! Иә, әрбір қазақ, әрбір отандас рухани жаңғыру керек екенін Елбасымыз айтты. Жол көрсетті. Меніңше, самарқаулық, бойкүйездік, батылсыздық, жігерсіздік, намыссыздық, жалпақшешейлік барлық адам баласында болады. Бірақ бұл сұрқай әрекеттер журналисте болмауы тиіс. Егер болды ма, онда ол журналист емес. Қалам — қасиетті қару. Аллам ең алдымен осы қаламды жаратқан. Қалам — айбарлы да қаһарлы һәм нәзік қару. Ол атом бомбасынан да қуатты. Нәзік дейтінім — ол адам баласының сезімдерін ақ қағазға түсіреді. Оны орнымен салиқалы түрде қолданбасаң, басың кесіледі, бүкіл қоғамды дүрліктіресің. Оны орынды жерде қолдана білу керек.

Рухани жаңғыру құлдық психологиядан біржола арылып, еркін де кемелді ойға бет бұру деп білемін. Біздің қазағымызды ХХ ғасырдағы нәубеттер жер бетінен біржола жойып жібере жаздады. Ол нәубеттерді айтып, сіздердің бастарыңызды ауыртпайын. Мұндағы айтайын дегенім осы таудай-таудай нәубеттердің астында қазақ әбден жаншылды. Империя оның жанымен бірге рухын жанышты. Оны бас көтерместей біржола өлтіргісі келді. Олар «қазақ бітті» деді. Бірақ Аллам қазаққа тағы да рух берді. Сексен алтыншы жылы қазақ рухы ештеңеден, ешкімнен қорықпастан қайта дүрк көтерілді. Қайсар қазақ рухы осылай өміршеңдігін, сірілігін көрсетті. Тоқсаныншы жылдары рухымыз мұхиттай шалқып, толқып жатты. Аяқ астынан келген тәуелсіздік оларды рухтандырды. Қазақ тілін, дінін, рухын іздеді. Тапты ма, тапты. Бірақ кейін әлеуметтік қиындықтар, сынақтар қазақты қайта сындырды. Тапқанынан айырылды. Рухани жаңғырудың көш басында тұрған ең басты нәрсе тілінің дәрежесін қазақ осы күнге дейін көтере алмауы неліктен? Қазекең әркімді кінәлайды. Оған ешкім кінәлі емес, өзіміз кінәліміз. Намысымызды қайрай алмадық. Құлдық психология әлі де бәрімізде бар. Үрей, жалтақтық тіптен журналистерге де үстемдік етіп отыр. Бұл жаман. Қозғаушы күш біз құлдық психологиядан, үрейден, жалтақтықтан арылмасақ, онда халқымыздың обалына қаламыз. Өткен аптада белгілі тарихшы, жазушы Тұрсын Жұртбай ағамыздың жақсы мақаласын («Жас Алаш» газеті) оқыдым. Ол кісінің ұлтшылдық жайындағы ойлары ұнады. Тұрсын ағамыз «ұлтшыл» деген сөзді үрейлі, қорқынышты сөзге айналдырған империялық көзқарас дейді. Дұрыс ой. «Қазақстан — Қазақ мемлекеті. Алаш ұстанған бес идея қазіргі Қазақстанда толықтай жүзеге асуы керек. Олар: жер, ұлттық экономика, тіл үстемдігі, дін және дәстүрге негізделген ұлттық ғылым арқылы ұлттық демократиялық мемлекет құру» дейді Тұрсын ағамыз. Бұл ойды Елбасымыздың мақаласында айтылған идеямен байланыстырады. Шынында да жапондар сияқты ұлттық мемлекет құрып, аузымызды айға білеп тұрсақ, оның несі айып?

Бұрын ұлттық тұрғыда ой тербеуден көпшілігіміз жасқанып, қорқып айта алмай келдік. Енді неден қорқамыз? Мені қорқытатын нәрсе БАҚ-тың, оның ішінде қазақ газеттерінің қоңырқай, ешкім оқымайтын, рухани дүниелерден ада, азусыз басылымдарға айналуы. Үнемі баспасөзді қарап отырамын. Саяси оппозицияға айналмай-ақ қой, еңі болмаса ұлттық мүддені қаузайтын, жазатын басылым болсақ деймін. Оған Президентіміздің өзі жол ашып отырған жоқ па? Ашқанда қандай? Ендеше не тұрыс, не үрейлену?

ХХ ғасыр ашық майдан ғасыры болды. Ал ХХІ ғасыр қитұрқылыққа, жымысқылыққа, құлдыққа, арамдыққа толы ғасыр болатынын басталмай жатып аңғартып отыр. Көзге көрінбейтін майдан. Қаныңды теспей сорады. Қаның кетсе, жаның кетеді. Төрткүл әлем мазасыз күй кешіп отыр. Алдау, арбау. Алпауыт мемлекеттердің дәл желкеңнің тұсынан естілген ырылын сезінесің. Олардың арам ойы түсінікті. Міне, осындай қауіптен ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттап, ұлттық санамызды бекітіп, рухымызды асқақтатып, намысымызды қамшылайтын кім? Ол — журналистер. Елбасымыздың асқақ идеясын жандандырайық. Кабинетте отырмай, халқымызды аралайық. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, өзге этностарды да осы рухани майданға жұмылдырайық. Жамандықпен күреселік. Жамандық тура іргемізде, қасымызда жүр тістері ақсиып. Жемқорлық, азғындық, кесапаттық дейсің бе, барлығы анталап тұр. Осылардың бәрін жазу біздің парызымыз. Егерде тым ақылгөйсіп кетсем, кешірім өтінемін. Мынау төл мерекеміз құтты болсын! Әрдайым шабыт тұлпарларыңыздан түспеуді Аллам нәсіп етсін!

ЕРТАЙ АЙҒАЛИҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі