V Қазақ құрылтайы несімен есте қалды?

«Әр қазақ — менің жалғызым», — деді Елбасы

Соңғы уақытта мезгілі әр бес жылға межеленіп өткізіле бастаған «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы» биыл бесінші рет атажұртта өз жалауын көтерді. Сөйтіп, әлемнің әр түкпірінде шашырап жүрген қандастардың басын қосып, атажұрттың астанасында тағы да бір рет көңілге рух сыйлар алқалы жиын өтті. Кезекті құрылтайға әлемнің 39 елінен делегат, оған қоса Қазақстанның барлық облыстарынан зиялы қауым өкілдері келді. Құрылтайға қатысушылардың басым бөлігі әдебиет пен мәдениетте, бизнесте, әкімшілік, спорт және басқа да салаларда биік белестерді бағындырған, еңбегімен еленіп жүрген жастар еді. Осыған дейінгі қалыптасқан дәстүр бойынша мемлекет басшысы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы Н.Назарбаев өзі қатысып, алқалы жиынның мінберінен күллі әлемге таралып кеткен қандастарына ыстық сәлемін жолдады. Елбасы соңғы уақыттағы Қазақстанның стратегиялық мақсаттары мен өз Жолдауларының маңызды тұстарын екшей келе елге келер ағайынның көңіліне медеу болар бірнеше түйінді басып айтты.

«Көш саябырлап қалды» деген түйткілді тақырыптың түп шешімін «мемлекеттік деңгейде реттеледі» деп білген ағайын Елбасының әр сөйлеміне жіті назар аударғаны белгілі. Күпті көңілді сабырға шақырар сөз де Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасының аузымен айтылды. «Елге келем деген ағайынға Қазақстанның есігі қашанда ашық» деген Президент, алдағы уақытта атқарылар ауқымды жобаларды түсінікті түрде айта келіп, қатысты мекемелерге тапсырмалар жүктеді.

«Біріншіден, шеттегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар» деген қор құрамыз. Әрине, мен оны Үкіметке тапсыратын боламын», — деген Елбасы қазақтың қалталы азаматтарына да әдемі ескерту жасап өтті. «Мен бүгін солардың барлығына, Қазақстанда тұратын қазақтарға үндеу тастаймын. Біз Солтүстік Кавказдан келген балқарларға, чешендерге, басқаларға қорған болып құшағымызды жайдық қой. Ал енді өзіміздің қазақтарға неге солай жасамаймыз?! Қаны қазақ сол бизнесмендерге осы қорға әрқайсысы өз үлесін қосуға шақырамын. Оны ұйымдастыруды құрылтай басшылығына, Президент аппаратына, Үкіметке тапсырамын», — деді Елбасы.

Екінші мәселе Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кеңсесін Алматыдан Астанаға көшіру жағы ашық тұрақтандырылды.

Үшінші кезекте басы ашылған тақырыптың бірі Қазақ елінің бұдан кейін де сыртта жүрген қандастарын қабылдай беретіндігі еді. «Елім, жерім деп еңіреген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан ашық, айқара ашық. Ешкімге шектеу жоқ. Жағдай бар, еліме келемін дегендерге қауымдастық арқылы барлық жағдайды жасауымыз керек. Біз көшіп келуге ниет еткен ағайынға жол сілтеуді тұрғылықты жерінен бастауымыз керек. Біздің барлық мемлекетте елшіліктеріміз бар, сол елшіліктер азаматтардың құжаттарын қамдап, қоныстанатын жері туралы кеңес беруі тиіс. Бұл жұмысты осында отырған Сыртқы істер министріне тапсырамын. Елге келген соң, құжат түгендеу үшін әрі-бері сабылу болмауы керек. Қытай қазақтарының сотталғаны немесе сотталмағаны туралы анықтама алу жайы ағайынның арғы беттегі еңбегіне проблемалар туғызады. Оны шекара тұрғысынан сол жерде анықтап, елменен ақылдасып, келісіп шешу керек. Үкіметке осының барлығын кешенді түрде қайта қарап, шешімін табуды тапсырамын», — деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Төртінші мәселе — шетте жүрген ағайынның ұрпақтарына қолдау көрсету. Бұл туралы да маңызды түйіндерді ашық түсіндірген Қазақстан Президенті Үкіметке шетелдегі қазақ балалары үшін арнайы стипендиялық бағдарлама енгізу туралы тапсырма берді. — Шетте жүрген ағайынның ұрпағына көмек жасау, өсіп келе жатқан жастарға қол ұшын беру қажет. Біз шетелдегі қазақ бауырларымыздың балаларына Қазақстанда білім алуларына бар жағдайларын жасауымыз керек. Қазір олар грант арқылы еліміздің жоғары оқу орындарында оқи алады. Үкіметке қандастарымыздың жоғары білім алуларын қолжетімді ету үшін, оларға бөлінетін квотаны екі есеге көбейтуді тапсырамын, — деді Елбасы.

Мұнан өзге маңызды жоспарлардың ішінде күллі қазаққа ортақ латынға көшу мәселесі де шет қалған жоқ. Бұған қоса: «Өмір бойы сыртта жүрсе де, білімі мен білігі, өнері мен дарыны арқылы қазақтың атын шығарған бауырларымыз тарихи Отанын тануы тиіс», — деген мемлекет басшысы осыны қамтамасыз ету үшін Үкіметке әлемдегі танымал қазақтар туралы деректер топтастырылған электронды база дайындау туралы тапсырма берді. Тағы бір маңызды мәселе Қазақстанның мемлекеттік телеарналарын шетелдерде тұратын қазақтардың да көруіне мүмкіндік жасау болды. Мұның да астарында үлкен мән жатыр. Қандастарымыз шетте жүріп ана тілінен ажырап қалмасын, атажұртының әрбір жаңалығынан хабардар болып, тыныс-тіршілігін бақылап отырсын деген ой еді бұл. Мемлекет басшысы өз баяндамасында тарихи Отаныма еңбек сіңіремін деген әр талантты қазақты атажұртқа шақырды. «Кез келген мемлекет кәсіби жаңашыл мамандарға мұқтаж. Тарихи Отаныма еңбек сіңіремін, оның дамуына үлес қосамын деген әр талантты қазақты елге жеке шақырамын. Кезінде жағдайсыз көшіп кеткен, ғалым болып, зертханаларда жұмыс істеп жүрген азаматтарымыз бар. Меніңше, олардың елге келетін ынтасы бар», — деді Президент.

— Мен үшін шетте жүрген бауырларға жанашыр болу әр қазақстандыққа қамқорлық жасаумен бірдей маңызды. «Әр қазақ — менің жалғызым» деген өлең жолын құрылтай мінбесінен әлемдегі әрбір қазаққа жолдаймын. Қазақ баласы қай елде тұрса да, олар Ұлы Далада Мәңгілік Ел құрып жатқан байтақ Қазақстанның ажырамас бөлшегі болып табылады. Жүрегінің түбінде осыны ұстасын. Бұл сапар сіздер үшін елмен етене танысып, ой түйетін жемісті сапар болсын. Барша қазақтың басын біріктірер салмақты ойлар айтылып, ізгі істер бастау аларына сенімдімін. Сіздердің де ойларыңызды тыңдағым келеді. Екі күннен соң барша мұсылмандар үшін қасиетті Айт мерекесі басталады. Біз ұмытылып, өшіп кеткен ата дінімізді қайтарып, Қазақстанда екі жарым мыңнан астам мешіт ашылып, елімізді имандылыққа шақырып отырған халықпыз. Біз зайырлы мемлекетпіз, сол жолды ұстаймыз. Өркениетке қол созған, ғылым-білімге ұмтылған елміз. Айт бәрімізге қабыл болсын! Жаратқан қазаққа жар болсын! — деп Елбасы сөзін түйіндеді.

Ағайынның айтқандары

Елбасының баяндамасынан кейін құрылтай қонақтарына сөз берілді. Алғашқы болып мінбеге көтерілген Моңғолия Ұлы Құралының бұрынғы депутаты, Моңғолия Ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы Бәкей Ағыпарұлы жиынға арнаған ресми құттықтауынан кейін атажұртқа көп жыл бұрын қоныстанып, елге сіңісті болған оралманқандастар арасындағы білімді-біліктілерді лауазымды қызметке тарту мәселесін және шетелдегі қазақтармен байланыс жасайтын қоғамдық ұйым Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мәртебесін көтеру қажет дегенді жеткізді. Осыдан жыл бұрын Астанада өткен IV кезекті құрылтайда Монғолиядан келген өкіл Елбасының алдында аса ауқымды халықаралық мәселе — Қазақстан мен Монғолияның тікелей шекараласу мәселесін ортаға қойған болатын. Тарихтан ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қос елдің ортасына орыс империясының өктем қолымен сыналай орнатылған шекараның кесірінен Монғолиядан елге келетін ағайын Ресей айналып мыңдаған шақырым жол жүріп жапа шегіп жатқаны да үлкен проблема еді. Әрине, ағайынның алдын тосқан кез келген мәселенің үлкен-кішісі болмас. Дейтұрғанмен осы шекара мәселесі екі елдегі қазақтың ортақ әуресіндей еді… Бұдан кейін сөзге шыққан қонақтардың арасында өз жетістіктерімен бөлісе келіп, кәсіпкерлік саласындағы ішінара қолбайлау болатын кедергілерді де айта кетті. Әлемнің 39 елінен келген қазақтардың арасында Қытайдан да төбе көрсеткен уәкілдер бар еді. Алайда IV кезекті құрылтайға қытай, монғол, ұйғыр, қазағы аралас (неге екені белгісіз) 50 неше уәкіл жіберген Қытай елі, осы жолы санаулы ғана адам жіберіпті. Соңғы уақытта Шыңжаңдағы қазақтардың да діни сенімдері мен шетелдермен болған барыс-келістеріне түйіле қарап отырған Қытай үкіметінің салқыны тиді ме, әлде өзге де себептері болды ма, Қытай қазақтары атынан сөзге шақырылған адам болған жоқ. Тек жарыссөз аяқталған кезде ғана Германиядан келген Өмірхан Алтынмырза өзі сұранды. Әдеттегідей Елбасыға, елге, жерге алғысын айта келіп, Қытай қазақтарының үкіметтерінен қысым көре бастағанын, осыған Президент мырзаның көңіл аударуын өтінді… Келген ағайынның айтқысы келген азаматтық алу мәселесін жеңілдету, қиындығы көп құжаттар, әрқайсы аймақтарға бөлініп орналасу, қауымдастықтың мәртебесін көтеру сияқты біраз мәселе Елбасының баяндамасында толық қамтылғандықтан болар, бұдан өзге ұсыныс-пікір болған жоқ.

АТАЖҰРТЫМ — МАҚТАНЫШЫМ

Осымен 5-рет шақырылып отырған Дүние жүзі қазақтарының құрылтайы қарсаңында әлемнің 39 елінен бас қосқан қандастарымыз атажұртқа келіп, аунап-қунап, рухтары серпіліп қайтты. Күллі әлем көз тіккен ЭКСПО — 2017 көрмесіне орайластырылған айтулы құрылтайдың қонақтары Арқа төсінен көңілді қайтты. Біз де өз міндетімізді ұмытпай, алыстан келген ағайынмен жүздесіп, ала келген аманаттарымен танысып, көңілге түйген көрікті ойларын тыңдап қайтқан едік. Соның бір парасы Монғолияның Қобда аймағынан құрылтайға келген уәкіл Бағдал Шәмейханұлымен өткен шағын сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз. Қобда аймақтық Мемлекеттік мүлік басқармасының басшысы болып қызмет етіп жүрген азаматтың атажұртқа 8-рет келуі екен. Біз әңгімені Қобададағы қандастардың жәй-күйінен бастадық.

