Елбасыдан сұхбат алу-«Хабардай» агенттік үшін әманда мәртебелі іс

Елбасыдан сұхбат алу журналист басыма әркез жауапты әрі «Хабардай» агенттік үшін әманда мәртебелі. Ұлытаудай сакральды орында бастау алған сұхбат сериясы Бурабайдай жер көркемінде жалғасын тапты осылай.

Бұл жолы «Рухани жаңғыру» идеясының авторынан оның түпкі ойы мен ақырғы нәтижесі туралы сұраған едік. Мемлекеттің тағдыры баянды болуы үшін ошақтың үш бұты – экономикасы, саясаты, рухани санасы теңдей болуы талаптан бұрын қағидадай қазір. Сондықтан, Елбасы «Алдымен экономика, сосын саясат» ұстанымының, президенттік басқару жүйесінің өзін ақтағанына назар аудартып алып, одан соң ішкі саясатты қолға алғанымызды, енді міне рухани жаңғыруға кезек келгенін айтты.

Ал осы бағыттағы алғашқы әрі түбегейлі қадам ол – әліпбиді ауыстыру екені анық. Японияны Жапония деп айтқанымыз секілді кириллицадағы щ, я, ц, ь, ъ секілді әріптердің бізге басы артық екенін, оның төл тіліміздің заңдылығын бұзатынын жеткізе келіп, латын қарпіне көшудің орыс тілінен бас тарту емес екенін де қадап айтты. Латын қарпі тек қазақ тіліне қатысты болса, кириллица біздегі орыстілді кеңістікте өз өмірін сүре береді.

«Егер біз әр жердің, әр төбенің, әр өзеннің, тіпті өсімдіктің неге бұлай я олай аталатынын жазып қалдырсақ, елдің де, жердің те тарихы ешқайда жоғалмайды». Осылайша, бізді «Туған жер» бағдарламасына немқұрайды қарамай, атамекеннің тарихын түгендесек, жас ұрпақтың бойында да Отанға деген махаббаттың тұнатынын жеткізді. «Сакральды Қазақстан» жобасының алдымен ішкі туризмді дамытуға бағытталатынын, ал туризмді дамыту үшін негізгі шарты жол екенін білдік Елбасының аузынан.

Әлемнің ең үздік деген оқулықтарынан бастапқы кезеңге 17 кітаптың баспаға дайындалып жатқанын, ЭКСПО көрмесіне бар-жоғы 2 миллион адам келеді дегенде, екі айдан сәл асқанда 2,5 миллион адам келгенін, ал кіріп-шығудың бәрін есептегенде, 20 миллиондай болғанына, әрине, мақтанасың.

Сұхбат барысында Президенттің Конституцияда көрсетілген 35 өкілеттілігі Парламент пен Үкіметке өткені де, сот жүйесін реформалау, адвокатура мен прокуратураның рөлін күшейту, осылайша заңның үстемдігін қамтамасыз ету тақырыбы да қамтылды.

ШЫҰ мен ЕАЭО секілді интеграциялық жобалардың маңызын Елбасы санмен дәйектеп бергенде, сүйсінбеске амалымыз қалмады. Мысалы, Қытайдың Тынық мұхиттағы портынан келген контейнерлер Қазақстан арқылы Ресей, Еуропаға 14 тәулікте жететін болса, теңіз арқылы бұл жүк 40-45 тәулікте жететін еді. Бізге бұдан не пайда? 2020 жылға дейін 2 миллиондай контейнер жүк өтетін болса, мұның бәрі қазынамызға түскен қыруар қаржы дей бер.

Сүбелі сөзді келілей берсек, ойға түйетіні көп. Ендеше, сұхбаттың толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы өтіп, тыңдасаңыз болады. Бір сөзбен айтқанда «Мұның барлығы сол Отанды сүю, сол Отанды мадақтау, осы Отанды дүниежүзіне белгілі ету үшін жасалып отыр», — деген Елбасының түйініне айналып келіп тоқтай беремін, тоқтай береміз…
Айтып-айтпай не керек, айта жүретіндей сұхбат болды!

Ринат Кертаевтың фейзбук парақшасынан

http://khabar.kz/kz/m-ra-at/arnajy-zhobalar/item/88659-r-prezidenti-n-rs-ltan-nazarbaevty-khabar-agenttigine-s-khbaty