Махатма Гандидің ерекше танымал болуы

Үндістанның атақты саясаткері Махатма Ганди өте қарапайым әрі шынайы өмір салтын ұстанатын тұлға еді. Күндердің күнінде Үндістанда өте бақуатты адамдар бар болатын, дегенмен, халықтың басым көпшілігі кедейшілікте өмір сүрді. Ал Ганди болса өзінің атақты саясаткер екеніне қарамастан, қарапайым халықтың қатарында болып, дәл солар секілді күн кешті. Ол киімнің орнына жай матаны жамылғы ретінде қолданып, аяқ киімнің орнына қарапайым сүйретпе сандалыны қолданды.   Бір кезде оны Англияның премьер-министрі Уинстон Черчилль кездесуге шақырып, артынша Черчилль  мырза өз ойынан бас тартып Гандиді қабылдамай қояды. Ол бұл әрекетін былай түсіндіреді:

– Мен сізбен сөйлесе алмаймын. Сіз өз деңгейіңізге қарап киініп, тиісті әдепті сақтауыңыз керек, — дейді. Сол кезде Ганди Черчилльге:

– Сіз Англияға және Англияның  экономикалық жағдайына өкілдік етесіз және соған лайықты киіне аласыз, бұл тарапта сізде ешқандай мәселе туындамауы керек. Ал, мен – Үндістанның өкілімін. Мен Үндістанның экономикалық дәрежесін ескере отырып, осы елдің барлық қарапайым халқы секілді киінгенді жөн көрдім. Үндістердің қолдарынан келер бар мүмкіндігі осы, сол үшін мен де бұдан артық киіне алмаймын» деді. Алайда, Англияның  премьер-министрі өз ойынан қайтпай былай деді:

– Егер де сіз әдепке сай киініп келмесеңіз, мен Сізді қабылдай алмаймын, — деп сөзін аяқтады. Ақырында Ганди жоспарланған келіссөздің болмауына байланысты Үндістанға кері қайтуына тура келді. Гандидің бұл әрекетін үнділіктер құп көріп – халық оны мақтан тұтты. Ал, ағылшының бұл қылығы барлығының назарлығын тудырды. Содан кейін Британ премьер-министрі Гандиді қайтадан шақыруға мәжбүр болды. Бұл жолы Гандидің киіміне сын айтпастан қабылдады. Кездескен сәтте Гандидің Черчилль мырзаға алғашқы қойған сұрағы мынандай болды:

– Сіз менімен сөйлесесіз бе әлде киіміммен бе? — деді. Сонда ағылшын мырзасы үнсіздікте қалды. Ганди сөзін жалғастырып:

– Сіз еш мән-мағынасы жоқ бос нәрселерге мән береді екенсіз. Күдіксіз, сіз – өте бақуатты және мемлекеттің саяси өкілісіз, бірақ, сіз өмірдің нағыз мәнін білмейсіз, — деп сөзін қорытындылады. Оксфорд университетінің  қадірлі ректоры сол уақытта Ганди туралы былай дейді:

– Ганди – өте мықты тұлға. Ол өте кедей әрі дәрменсіз көрінгенімен оның кішкентай тәнінде таңғаларлықтай өте күшті қуат бар. Егер, оны қараңғы қапасқа қамап, оған ең жаман зорлық тәсілдерді қолданса да ол өз ойынан еш бас тартпайды. Оның тәнін жеңгенмен жанын жеңе алмаймыз, — деген екен.

Жалғас АСХАТҰЛЫ