2500 түп ағаш отырғызылды
Алматы облыстық «Жасыл ел» штабының мүшелері жасыл желкені желкілдеген Жетісу өңірінде биылғы жылдың өзінде 2500-ге жуық ағаш көшеттерін отырғызып, күтіп-баптаған. Бұл жөнінде Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде Республикалық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабы Алматы облыстық филиалының жетекшісі Тимур Нұғманов баяндады. Өткен жарты жыл көлемінде Алматы облысы бойынша «Жасыл ел» штабы 2264 жасты жұмыспен қамтыған. Нақтырақ айтсақ, мамыр айында — 266 жасақшы, маусымда — 445, шілде айында — 578, тамызда — 574, қыркүйекте — 207 жасақшы, ал қазан айында 194 жұмыссыз жас жұмыспен қамтылған. Бұл жұмыстың тиімділігі көгалдандыру жұмысына 16 жасқа толған жоғары сынып оқушысынан бастап, жаз кезінде қосымша табыс тапқысы келетін студенттер де тартылды.
2016 жылы «Жасыл ел» жасақшыларының жалақысына 48 млн. теңге қаржы бөлінген. Ал түрлі іс-шаралар (идеологиялық, спорттық патриоттық тақырыптардағы «Ардагерді ардақтайық!», «Экодесант», «Велопатруль», «ZHASYL-EL UPGRADE», «Жақсылық жаса!», «Таза аула», «Антиграффити», «Отан-ағаш» және т.б.) өткізуге 6 797 000 теңге қарастырылған. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының 12-ші маусымдық жұмысында 800-ден астам студент, 1000-нан астам жұмыссыз қыз-жігіттер және көп балалы отбасынан шыққан 70 жас жұмыс істеген. Сөйтіп, «жасылелдіктер» Алматы облысы бойынша 400 гектардан астам аумақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, 2500-ге жуық ағаш отырғызды. Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы — жастар еңбек жасақшылары әлеуметтік акцияларға қатыса бастады. Мысалы, соғыс ардагерінің ауласын тазалап, үйіне кішігірім жөндеу жұмыстарын жүргізіп, Сарқан ауданының Черкаск мемориалды ескерткішін тәртіпке келтірді. Тағы бір тоқтала кететін жағдай — екі жыл қатарынан Алматы облыстық «Жасыл ел» штабының жұмысы республикада ең үздік деп танылып, марапатқа ие болып келеді. Осындай жетістіктері үшін өткен жылы облыс әкімі «Жасыл ел» штабына микроавтобус сыйлап, Талдықорған қаласының аумағынан 1 гектар жер бөлгізген. Алдағы уақытта да облыстық «Жасыл ел» штабы Жетісудың жасыл өлкеге айналуына өз үлестерін қоса бермекші.
Нұрила Бектемірова