25 жылдыққа – 25 том
Биыл Қазақ елiнiң өз Тәуелсiздiгiн жариялағанына – 25 жыл. Қараша айында Оңтүстiк Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргiн құрбандары музейiнiң де ашылғанына 15 жыл толады.
Тарихтың ақтаңдақ қатпарларына бет бұрып, оның ащы дәмiн сезiнiп, тағлым ала бiлудiң өзi де тәуелсiздiктiң жемiсi. Жазықсыз жапа шегiп, сталиндiк репрессия мен голощекиндiк геноцидтiң құрбаны болған халқымыздың аяулы перзенттерi ешуақытта ұмытылмауы тиiс. Сол үшiн де «Қайтпас» шағынауданынан «Қасiрет» мемориалдық кешенi бой көтердi. Шымкент қаласының орталығынан облыстық саяси қуғын-сүргiн құрбандарына арналған дизайндық үлгiдегi музей үйi салынды.
Музейдi ашылған уақыттан берi Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ханбибi Есенқарақызы басқарып келедi. Ұжым осы мерзiм iшiнде көп жұмыстар атқарды. Репрессия құрбандарының ұрпақтарымен тығыз байланыс орнатты. Олардың естелiк жазбаларынан құралған «Қан жүректi қайғылым» атты кiтап жарыққа шықты. Түрлi iс-шаралар ұйымдастырылып, деректi фильмдер түсiрiлдi. Елiмiзде ашаршылық құрбандарына арналған тұңғыш деректi фильмнiң жарық көруiне ықпал еттi.
Музейдiң айрықша мақтан тұтар бiр iсi – архивтерден алынған материалдар негiзiнде «Ақ жол» газетiнiң кiтапқа айналуы. Бұл газет өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары әуелi Ташкентте, кейiн Шымкентте жарық көрдi. Қазақ тағдырының алмағайып кезеңiнде дүниеге келiп, өз ұлтының өзгелерден кем болмауы үшiн күрескен алашшыл азаматтардың үн байрағына айналды. Халықтың сауатын ашу, оны жаңа өмiрге бейiмдеу жолында аянбай қызмет еттi. Газеттiң көбiне советтiк «рамкаға» сия бермейтiн ұлттық-демократиялық бағытын тоталитарлық өкiмет қолдай қойған жоқ. Ақыры алты жылдан кейiн жабылуға мәжбүр болды.
Жуырда Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Бейбiт Атамқұлов осы музейдiң директоры Ханбибi Есенқарақызын қабылдады. Қабылдау кезiнде музей директоры әдебиет және өнер жайлы әңгiмелеп, Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы қарсаңында «Ақ жолдың» баспаға толық дайын екендiгiн айтты.
Бұдан бұрын кiтаптың 10 томдығы Мәдениет және спорт министрлiгiнiң қолдауы арқылы 22 мың дана таралыммен басылып шыққан болатын. Облыстық «Отырар» кiтапханасына 2 миллион 300 мың теңгенiң кiтабы тегiн берiлдi. Ендi кейiнгi 15 том оқырмандар қолына тиюi үшiн қаржы көздерi қарастырылуда. Осылайша шағын музей Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына 25 томдық «Ақ жол» газетiн дайындап, қалың оқырманға рухани азық етiп ұсынғалы отыр.
Облыс әкiмi өз тарапынан «Қасiрет» мемориалдық кешенiне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргiзу, саяси қуғын-сүргiн құрбандары музейi үшiн үлкен ғимарат салу жоспарын жасау, оңтүстiк өңiрiнде жазықсыз атылған 2,5 мың адамның есiмiн гранит тасқа қашап жазу керектiгiн айтты.
Қазiргi уақытта бұл шараларды жүзеге асыру мәселелерi қолға алынуда.
Суханбердi ОРАЗАЛЫҰЛЫ, журналист.