—Жалпы Монғолия көлемінде қазіргі таңда 150 мыңның төңірегінде қазақ тұрады. Басым бөлігі Баянөлгей аймағында болса, екінші орында Қобада аймағы. Бұл аймақта 12 мыңдай қазақ өмір сүріп жатыр. Қазақстан тəуелсіздік алғаннан кейін басталған ұлы көштің тұсында туған жерінде қалып қойған ағайындар əлі сол байырғы мекендерінде түтіндерін түтетіп отыр. Өз еріктері өздерінде десек те, саны көп ұлттың арасындағы аз ғана халықтың жағдайы баршаға белгілі ғой. Оның үстіне Қобда бірнеше ұлттың шоғырланған жері деп есептеледі. Соған қарамастан, аз ұлт болып табылатын қазақтардан түрлі əкімшілік қызметтерде, білім саласында еңбек етіп жүрген қазақтар да кездеседі — дейді Бағдал Шəмейханұлы.

— Құрылтай жұмысы туралы не айтар едіңіз? Өзіңізде қандай ұсыныс-пікірлер болды?

— Өз басым атажұртта əр мезгілде шақырылып жатқан құрылтайларға бұдан бұрын қатысып көрмеппін. Бұл алғаш рет қатысуым. Жалпы талқыға түсер тақырыптар дан азды-көпті хабарымыз болды. Бұрын өткен құрылтайлардың жұмыстарымен танысып, талқылап отыратын едік. Осы құрылтайдың жалпы жұмысына өз басым ризамын. Ал ұсыныс-пікірлеріміз жоқ дей алмаймын. Десе де Елбасының жасаған баяндамасында көптеген дүниелер қамтылғанына қуанып отырмын. Соның ішінде «Отандастар» қорын құру идеясы қатты ұнады. Келешекте елге оралатын жастарға да, шетелде тұрып жатқан ағайындардың тілін, дінін, мəдениетін сақтауына да көптеп көмегі тиетін ауқымды жоба болайын деп тұр екен. Алдағы уақытта іштегі жəне сырттағы ағайынның өміріне ықпал ететін игі жұмыс болса екен деймін. Ұсыныстарымыз да болды. Алайда барлық уəкілдерді жеке-жеке мінбеден сөйлету мүмкін емес қой. Менің айтайын дегенім, қазірге дейін елге оралып жатқан ағайындарға ыңғайсыздау айдар болып тағылып келген «оралман» атауын өзгертсе демек едім. Президенттің ортаға қойған «Отандастар» қоры ары қарай жұмыс істесе, «отандастар» атауы «оралманның» орнын алмастыратын шығар деп ойлаймын. Екінші бір ұсынысым — шетелдерде тұрып жатқан қазақтардың ана тілін, дінін, тұрмыс-салтын сақтап қалуына Қазақстан үкіметі нақты көмектер көрсетіп отырса деген ой еді. Елбасы бұл түйінді де қағыс қалдырған жоқ. Сыртта жүрген ағайынға да көмек қолын созатындығын ашық айтты.

— «Сырт көз — сыншы» дейді, атажұртыңызда даму байқала ма екен?

— Мен сонау 1992 жылы осы Целиноградқа келіп қайтқан едім. Сол кездегі шағын қала мен қазіргі Астананы салыстыру мүмкін емес. Өзім шетелдерге де жиі шығып тұрамын. Өзгелердің де қалаларын көріп жүрміз. Ал қазақтың Астанасы солардың ешқайсысынан кем емес екен. Барлығымыздың мақтанышымыз болған айбынды Астананың болашағы тіпті де нұрлы болғай деп тілеймін! Шетте жүрген біздер қашанда атажұртымыз Қазақстанмен мақтанып жүреміз.

— Соңғы уақытта көштің саябырлағаны белгілі. Қазіргі күнде сіздер жақтан елге оралсақ дейтіндер бар ма? Ондағы елдің жалпы жағдайлары қалай?

— Монғолиядағы қазақтардың жағдайын жаман деп айта алмаймын. Демократиялық қоғамда, тұрмыс-тіршілігі бір қалыпты өмір сүруде. Қазақтар жиі шоғырланған жерлерде мешіттеріміз де бар. Монғол заңы қазақтардың діни бостандығына еркіндік берген. Алайда болашақты ойлағанда бəрібір қазақтың болашағы Қазақстанда екені белгілі. Қобда өңірінде қазақ мектептері жоқ. Балалар түгелдей монғолша оқып жатыр. Қазақ тілі, тарихы деген пəндер де қосымша өтілмейді. Бұрындары осы жақтан білім алып қайтқан ұстаздар аздап болса да қосымша пəндерден сабақ беріп жүруші еді. Қазір ол кісілердің барлығы зейнетке шықты. Алдағы уақытта атажұрттан оқулықтар мен кітаптар барса, ондағы жастарға септігі болар еді деп ойлаймын.

— Əңгімеңізге рақмет! Қазақ көші тоқтамасын, елге сəлем айтыңыз!

Үміт пен күдік

Кезекті бір жаңалық құрылтай күн тәртібіне Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы мен төрағаның бірінші орынбасарын сайлау мәселесі еді. Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының директоры Серікбай Үсеновтің «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасы міндетін жалғастыра беруін өтінген пікіріне сай бұл ұсыныс өкілдер талқысына салынып, мемлекет басшысының кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты. Осы алқалы жиын барысында Н.Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып келген Талғат Мамашевқа рақметін айтып, бұл міндетке бұдан бұрын да талай жауапты қызметтер атқарып келген Зауытбек Тұрысбековті лайық көретіндігін айтты. Бұл мекемеге кезінде Көшіқон және демография агенттігінің тұңғыш төрағасы қызметін атқарған, мемлекеттік қызмет істері саласында тәжірибесі мол, сондай-ақ қазақ диаспорасы ең көп қоныстанған Ресей және Өзбекстан елдерінде Төтенше және өкілетті елші болған Зауытбек Қауысбекұлы бекер таңдалмағанын жеткізді. Осылайша 2004 жылдан бері талай мәрте ағайынның көңіліне келер қатулы сөздер айтып, «оралмандарды ұрғаным бар» деп шала бүлініп жүріп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын 13 жыл бойы басқарып келген жауапты тұлға орнынан кетті. Ал Елбасы үміт артқан Зауытбек Тұрысбековтің күллі Алаш баласына ортақ ұйымды, марқұм Қалдарбек Найманбаевтен кейін-ақ қадірі қашқан қауымдастықтың жұмысын қаншалықты жандандыра алатындығын уақыт көрсетер… Көптің көңілінде үміт пен күдік басым көрінді бізге…

Мемлекет басшысы мәртебелі басқосудың қорытындысында ендігі жерде қауымдастықтың мәртебесі артатынын айтты. Болашақта шеттегі әр қазақ өз тағдырын Қазақстанмен байланыстырып өмір сүруге құқылы екендігін, сол үшін атқарушы билік өкіметпен және сырттағы елшіліктермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауы қажеттігін де назардан тыс қалдырған жоқ. Ал кезекті құрылтайдан кейін қазақ көшіне жан біте ме, әлде сол баяулаған жүрісін сақтап тұра ма, ол жағы құзырлы мекемелердің іскерлігіне сын болары сөзсіз…

Ерқазы Сейтқали