Өкінішке орай көп әйел алып, артынша оларға талақ айтып кететіндер жиі кездеседі

Алматы облысында 17 жастағы қыз ата-анасынан жасырын түрде мешітте некесін қидырып, жат ағымның жетегіндегі азаматтың екінші әйелі болған. Артынша күйеуі үш рет «талақ» айтып тастап кеткен. Тірі жетім болып қалған сәбиі мен жесір әйелге бұрынғы күйеуі көк тиын төлемей, хабарсыз кеткен.

Осыған байланысты тоқал болған қыздың анасы Дін істері министрлігіне арыз жазып, араша сұрапты. Аталған оқиғаны Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «Жеті күн» бағдарламасының тікелей эфир кезінде айтып берді.

«Өкінішке орай көп әйел алып, артынша оларға талақ айтып кететіндер жиі кездеседі. инистрлікке аталған мәселеге қатысты хаттар мен шағымдар жиі түседі. Осыған байланысты жаңадан енгізіліп жатқан діни заңдарда арнайы ереже бар. Онда діни жолмен қиылған некелердің заңды күші жоқ және отбасы құрушылардың некелерін арнайы мемлекеттік органда қиюы міндеттелінеді. Неге десеңіз, әрбір отбасының құрылғаны, онда туылған бала саны барлығы мемлекеттің есебінде болуы керек. Олар некелерін заңды тіркемесе, есеп қайдан болсын? Осы норманың тағы бір тұсы әйелдер мен балалардың құқын қорғау. Яғни, заңды некесіз туылған балалардың ешқайсысы әкелерінен алимент ала алмай жүр. Ал ажырасқан әйелдер басқа да заңды құқығын талап ете алмайды. Себебі, тұрмыста болған кезінде некесін заңдастырмаған.  Ереже тек азаматтарға ғана емес, сол діннің мәртебесін арттыруға да септігін тигізеді. Бұл ережені  біз Қазақстан мұсылмандары басқармасымен ақылдаса отырып енгіздік, елдегі бас имамдар да аталған талапты қолдап отыр»,- деді министр.