23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні
23 маусым тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері кәсіби мерекелерін атап өтеді. Мемлекеттік қызметшілердің әрқайсысының адал және тиімді жұмысы, қорытындылай келгенде, біздің мемлекетіміздің қалыптасуына және дамуына әсер етеді. Мемлекеттік қызметші өз еліндегі тікелей міндеттерін орындаудан басқа, отбасында, қоршаған ортаға, адамдармен ортақ тіл табысуға және жан-жақтыға үлгі болуға тиіс. Бүгін біз Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мемлекеттік қызметтегі жас мамандарды, олардың атқарып жатқан қызметтері мен жетістіктері туралы бөлісеміз.
Ташметов Ғазиз Мұратұлы, жолаушылар көлігі және әкімшілік бөлімінің бас маманы:
Мен мемлекеттік қызметте 4 жылға жуық еңбек етіп келемін. Алғаш 2018 жылы жолаушылар көлігі бөлімінде бір жыл жетекші маман, кейін бүгінгі күнге дейін бас маман болып қызмет етудемін.
Мемлекеттік қызмет – ең әуелі үлкен жауапкершілік, біліктілік пен үнемі шыңдалуды талап етеді. Адам жеке тұлға ретінде өзін-өзі тұрақты жетілдіріп, алға ұмтылып отыруы қажет. Бұл ретте, қай салада еңбек етсек те, кейін соңымызда өзіміз ұялмайтындай, үлгі боларлық іс қалдырғанымыз жөн.
Мен мемлекеттік қызметке келмей тұрып, мемлекеттік органдардың қызметін жиі сынайтынмын. Конструктивті сын бар жерде ілгерілеу, даму бар екенін жоққа шығармаймын. Бірақ өзім мемлекеттік қызметке келіп, өзім сынап жүрген салаларда теориялық емес, практикалық мәселемен айналысу біраз мәселеге жаңа шақырдан қарау мүмкіндігін сыйлады. Пайдалы ойды, саналысынды лайықты іспен ұштай білу – іскерліктің бір сипаты.
Мемлекеттік қызметте жүріп өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білімді және еңбекқор азаматтармен көп таныстым. «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деп ұлыларымыз айтқандай, ел мүддесінің үдесінен шығуды алдымызға миссия ретінде қояалсақ, әркім өзі қызмет етіп жүрген салада үздік, білікті маман болса, елдің де келешегі кемел болмақ.
Мемлекеттік қызмет баға жетпес тәжірибеден бөлек, өзімнің көптеген жеке қасиеттерімді дамытуға, ал ең бастысы, мені күнделікті жақсылыққа ұмтылдыратын әріптестер арасында достар мен тәлімгерлер табуға көмектесті.
Барлық мемлекеттік қызметкерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің әлеуетінің артып, қарыштап дамуы үшін аянбай қызмет атқарып, биік белестерді бағындырып, жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін.
Орынбеков Олжас Ғалымжанұлы, автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
Мамандық таңдау – әрбір адамның өміріндегі маңызды шешімдердің бірі екені сөзсіз. Өйткені бұл таңдау өмір бойы қандай іспен айналысатыныңызды айқындап, болашағыңызға бағдар береді. Әрине, мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек.
Мемлекеттік қызмет – бұл барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөлді атқаратын мемлекет жүйесінің ең маңызды тетіктерінің бірі. Кезкелген қоғам мемлекеттік басқарусыз, яғни мемлекеттік қызметшілерсіз әрекет етуі мүмкін емес. Билікке деген сенім қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады.
Өз елімнің гүлдену жолында қызмет ету, мен үшін үлкен мақтаныш және абырой деп білемін. Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Себебі елдің ертеңі бізге байланысты. Бір сөзбен айтқанда, билік пен халық арасын жалғайтын алтын көпірге айналуы тиісті. Бүгінде мемлекеттік саладағы мамандардың білім-біліктілігінен бұрын, адамгершілік асыл қасиет пен ананың сүтімен келетін тәлім-тәрбиені де талап етілетіндігі анық. Менің ойымша, мемлекеттік қызметші тек білімді ғана емес, жоғары моральдық жауапкершілік пен өз ісіне деген әділдік, адалдық, адамгершілік қасиеттері қағидаларды қатаң ұстанғанда ғана елдің ертеңі жарқын болады.
Мемлекеттік қызмет деген менің түсінігімде – Отанға қызмет ету. Жас әкімшілік мемлекеттік қызметкер бола отырып, елімнің алпауыт мемлекеттер мен иық теңестіре алуына қызмет етіп жүргеніме, өзімнің тамшыдай болсын септігімнің тиіп жүргеніне қуанамын. Қуанышым өзге адамдарды түсіну, мол жауапкершілікті сезіне отырып жұмыс істеу сынды қарапайым қағидаларға сүйенген. Аталмыш қағидалардың барлығын өз қызметімнен тауып та жүрген жанмын.
Өзімнің және әріптестерімнің мемлекетіміздің өркендеуіне қызмететіп жүргендігі қуантады. Мемлекеттік қызметкер болғаным үшін мақтанамын. Бұл – менің таңдауым, бұл – менің жолым!
Барлық әріптестерімді 23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтап, атқарып жатқан жұмыстарына табыс, мемлекетіміздің көркеюіне бірге үлестерімізді қосуға шын жүректен тілектеспін.
Бақытжан Жәнібеков, Жамбыл облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы