Ер балаға арналған тыйымдар

Бала бас ұстамайды. Егер бала бас ұстаса әкесі өліп қалады деп тыйым салған.

Нанның қиқымын жесе – бай боласың дейді.

Сәби тоңқайып екі аяғының астынан қараса, күткен жолаушы келеді немесе қонақ келеді дейді.

Жас балаға бұғана ұстатпайды, онда бойы өспей қалады деп жорыған.

Қыз балаға жілік ұстатпайды. Ұстатса күйеуге шықпай оң жақта көп отырып қалады дейді.

Бала алғаш жолаушы шыққанда той жасайды. Ол «Тоқымқағар» деп аталады.

Сәби көзін ашып ұйықтаса – жары сұлу болады.

Сәби шалқасынан алаңсыз ұйықтаса, елге белгілі азамат болып өседі, бүк түсіп ұйықтаса, уайымшыл, жігерсіз болып шығады. Етпетінен жатып ұйықтаса, ойшыл болады. Егер аяқ-қолын еркін созып ұйықтаса – болашақ батыр, кемеңгерліктің белгісі.

Баланың желкесі шұқыр болса, немесе желкесінен сүйсе кесір болып өседі. Немесе жалқау болады.

Шөбересінің алақанына су құйып ішкен қарт жұмаққа барады.

Бала тіл ұшын жесе, сүйреңдеп сөйлей беретін болады деп ырымдаған. Таңдай жесе, шешен болады.

Балаға батырдың, ақынның, шебердің, палуанның сарқытын жегізсе немесе олар сәбидің аузына түкірсе, олардың жақсы қасиеті мен өнері балаға қонады деген ырым бар.

Сәбиге көз тимес үшін маңдайына күйе жағып қояды.

Жастың басы ауырса «басыңа бас қосылады» деп ырымдаған.

Адамның келіншек отырған жақтағы аяғы ұйып қалса, ол екіқабат екен деп ырымдайды.

Егер өздері әкелген сыбаға немесе тамақтан жесе, ол үйдің әйелі қыз табады дейді.

Бейуақытта ұйықтаған, жылаған жаман болады.

Қолды жуғаннан кейін оның суын сілікпейді, орамалмен сүртеді.

Бала қаспақ жесе, оның үйлену тойында жаңбыр жауады.

Баласы шымыр болсын деп екіқабат әйелге сағыз шайнатады.

Түсік тастамасын деп жас әйелдің етегін бүріп қояды.

Екіқабат әйелдің күні жақындаған кезде «Жер Ана қуат бер» деп жалаңаяқ жүргізеді.

Жас босанған немесе аяғы ауыр әйел түнде суға бармайды.

Екіқабат әйелге пышақ, ара, қайшы ұстатпайды. Ұстаса мерзімінен бұрын босанады деген ырым бар.

Баласы кіндігіне оралып қалады деп екіқабат әйелге ине-жіп ұстатпайды.

Бала ортан жіліктің майын жесе, ата-анаға мейірімсіз болады.

Екіқабат әйел қоян етін жесе, баласы қоянжырық болып туады деседі.

Екіқабат әйел арқан аттамайды, аттаса баланың кіндігі мойнына оралып қалады дейді.

Біреу әңгіме айтып отырғанда сәби түшкіріп қалса, шын айтқаны деп ойлайды.

Аты сүріншек болады деп балаға төстің сүріншегін жегізбейді.

Жас келіннің төсі, малдың желіні іссе, қайтыс болған адамды жуған қолғаппен аптайды.

Жаңадан қайнатқан сабынды жоғары қойса, ол үйге түскен келін өркөкірек болады.

Егер бір үйде қыз туа берсе, келесі баланы ұл болсын деп оған ұлдың атын қояды.

Баланың мойынын тез және түзу бекісін деп оның шілдеханасына сойған қойдың мойын омыртқасын тұтасымен асып, тесігінен шыбық өткізіп кептіріп қояды.

Несібесі көп, дастарханы мол болсын деп жаңа үйдің босағасын маймен майлайды.

Жиенді ұрса, қолы қалтырайды деген ырым бар.

Қазақ басымыз көбеймейді деп адам санамайды.

Шала туылған баланы тымаққа салып, неше күні кем болса сонша күн кереге басына іліп қояды.

Қалы үлкейіп кетпесін деп қалымен туылған баланы Қалдыбай, Қалдыгүл деп атайды.

Пәле жаладан аулақ болсын деп жаңа үйленген жастарды арша түтінімен ыстайды.

Үйдің өз сәбиі үйге «ассалаумағалейкум» деп кірсе, ол үйге көп кешікпей қонақ келеді.

Сәби қолындағы заттарын «шашу» деп шашса, ол үйде той болады.

 Жұма күні кір жума – әруақтар ренжиді.

Ақты (сүтті, айранды) төксе, малдың желіні кетеді.

Пышақтың жүзі шалқасынан жатса, сол үйдің малы пышаққа ілінеді.

Егер киіз үй сыртына ит сарып кетсе, құт келеді деп жақсылыққа телиді.

Адам құлағы шуылдаса, жанындағы кісіден «қай құлағым шуылдады?» деп сұрайды. Ол дәл тапса, «мені біреу мақтап жатыр екен» дейді. Таба алмаса, «жамандап жатыр екен» дейді.

Жаңа туған ботасы бар үйге қызыл жалау байлап қояды. Мұны көргендер атпен, көлікпен қатты жүріп келмейді. Қатты келсе, бота шошып өліп қалады деп ойлаған.

Қазақ сейсенбіде жолға шықпайды, іс, жұмыс бастамайды, көшіп-қонбайды.

Жолаушыға «қайда барасың» демейді, «жол болсын» дейді.

Тамақ үстіне келген адамға үй иесі «мақтап жүреді екенсің» деп риза боп қалады. Дастархан жиналып жатқанда келгенге «бізді жамандап жүреді екенсің» деп ескерту жасайды.

Дастархан үстіне келген адамға дәм ауыз тигізеді, әйтпесе күйеуің немесе әйелің тастап кетеді дейді.

Мал сатқанда оны ноқтасымен не бас жібімен бермейді, малдың басы кемиді деп ырымдайды.

Мал төлдеп жатқанда ешкімге мал бермейді, сатпайды және айырбастамайды.

Жақын адамдарға пышақ, ит сыйламайды. Егер жақын адамның пышағы өте ұнаса, оны ұрлап немесе сатып алады.

Ауыл ішіне атпен шауып келген жаман ырым. Егер сүйінші сұраса шауып келуге болады. Бірақ «сүйінші, сүйінші» деп айқайлап келуге тиіс. Қайғылы, қазалы хабарды есірткенде немесе жаназаға шақырғанда ғана атпен шауып келіп шеткі үйге хабарлайды. Ол үйдің иесі басқаларға хабарлауы тиіс.

Үйге кешке немесе түнде келген адам «кеш жарық» деп кіреді. Үйге келген қонақ адам болсын-болмасын «ассалаумағалейкум» деп сәлем беру керек.

Қазақ «сәтті күн» деп істі сәрсенбі күні бастайды.

Көзге теріскен шықса, саусақ арасынан қол шығарады.

Мысыққа тамақ бергенде «ертең ұмытып кетесің» деп маңдайынан шертіп береді.

Тауық мезгілсіз шақырса – жаман ырым.

Иегің қышыса бір жерден дәм татасың.

Сиырдың желіні іссе, таңертең ерте кебіспен ұшықтайды.

Аспаннан ағып түскен жұлдызды көргенде қазақтар «менің жұлдызым жоғары» дейді.

Адамға немесе малға біреу сұқтанып қараса, «көзің тиеді» деп түкіртеді.

Балықтың құйрығын ұстаса, ауға балық түспейді.

Ойынға ашуланған адамның басы таз болады.

Мал үшеу не төртеу (үш не төрт төл) туса, олардың біреуін бауыздап, босағаға көмеді.

Егер ауыздық шықса, жүгеннің ауыздығымен емдейді.

Көп жасаған немесе жақсы адам қайтыс болса, оның киімдері мен тұтынған заттарын ырым етіп бөліп алады.

Адам басы кемиді деп бөтен адамға бас киім бермейді немесе айырбастамайды.

Садақаға киім берсе, оның түймесін қиып алады.

Алыс жолға шыққан адамдар қарашаңырақтан немесе үлкен кісінің үйінен дәм татып аттанады.

Қазақ жек көрген немесе көрмеймін деген адамының артынан бір уыс топырақ шашады.

Біреудің үйі өртенсе, оның арты жақсылық болады деп ырымдайды.

Жаңа айды көргендер «жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке» деп бата жасап, ырымдайды.

Өреден жас құрт алып жесе, жаңбыр жауады.

Өліктің денесі оралған кілемді түнде жұлдызға қаратып жайып барып пайдаланады.

Шашалған адамға «май қап» дейді.

Ет турағанда бір кесек ет қалып қойса, ет тураушыға өтірік айтатының бар екен дейді.

Біреу қайтыс болды деп ескертіп, кейін ол тірі болып шықса, «көп жасайды екен» деп ырымдайды.

Бас киімді теріс қаратып киген жаман істің белгісі.

http://elanasy.kz

Сейіт Кенжеахметұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған