Н.Назарбаев: Астана маңында 100 мың гектар орман болады

Бүгiн ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев әдеттегiдей Астана күнi қарсаңында елорда маңындағы жасыл белдеудi аралады. Елбасы аймақта өсiрiлетiн ағаш тұқымдарын қарап, бақ аумағын ұлғайту болашағымен танысты. Сондай-ақ, Елбасы жыл сайынғы қырғауылдарды ұшыру рәсiмiне қатысты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Өткен жылдары бiз қаланың батыс жағындағы ормандарды көрген болатынбыз, биыл шығыс жағына келiп отырмыз. Ормандағы ағаштардың ортасына қарағай мен қайыңды отырғызғанбыз, соны көрейiк деп келдiк. Олар жайқалып тұр екен. Бiз 1998 жылдан берi қарай, 20 жыл уақыт iшiнде орман отырғызып келемiз. ТМД аумағында бұндай орман отырғызып жатқан ел жоқ. Елорда төңiрегiнде 80 мың гектар орман бар, 2020 жылға дейiн оның аумағы 100 мың гектарға жетедi. Бiз бұл жерге Бурабайдың ауқымындай орман салдық», — дедi Мемлекет басшысы.

Президенттiң айтуынша, орманда тұрғындардың демалысы үшiн барлық жағдай жасалған, оның iшiнде 20 шақырым велосипед жолдары қарастырылған. «Халық үлкен еңбекпен өсiрiлген орманды күтiп ұстап, қорғауы керек», — дейдi Елбасы.

Атап өтсек, Жасыл белдеу құру елорда төңiрегiнде жасыл желектiң қалыптасуы мен жабайы жануарлардың көбеюiне ықпал еттi. Бүгiнгi күнi марал, бұлан, елiк, суыр, дала қарсақтары, ондатр, қоян және кiшкентай тышқандар мекен етедi. Ал құстардан балқарағай торғайы, сұр шiл, сұр сандуғаш, көк қарға, жасымық, шиқылдақ, мәскеу торғайы мен қырғауыл бар. Мәселен, жасыл аймақ жыл сайын құстармен толығып отырады. Мемлекет басшысы соңғы екi жыл қатарынан табиғатқа 150 қырғауылдан ұшырған болатын.

Айта кетейiк, Назарбаев Қазақстан астанасы сары далада орналасқандықтан елорданы Астанаға көшіргеннен кейін қала айналасында «жасыл белдеу» құру жөнінде тапсырма берген едi. Орман алқаптары қаланы жаздың аңызағы мен қыстың боранынан сақтайтындықтан елорданың ауа райы өзгерiп келедi. Елбасы бұған дейiн берген сұқбатында «жасыл белдеудiң қалыптасуына ешкiм сенбедi, ал аймақ елорда маңындағы екiншi Бурабайға айналды» деген болатын.

Жалпы 1997-2016 жылдар кезеңiнде Астана қаласы маңындағы орман аумағы 80 мың гектарды құрады.