Манғыстауда шенеуніктер қызметінен кетеді

Маңғыстау облысының Қарақия мен Бейнеу ауданында 10 мектеп ұлттық бірыңғай тестілеуден төмен нәтиже көрсетті. Сондай-ақ, бәзбіреулер заңсыз әрекет етіп жер телімдерін талқандаған. Осы және өзге де мәселелер аппарат жиынында айтылды. Облыс әкімі мәселені жедел шешуді, кемшілік орнын толтыруды тапсырды.

ЕСКЕРТУДЕН ҚЫЗМЕТІНЕН БОСАТУҒА ДЕЙІН

Маңғыстауда бірнеше айдан бері өршіп тұрған газ мәселесін шешпеген шенеуніктер қызметінен кетеді. Облыс әкімі кезекті аппарат жиынында кәсіпкерлік және сауда басқармасын сынға алды. Ералы Тоғжанов газ құю бекеттерін аралап көргенін және ондағы жағдайдың мәз еместігін айтты. Яғни, тексеріс тек әуежай бағытына қарай жүргізіліп, басқа жерлерді тіпті көзге ілмеген. Жүргізушілер түн жарымнан таңға дейін көліктерін көгілдір отынға толтыру үшін ұзын-сонар кезекке тұрады. Тағы кей компаниялар 5 теңгеге жоғары саудалап отыр. Бұған қатысты құзыретті мекеме мамандары түрлі сылтау айтып ақталуда.

Мен өзге өңірлерден келген көліктердің көбейгенін теріске шығармаймын. Бәрі туризм бойынша ағылуда. Бірақ соның бәрін ескеру керек қой. Көлік иелері километрлеп тұрады. Ал сіздер үнсізсіңдер. Бейнебір осы сұраққа еш қатыстарың жоқтай. Жеке жиналыс өткіземіз. «Қазақгазөңдеу» зауытын шақырыңыздар. Газ көлемі жөнінде тағы талқылау болады, деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

БӘЗБІРЕУЛЕР ЗАҢСЫЗ ЖЕР ҚАЗҒАН

Ақтау қаласындағы 20-шы және 34-ші шағын ауданда жерді қопара қазып, белгісіз біреулер заңсыз топырақ алған. Ал орны  қоқыс алаңына айналды. Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында да дәл сондай сұрықсыз жағдай. 17 гектардан астам аумақ қараусыз қалғандықтан тұрмыстық және қатты қалдықтарға толған. Бұл туралы тұрғындар аудан әкіміне айтып шағымданады. Алайда мәселе шешілген жоқ.

Мынаның барлығы не? Мынаның барлығы полигонда емес, ауылдың ішінде жатыр. Иісі бұрқырап жатыр, мүмкін емес. Адамдардың жағдайына байланысты жұмыс жасап жатқан жоқсың. Мынаның барлығына аудан әкімі жауап бересің, деді жиында сөз алған облыс әкімі.

Жиын барысында аймақ басшысы бұл мәселеге жауаптыларға, кемшілікті тезірек түзетуді тапсырды.

ҰБТ НӘТИЖЕСІ

Кезекті көтерілген мәселе білім сапасы. Мұның қаншалықты екенін биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуі көрсетті. Өңірде 3600 оқушы емтиханға қатысып, 700-ге жуық жеткіншек 100 баллдан жоғары жинаған. Бірақ 473 шәкірт шектік межеден де өте алмапты. Сондай-ақ, Қарақия ауданында 4, ал Бейнеуде 6 мектеп тесттен төмен нәтиже көрсеткен. Мұны облыс әкімі дереу тексеруді және білім сапасын қатаң қадағалауды тапсырды.

Бейнеу ауданы бойынша тексеруді жасаңдар. Тексеру комиссиясын құрыңдар. Білім басқармасының басшылығы сонда барып түбегейлі барлығын біліңіздер. Әр мектептің, жалпы жұмыстың бағыт-бағдарын толық тексеріңіздер, деді Ералы Тоғжанов.

ІШКІ  САЯСАТ  ЖҰМЫСЫ  ҚАРҚЫНДЫ

Жиында талқыланған тағы бір сала өңірдің ішкі саяси жұмысы. Облыста ¤ әлеуметтік маңызы бар 110 жоба жүзеге асырылады. Бұған үкіметтік емес ұйымдар жұмылдырылмақ. Осы тұрғыда ішкі саясат басқармасы қоғамдық ұйымдармен тығыз жұмыс істейтін болады.

Жыл аяғына дейін мерейлі отбасы, халықаралық жастар форумы, Отпан тау тарихи-мәдени кешенінің 10 жылдығы және т.б мемлекетік мерекелерді өткіземіз. Мұның барлығы назардан тыс қалмайды, деді жиында сөз алған Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Звира Есбергенова.

¤Сондай-ақ, басқарма басшысы жалпы, мемлекеттік рәміздерді насихаттау, өңірдегі діни ахуал және мемлекеттік органдар көрсететін мемлекеттік қызмет мәселелеріне де тоқталды.

 

Айман Оңғарбайқызы