ЭКСПО қарсаңында Джеки Чанмен қалай сұхбат құрдым? (Сатира)

Мен өзі мақтаншақтау шенеунік қазақпын. Мақтағанды қаным сүйеді. Мақтаған сайын марқая беремін. Әсіресе, шетелдік жұлдыздар десе жыным бар. Жанып түсемін. Тіпті асты-үстіне түсіп өлуге бармын. Кейде олардың түкірігін денеме ырымдап жағып алатыным бар. (Солардай болсам деген есек дәме ғой баяғы). Сондай сәттерде қазақ болғым келмей кетеді. Түсінесіз бе, қазақ болғым келмей кетеді.

Шынымды айтайын: Әлемге танымал тұлғаларды күтіп алып, шығарып салу арманым. Олармен сұхбаттасу, бірге суретке түсу, қолынан ұстау, киген киімін бір сипап өту мен үшін үлкен мәртебе! Бұл мақсат жолында қара басым түгілі, қара халықты қиып жіберуге бармын. Бойымдағы өзім білетін кемшіліктер мыналар: аздаған жағымпаздық, шамалы иілгіштік, тарыдай көнгіштік, биттей жалтақтық, сіркедей қорқақтық, личенкадай бишаралық… Әйтпесе, әжептәуір қазақпын….

Айтқым келгені мынау еді. Астанаға атақты актер Джеки Чан келді деген күні Қазмедиаға екі өкпемді қолыма алып менде жеттім. Байқаймын «Джекиімді» қаптаған шенеуніктер құшағынан босатпайтын түрі бар. Бірі көтеріп әкетеді, бірі арқалап әкетеді, әйтеуір жерге түсірмей жүр. Оның екі езуі екі құлағында. Неткен бақытты адам еді деп қоямын ішімнен. Аяғына киген туфлиі жер иіскемей тұр. Сырттағы қаптаған қалың қазақ «қытай қорғаны» тәрізді ғимартты қаумалап айқайлап жүр…

Бұлай қызықтап тұра берсем, ерте күнді кеш қыларымды біліп, өзімнің пысықтығыма басып, қоршаған қалың топты бұзып-жарып Джеки Чанның алдына жеттім. Артымда ыңырсыған, бақырған, кіжінген, боқтаған дауыстар естіледі. Бірақ бүгінгідей тарихи сәтте оған мойын бұрар мұрша барма менде. Келе Джекеңнің ерніне сүліктей жабыстым. Бишара тырп ете алмай қалды. Сілейіп тұр. Басқаны күтсе де мұны күтпегені анық. Бір кезде бойы бусанып, талықсып бара жатты. Құшағымнан босатпаған қалпым құлағына: – менің сізге қоятын бірнеше сауалым бар. Соған жауап беруге уәде етіңіз, – дедім қапсыра қыса түсіп. Бишара көзі алақ-жұлақ етіп басын шұлғи берді. Осылайша жанкештілігімнің арқасында атақты актерді уысыма түсірдім. Сұхбат былайша өрбіді.

– Құрметті Джеки Чан мырза, сұхбатқа келіскеніңізге рахмет…

– Әй, қазақ (күліп дәл осылай айтты) біріншіден, менің азан шақырып қойған ныспым – Чуң Луң. Осы есіммен атаса қытайлық екенімді сезініп, тұла бойымды мақтаныш кернейді. Қытай-европада да қытай! Маған бұдан асқан құрмет жоқ. Шіркін, қытай болып туып, қытай болып өлгенге не жетсін! Оған менің киноларымды көрген әр адам келісері анық. Сұрағыңызды қоя беріңіз?

– Дәстүрлі сұрақтан бастайтын Джеке, кешіріңіз, Чуң мырза. Сіз әлемге танымал, ғаламды шарлаған атақты актерсыз, қазақтың Астанасына көңіліңіз толды ма?

– Аз уақытта көп жұмыс жасағандарыңыз көрініп тұр. Неткен сұлу қала еді. Пай-пай-пай! Өзіміздің Бейжіңге келгендей әсерге бөленіп қалдым.

– Қойыңызшы, Бейжің қайда, Астана қайда?

– Ой, сенбей тұрмысыз, имандай шыным. Аэропорттан бері қарай «Қазмедиа» орталығына жеткенше қытайдың қызыл жалауы мен ханзу тілінде жазылған құттықтау тілектер туған елімді еске түсірді…

– Ол енді сізге деген, қытай халқына деген құрметіміз ғой?

– Сонда сіздер, ЭКСПО-ға қатысатын елдердің әр атақты азаматы келген сайын сол елдің туы мен тілін баннерге толтыра жазып қарсы аласыздар ма? Қызық екен? Одан да өздеріңіздің ұлттық нақыштарыңызға қатты көңіл бөлсеңіздер, ұлттық келбеттеріңізді танытсаңыздар, қандай ғанибет…

– Бұл жағынан кемшілік болып қалды, ұялта бермеңізші?

– «Түйенің мойнынан қисық» іске түзу қарай алмай тұрмын ғой. Дара қылықтарыңыз, дарақылыққа айналып кетпесін дегенімді дұрыс түсініңіз…

– Әрине, әрине, Джеке, кешіріңіз, Чуң мырза. Ныспыңыз Чуң, біздіңше шыңға келеді екен. Керемет есім ғой. Шың – биіктік, кеңдік, шексіздік қой. Қалай ата-анаңыз тауып қойған. Тфә-тфә. Тіл ауызым тасқа. Шәке, дейінші рұқсат болса? Шәке, сіз бұған дейін Қазақстан туралы білетін бе едіңіз?

– Шынымды айтайын: көп білмеген екенмін… Бұрын білмегеніме қазір аздап өкініп те тұрған жайым бар. Қытайдың жігіттері қазақтың қыздарына сұмдық ғашық дегенді қытай баспасөзінен оқығаным бар еді. Сөйтсем, біздің жігіттер текке құмартып жүрмеген екен-ау…

– Шәке, қазақ халқының қонақ күту дәстүрі мен сізге көрсеткен құрметіне риза боларсыз?

– Әлбетте, әлбетте. Мұндай да дархан, шетелдік жұлдыздарға ынтық халық болады екен-ау. Аста-төк қонақасының астында қалдым. Сүрленген қазы-қартадан дәмді тағам әлемде бар десе сенбеймін… Кеткенше семіріп кетпесем жақсы болар еді….

– Көптеген шетелдік қонақтар жылқы етінен бас тартып жатады… Сізге ұнағаны мұндай жақсы болар ма?

– Бақа-шаян, құрт-құмырысқа жейтін халықтың өкілімін ғой, оған қарағанда жылқы еті қуатты ас көрінеді. Қазақтар мұсылман ел ғой. Біздей емес адал мен арамның аражігін ажырата алар деген ойдамын…

– Салт-дәстүрден не ұнады?

– Қатты ұнағанын айтайын ба, тұсау кесер дәстүрі. Қазақтар негізі баланың тұсауын шапшаң жүретін адамға кестіреді екен-ау. Мен келеді дегенді естіп, балалары есейіп кетсе де мені күткен қазақтардан айналдым. Ата-аналарының, енді баламыз Джеки Чан сияқты актер болады деп жатқандарын құлағым шалды…

– Сіздің бұл сапарыңыз Қытай киносын дәріптеу ме, жоқ әлде «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қолдау ма?

– Екеуі де бар.

– Қытай киносы қазаққа таңсық емес Джеки мырза, тоесть Чуң мырза. 90 жылдары Брюсс Лии қазақ балаларына кумир болған. Сізде Брюс Лиге еліктеп өскен боларсыз?

– Мен ешқашан екінші Брюс Ли болуға тырысқан емеспін. Менің бар болғаны бірінші Джеки Чан болғым келеді. Солай.

– Мына бір сұрақ көптен көкейде жүр еді. Мазаны алған «тұтқын сұрақты» «бостандыққа» шығаратын күн туып тұр. Бүгіндері миллиярдтан астыңыздар. «Көп қорқытады, терең батырады» демекші, өз ұлтыңыз туралы ашық айтыңызшы? Қытай қандай халық?

– Қысқа ғана айтайын. Қытай xалқы бақылауға мұқтаж. Әйтпесе, олар ойына келгенін істейді. Осы естеріңде болсын!

– Өзіңіз жайлы не айтасыз?

Мен – періште емеспін. Менің де жаман әдеттерім көп-ақ.

– Алдағы көп арманыңыздың біріне тоқталсаңыз?

– Қазір Бейжіңде кунг-фу бойынша жаттығулар жүргізудеміз, алдағы жылы онда мектебімізді ресми түрде ашуға ниеттіміз. Сондықтан да осы мүмкіндікті пайдалана отырып, осы өнерге қызығушылық танытқан адамдар Бейжіңге келіп, кунг-фуды меңгеруді өтінер едім. Бүгінде осы саладағы жұмыстарымыз жаңадан қарқын алуда, осы орайда болашақта барша әлемде мектептерді ашуға ниеттімін. Мүмкін Қазақстанда да кунг-фу мектебі ашылып қалар.

– Ақшаңыз көп адамсыз, оны қайда жаратасыз? Қайырымдылық, жоқ-жітікке көмектесу ойыңызда бар ма?

– Ақша ешқашан көптік етпейді. Шашамын десем, қытайда да кедейлер жетеді. Сұрағыңа нақты жауабым мынау. Мен өзі көп жылдан бері қайырымдылық шарасымен де айналысып келемін. Ол жайлы әлемдік БАҚ үнемі жазып жүр. Қазақтарда қайырымдылыққа мұқтаж болып жатса көмектесуге даярмын.

– Жайдары мінезіңізбен, жарқын сұхбатыңызға рахмет.

– Сіздің де өлермендігіңізге тәнтімін…

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған