22 наурызды қызылбастың наурызы деген не?
СІЗ БІЛЕСІЗ БЕ?
Бұрынғы қариялар 22 наурызды қызылбастың наурызы дейді екен (Қызылбас — Иран, бұрынғы Парсы елінің қазіргі атауы). Наурыз сөзі — парсы тілінен шыққан, жаңа күн деген мағынаны білдіреді. Қазақ халқы наурыз демей — амал деген. Қазіргі күні 14 наурызда еліміздің батыс өңірі ғана ұлыс күнін тойлап, көріседі. 70 жылғы тепкіден еліміздің қалған аймақтарында бұл дәстүр ұмытылған. Әйтпесе, күллі қазақ күні кешеге дейін амал мерекесінде көрісу салтын жасап келген деген дерек бар. Бұған Шәкәрім қажының баласы Ахаттың естелігі дәлел: 14 март — ескіше 1 март. Әкей айтты: Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты — Наурыз, бұл фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты — ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар — деген, тіпті ескі мақал.
Шығыс елдерінің (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал — Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. Наурыз сөзі парсының жаңа күн дегенінен шыққанын айтқанбыз. Ертеде біздің қазақ бұл күнді наурыз демей амал деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. Көрісудің екінші атауы Амал болуының сыры осында жатса керек. Ал Көрісу деп аталып кетуі осы Амал мерекесінде жасалатын басты салт — көптен көрмеген бір-біріне жақын адамдардың кездесіп, көрісуі, өкпе-ренішке байланысты бет көріспей жүрген кісілердің кешірісіп, жүздесуінен туған болса керек.