Астанада тағылымы мол «Домалақ ана» қойылымы болды

Қазақ тарихындағы аты аңызға айналған аналарымыздың ішінде Домалақ ана (Домалақ ене) есімі бөлекше бөгенайымен, аңыз-әпсанадан гөрі тарихи шындығының молдығымен дараланып тұратыны сөзсіз. Оған куә — сол қасиетті ананың құрсағынан тараған сан рулы елге айналған ұрпақтары. Күллі алаш баласы зиярат ететін кесенесі, күні бүгінге жеткен тағлымы мол өнегелі істері… Бізге жеткен тарих бойынша «Домалақ ана» (азан шақырып қойған есімі — Нұрила) 1378 жылы Түркістан қаласында туылып, 1456 жылы қайтыс болған.

Түркістандағы Мақтым Ағзам қожаның немересі. Әкесінің есімі — Әли Сылан. Анасының есімі — Нұрбике. Нағашысы Уәйіс хан Моғұлстан ханы болған. Домалақ ананың әкесі Әмір Темірдің әскерінде қызмет етіп түзде жүреді, ал анасы ерте қайтыс болып, жетім қалады да, Нұрила атасы Мақтым Ағзамның қолында тәрбиеленеді. Кейінірек Бәйдібек бидің шақыруымен Мақтым Ағзамның отбасы Қаратау маңына көшіп барып қоныстанады. Мақтым Ағзам жаңа қонысында мектеп-медресе ашып, мешіт салдырады. Осында жүріп бой жеткен Домалақ ана, атасы Мақтым Ағзамның өсиетімен 19 жасында (1397) Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Домалақ ананың ақылдылығымен, даналығымен, тазалығымен аты шыға бастағаны осы кез. Оның даналығы, әулиелігі, тапқырлығы жайындағы әңгімелер ел арасына кең тараған. Соның бірі — «Домалақ ана» аталуы жөніндегі ел аузында айтылатын аңыз. Ел ішіндегі деректерге қарағанда, Домалақ анаға «Диһнат мама» деген атауды түп тегі түрікпен Қара Хайдар деген кісі оның даналығына тәнті болып қойған екен. «Диһнат мама» — парсы сөзі. Қазақ тілінде «Әулие ана» деген мағына береді. «Диһнат мама» сөзі уақыт өте келе тілдің даму заңдылығына орай дыбыстық өзгерістерге ұшырап, «Домалақ анаға» айналған.
Домалақ ана ел арасындағы даулы мәселелерге араласып, бітімгершілікпен шешім табуға өз үлесін қосқан. Одан тараған ұрпақтардың бәрі де білімімен, ақылымен ерекшеленіп, ел билеген. Жарықшақ деген ұлы әуелі Ташкент әмірлігінде кеңесші, кейін бүкіл Жетісу өлкесінің ұлыс бегі болған. Оны Домалақ ананың нағашы атасы Моғұлстанның ханы Уәйіс хан қолдап отырған. 1429 жылы Уәйіс хан қайтыс болып, әке тағына ұлы Есенбұға отырады. Сол күннен бастап Жарықшақ Есенбұға ханның бас уәзірі болады. Домалақ ананың өмірінің соңғы жылдары Ташкент қаласында өтеді. Алайда ері Бәйдібектің түсінде берген аяны бойынша, өздерінің ескі қонысы Қаратауға барып тұруға қамданып, жол шегеді. Көш Балбөген өзенінің жағасына жеткен кезде Домалақ ана сол жерде намаз оқып тұрып көз жұмады. Өзінің тілегі бойынша сол жазыққа жерленеді. Домалақ ананың немересі ұлыс бегі Дулат Бұхарадан Абдулла Шери ұстаны алдырып, Домалақ ананың басына төрт қанатты, төбесі күмбезбен көмкерілген кесене там тұрғызады. Домалақ ананың бұл күмбез-зираты қастерленіп, елдің арнайы келіп зиярат ететін орнына айналған. Кесене 1957, 1996 жылдары қайта жөндеуден өткізілді» (Қазақ энциклопедиясы, 263 бет). Бұл — қасиетті Домалақ ана туралы ғылыми деретің қысқаша қортындысы. Бір ғажабы, әулие ананың ұрпақтарының өсіп-өніп, рулы елге айналғандығы еді. Қазіргі ұлы жүз құрамындағы Албан, Суан, Дулат сияқты іргелі рулармен қоса, қызы Күнбүбіден тараған ұрпақтарының өзі Қызай елі атанып, саны 500 мыңнан асты.
«Жататын ұлы жүзге Үйсін қандай?
Үйсіннің туажаты Бәйдібек бай,
Күнбүбі Байдыбектің күндей қызы,
Атанған кейін келе анам Қызай», — деп жырға қосқан Найманның төрт Төлегетайының бірі Матайдың ұрпағы Шағыр деген кісіге ұзатылған Қызай ананың да қадір-қасиеті, ақыл-парасаты туралы айтылатын аңыздар да өз алдына бір төбе. Бұл жерде айтпағымыз, текті ананың тектілігі мен халқына деген өшпес еңбегі, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жеткен аңыздармен айшықталып жеткен асқақ тұлғасы еді.
Ел егемендігін алған бейбіт заманда Домалақ ана кесенесі қайталай жөндеуден өткізіліп, Қазақстанның мемлекеттік маңызы бар тарихи орындарының біріне айналды.
Домалақ ана есімі тарихи жырлардың, аңыздардың арасынан кездесіп отырады. Ол туралы ән де шығарылған. Жазушылардың шығармасына арқау да болған. Сол шығармалардың бірегейі жазушы Арғынбай Бекбосынның «Домалақ ана» эпикалық драмасы. Тарихи аңыздармен астастыра өрілген тамаша туындымен жуықта ғана танысып қайттық. Тарқатып айтсақ, «ЭКСПО — 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай өткізілген Жамбыл облысының мәдениет күндері Астананы дуға бөлегені мәлім. Көне Тараздан шыққан түйелі керуеннің Арқа жұртына жеткізген тоғанағы да мол еді. Соның бірегейі — Жамбыл облыстық қазақ драма театрының Астана жұртына тарту еткен спектакльдері. Шілденің 27-сі күні Астана қаласының Жастар театрында өткен жазушы Арғынбай Бекбосынның «Домалақ ана» эпикалық драмасын тамашалауға халық көп жиналды. Тарихи деректер негізінде жазылған шығарманың өн бойынан ұлттық болмыс пен даралық айрықша сезіліп тұрды, актерлердің шеберліктері де шаңырақ пішіндес жасалған сахна да, барлығы айрықша жарасым тауып, көрермендердің ықыласын аударған еді. Қарақшы Қара Хайдардың өзі тектілігіне тәнті болып, барымталап бара жатқан өз малынан сауға қалдырып кетуі, «Мал ашуы — жан ашуы» деп, жау шауып кеткен жылқының соңынан қуып барып, қарақшылар қолынан мерт болған алты ұлдың кегін, халықтың амандығы үшін кешіре білген Нұрила ана мен Бәйдібек бидің парасаттылығы сияқты эпизодтардан, баяғы бабалардың тектілігі мен көрегендігі көрініс беретін еді.
Драмадағы тағы бір тарихи тұлға — Әмір Темір образы. Қазірге дейінгі көріп келе жатқан спектакльдердің ішінде сирек аталатын қаһарлы әмірші мен Домалақ ананың аузымен айтылатын Баязит сұлтанмен болған қақтығысы қайта жаңғырған тарихтың үзігі еді. Тұтас шығармада рулық намыстан, тайпалық мүддеден гөрі халықтық, елдік мүдденің басым көрінуі де көрерменге тамаша әсер сыйлағаны сөзсіз.
Спектакльмен қимай қоштастық, халық жақсы әсермен, терең оймен қайтты. Кәсіби машық бойынша көрермендердің әсерімен бөлісуді де ұмытқан жоқпыз. Қазіргі күнде Астанада тұрып жатқан Іңкәр Ұлтбайқызы атты апайымыз сөзін елге деген ақжолтай тілегімен бастады.
«Туып-өскен жерім — Бәйдібек ауданы. Менің өскен өлкем тұнып тұрған тарихтың ортасы десем, қателеспейтін шығармын. Бабалар ізі қалған сол киелі мекенде Домалақ ана кесенесі бар. Бала күнімізден Домалақ ананың қасиетті адам болғандығы туралы аңыздарға қанығып өстік. Тарихи кесене өткен ғасырдың 50-жылдары жөндеуден өткізілген екен, кейін тәуелсіздіктің кезінде 1996 жылы қайта күрделі жөндеуден өткізілді. Халықтың арнайы барып зиярат етіп, құран бағыштап қайтатын қасиетті орындарының бірі болып отыр.
Сол өзімізге жақсы таныс тарихи аңыздарды сахнадан тамашалағаныма қатты қуанып отырмын, ерекше әсермен кетіп барамын, режиссерге де, актерлерге көп-көп рақмет дегім келеді», — дейді Іңкәр апай.
Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры, жазушы-драматург, ҚР Мәдениет қайраткері Болат Бекжанов мырза да өз ойымен бөлісті.
«Сіздердің тамашалағандарыңыз — жазушы ағамыз Арғынбай Бекбосынның «Домалақ ана» шығармасы негізінде қойылған эпикалық драма, сахналаған — талантты режиссер Қуандық Қасым. Астана жұртының жылы қабылдағанына риза болып отырмыз. Өздеріңіз байқағандай, сахнада ұршық, шаңырақ пішіндері арқау болып тұр. Оның мағынасы ұршықша үйірілген дүние, біз де соған байлаулымыз дегенді білдіреді.
Ел арасында айтылатын Бәйдібек би мен Домалақ ана туралы аңызда «білегімнен ең алғаш ұстаған жігітке тұрмысқа шығамын» деп жүрген Нұрила қыз 13 жасар кезінде құдыққа түсіп кетіп, оны Бәйдібек қолынан тартып шығарып алыпты. Осылайша Бәйдібектің кіші әйелі болып, ақыл-парасатымен «Домалақ ана» атанған тарихи тұлғаның көрегендігін сахнадан көрдіңіздер деп ойлаймын. Қарақшыға берген шелпегіне омырау сүтін қосып беруі, жылқының басы ақжал айғырды сауғаға алып қалуы, кек қуалаймын деген Бәйдібекті «халық қырғынға ұшырайды» деп сабырға шақыруы сияқты көптеген ерекше қасиеттері көрерменге толық ашылды деп ойлаймын. Тұтас шығарма адамдарды береке-бірлікке, тектілікке, имандылыққа шақырып тұр. Меніңше, халыққа ұнаған тұсы да осы болса керек», — дейді Болат Үмбетәліұлы.
«Домалақ ана» қазақ театр сахнасындағы тағылымы мол, тарихи дүние болып қаларына біздің де сеніміміз кәміл. Сахнада жасындай жарқылдап, жан-дүниесімен беріліп тұрып ойнаған актерлер шеберлігі де өз алдына бір төбе. Астана жұртына айрықша көңіл күй сыйлаған жамбылдық өнерпаздарға шығармашылық табыс тілейміз. Алатын асуларыңыз әлі де көп болсын. Тарихы тереңде жатқан қасиетті өлкенің мерейі сіздермен асқақтай берері сөзсіз!

Ерқазы Сейтқали