Көп қазына ішінде кетті

Ұлы әнші Ермек Серкебаев хақында сыр-толғау

Қазақ халқын бүкіл әлемге танытқан, халық әндері мен халық композиторларының мәңгі жасайтын інжу-маржан шығармаларына табынып, құлшына шырқаудан танбаған, сондай-ақ, орыс және батыс классикалық туындыларын келіміне келтіріп, кемел орындаумен ерте танылған Ермек Серкебаев 80-нің жуан ортасынан асып, 90-ға таяп бақиға озса да, көп қыр-сыры жеріне жете ашылмай, көзі тірісінде көрген-білген, сезініп-түйсінген қыруар жәй-түйлер  арғы дүниеге бірге кетпеді ме екен деген өкінішті ой-нала жиі мазалайтын. Жасы 80-ге жақындағанда тағдыр нәсібімен жақындасып-табысып, бір жылдан астам уақыт әңгімелесіп-сырласып, бірге тумасақ та, туғаннан артық болған шақтар қимастықпен еске түседі. Сол кездесулер нәтижесінде жазылған эссе-диалог кітап алғаш жарық көрген бойда бірден тарап, одан кейін екі рет қайта басылды.

Аталмыш эссе-диалог кітап­тың жазылып, тұңғыш рет жа­рия­лануына себепкер марқұм жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, «Парасат» журналының бас редакторы Баққожа Мұқаев бо­­латын. Оны да айта кетейік, алғашқы мақсат журнал үшін етек-басы жинақы, кең-мол бір әңгіме-сұхбат жазу еді. Бірақ, со­ңынан өз-өзінен жалғас тапқан жазбалар нөмір сайын жариялана келе кітапқа айналып, Баққожа бас­тырып шығарды да, Ерекең, Ермек Серкебаевтың дәл 80 жыл­дық мерейтойы күні тарту етілді. Одан кейін екі жыл өтер-өтпесте Баққожаның курстас досы, «Ана тілі» баспасының директоры, жа­зушы Жақау Дәуренбеков өз қаржысына 2 мың дана етіп (ав­тор­ға 150 мың қаламақы беріп) екінші рет шығарды.

Сол шақтарда қазақ тілді ба­сылымдардың біразы кітап­тан үзінділер жариялап, алыс-жа­қындағы оқырмандар құ­лақ­танып жатты. «Егемен Қа­зақстанда» тұтас бір бетте жа­рияланған үзіндіні оқыған бойда телефонда пікір айтқан тілектес азамат Мұхтар Құл-Мұхаммед әңгімеміз бітер-бітпесте: «Қазір кітап шы­ғарудың ахуалын білесіз, тираж аз, оқырманға же­те бермейді, сондықтан, менің сауғам болсын, мемлекеттік тап­сырыспен үшінші рет шы­ғарайық», – деп ол жолы да «Ана тілі» баспасынан «Жылдар сыры» деген атпен жарық көрді.

Жексембек Ер­кімбеков аға­мыздың сөзімен айтқанда, жүз жылда бір тууы мүмкін ерен өнерпаз Ермек Серкебаев жастай танылып, жасы ұлғайып, консерваторияда дәріс оқитын қарт ұстаз дәрежесіне жеткен кезге дейін қазақ қана емес, бүкіл жер жүзі мемлекеттерінің театрларын­да жарқырай көрініп, туған хал­қының даңқын асырды, өзін де танытты деп. Өз басым Ерекеңнің аты-жөнін сонау 50-жылдардың орта шенінде Ташкентте оқыған студенттік жылдарда естіп, Ал­матыға қызметке келген соң сах­­­­­надан жиі көріп жүретін бол­дық. 1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеуде өткен екінші онкүндігінен 34 жасында СССР халық артисі боп оралған соң, Алматыдағы мерекелік кон­цертіне қатысу бақытына ие бол­дық. О, Мәс­кеу, Алматыда өте­­тін партиялық съезд, форум, жиындарда Тули­ков­тың «Родина» атты әнін бі­рінші боп шырқайтын Ермек Бек­мұхамбетұлы қазақ операларында да басты партиялар орындап, концерттерде топ бас­тап, сах­наның сәні, көркі болмады ма?! Жалғыз Ермек емес, опера, драма, кино саласындағы дара тұлғалардың барлығы өздерінше бір-бір әлем, сырлы арал іспетті емес пе еді?

Ендеше, солардың арттарын­да театр, экранда сомдаған рөл­дерден бөлек не қалды, не бар, не жоқ, о жер, бұ жерде айтылатын ауыз­екі дақпырт сөздерден бөлек іліп аларың қайсы? Сонау орыс­тың ұлы әншілері Шаляпин, Вер­тинский, Утесов, балет бишісі Павлова, Уланова, сахна мен экран жұлдыздары Черкасов, Орлова, Ладынина, Лавров, Ульянов, Ти­хонов, Мордюкова, Гурченко сынды екі күннің бі­рінде эфир арқылы бір не екі сағат насихаттау, арғы-бергі өмір соқпақтарын жұрт назарына ұсыну, зерттеу еңбектер, кітаптар бар ма? Бұл тұрғыдан өкініш көп. Бұрын да, қазір де. Еске алу, санада сақ­тау, насихаттау арқасында әлгі аталған орыстың ұлы тұл­ғалары қатарда жүргендей кө­рінсе, бізде әлдеқашан бақиға озған Қуанышбаев, Жандарбеков, Байсейітов, Байсейітова, Өмір­зақов, Сәлменов, Қожам­құлов сынды толып жатқан ерек­ше дарын иелері мүлде ұмы­тылды демесек те, соның ар жақ, бер жағы екеніне кім таласады?

Мұның бәрі тегін емес. Са­ғыныш. Өнерді сағыну. Ардақтау. Арман. Алыптарды ардақтау. Ұмытылмаса деген арман. Ермек Серкебаев жөнінде құрсаған қалың ой осылай иектеп, осылай толғантып отырса, амал нешік?! Тым болмаса, ұлы әншінің биыл 90-ға толатыны неліктен  алдын-ала хабарланып, қам жасалмады? Тіпті, менің өзім осы жазбаға кі­рісер алдында білгенімді жасырмаймын.

Ермек Серкебаев алып тұлға. Әзірге тым құрыса, Ерекең жө­нін­де сыр алдыра бермей тұра тұрайық. Бәрі алда деп қарайық.

Мен білген Ермек ерекше эмоция адамы болғанмен, шын мәнінде қай-қай жақтан да сы­пайы, ұстамды, байыпты, ішкі де, сыртқы да мәдениеті жо­ғары, қайырымды, қарапайым, кішіпейіл, сырттай сұсты кө­рініп, бір қарағанда, апыл-ғұ­пылдау сөйлегенмен, мінезі де жайлы, емен-жарқын, ашық әң­гімелесуге бейіл, зифа болатын. Оған сан рет көзім жетіп, куә болғаным өзіме аян. Қайта кейде мен оған әлденені тіксіне айтып, шытырлық, «кірпияздық» көрсететін кездер болып жүрді. Ондайда бетіме таңдана қарап, қарқ-қарқ күлетін маэстро: «Әй, сен тентек екенсің», дейтін де қоятын. Жүре келе мұның соңы кәдімгідей бауыр басқан туыстық сезім, қимастыққа ұласқанын да байқап жүрдім. Төрт-бес сағаттық әңгімеден соң бір-екі шы­ныдан кофе ішіп, кетуге жинала бастағанымда соншалық ыстық ықылас, мұңды көзбен сүзіле қарап, көңіл-күйі құлазып отырып қалатындай көріне­тін. «Шау!» – дейтінмін есіктен шығып бара жатып серпілту үшін.

Сөзден сөз туады дегендей, кейде алдын ала әзірлеп, қа­ғазға жазып апарған сұрақтар былай қалып, әңгімеміз мүлде басқа ауанға ауысып кететінін екеуміз де аңғармай, күтпеген жер­ден әлдебір қажет жайлардың беті ашылатынын сезбей де қа­латынбыз. «Осы сіз «Қорланды» сахнада орындадыңыз ба?» – де­дім бірде. Сол-ақ екен, Ерекең «Қорлан» әні, оның авторы Естай жөнінде шұрайлы әңгіме тиегін ағытып қоя берсін.  «Әрбір әншінің қолайына келетін әндері болады, – деп бастады. – Сен білесің бе, «Қорланның» үш түрі бар екенін. «Қорлан», «Құсни-Қорлан», онан соң ол екеуінен бір мысқал кем емес, аты да «Бір мысқал» үшінші «Қорлан». «Бір мысқал» алғашқы екеуінен асып түспесе, төмендігі жоқ. Оны аға досым Шәкен Аймановпен бірге павлодарлық қарт әнші Байғабыл Жылқыбаевтың орындауында талай тыңдадық. Жарықтық бабымен, бипаздап, беріліп айтатын. Әттең, бүгінде ондай әншілер жоқ. Бар, бірақ, Байғабылдардың шаңына ілеспейді. Қали Бай­жанов, Ғаббас Айтбаев, Бісміллә Балабеков, Қосымжан Бабақов секілді әншілерді өз әкем де жақсы көретін. Маған бұларды біліп жүр, ән шырқау мәнеріне көңіл аудар, олардың әрқайсысы бір-бір мектеп дейтін де, өзі де домбыраға қосылып, жай дауыс­пен халық әндерін шырқайтын. Әдетте, мен біреулердің әке-ше­шең өнер адамдары ма дей­тіндеріне «жоқ» деймін де, екеуінің дастарқан басында әу дейтіндерін ауызға алмаймын. Шын мәнінде, ата-анам өнер қадірін жақсы білетін, әнге іңкәр жандар еді. Шешем қаны татар болғанмен, жаны қазақ, халық әндерін нақышына келтіріп, тамылжыта орындайтын. Ұзақ жа­саған әкем ұлы Абайдың «Ту­ғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кі­рер денең» дегеніндей, бақиға аттанарда көзінен мөлт-мөлт жас тамшылап, «Қызыл бидай­ды» айтып жатып қайтыс болды. Ғажап емес пе? Әкем Мағжан Жұмабаевпен әрі жерлес, әрі Уфада бірге оқы­ған дос болған. Анамның аты Зылиқа, Мағжанның әйелінің аты да Зылиқа, оның ұлты татар еді. Әке-шешеммен өле-өлгенше сыйлас­ты, араласты. Жә, ол мұңлықтың бізден бөлек сүйенер жанашыры да жоқ есебі еді. Бірді айтып, бірге кетті деме. «Ер Тарғын» деп пе едік? Иә, «Қорланның» бірінші түрі «Ер Тарғын» операсында увертюра ретінде хормен орындалады. Ария түрінде де бар. Ендеше, Ер Тарғын рө­лінде «Қорланды» қалай айтпайын, айттым. Бірақ, сахнада жеке салған емеспін. Маған қол емес. «Қорлан» мен «Құсни-Қор­лан» Ришаттың бәсіресі. Оларды одан асырып орындайтын әнші болған емес, қазір де жоқ. Әсіресе, Ришат шырқайтын «Құсни-Қорланды» рахаттана тыңдаудан жалықпаймын. Ал, енді «Қорланды» шығарған Естай 1943 жылы Алматыда өткен ақын­­­д­ар слетіне қатысқан деп ес­­тимін. Соның өз орындауында «Қорлан» неге жоқ? Тым болмаса, сол жолы неге жазып алмады екен? Қарашы, Әміренің аты бар, таспада сүйсініп тыңдайтын әні жоқ есебі. Иса Байзақов біздің үйге жиі келетін, керемет әнші еді, оның да даусы сақталмаған. «Қор­ланның» авторы Естай әнші де солай. Неге? Түсінсем бұйырмасын. Біздің қазақтың ар­тын ойламайтын аңғалдығы ба­сым ғой. Жайбарақаттық, па­рықсыздық па, білмеймін. Бәлкім, күндердің күнінде мына менің орындауымдағы ән, ария, романстарды таба алмайтын хал­ге де жетеміз бе, кім білсін? Сондықтан, Мәскеудегі өз ұлым Байғали жетекшілік ететін «А-сту­диоға» барып, аса қажет бі­раз әндер мен арияларды жаздырып, үйде сақтап отырмын. Қазір тыңдайсың». (Ерекең аппаратты қосып, әлгі шығармалардың барлығын тыңдадық. Даусы қою, анық, ашық, тартымды).

Әдетте, өнер адамдары бе­рілген сұрақтардан автоматты түрде ауытқып, өзге арнаға түсіп кететін сәттерде айтылатын әңгімелердің көбі таспаға жазылып не қағазға түссе де, кітапқа енбейді. Бірақ, жоғарыда айтылғандардың көбі кітапта бар. Олар Ермектің қазақ өнері, ән қазынасынан хабары молдығын айғақтайтын жәдігер ретінде қо­сылды. Оған өзі де риза болып: «Мына жоспарда жоқ, лағып айта салған сөздердің кітаптан орын алғаны дұрыс болған екен, саған рахмет», деген-ді.

Сондай-ақ, ағайынды Ришат және Мүсілім Абдуллиндер, Әнуарбек Үмбетбаев, Құр­манбек Жандарбеков туралы «қосақ арасында» айтқан сөздерінің де біразы кітапқа ен­ді. Мәселен, үнемі ағалық ақылын айтып, қазақтың ескі сөз­дерінің мағынасын түсіндіріп, қамқорлық жасап жүретін Құр­манбек Жандарбеков ашуы келген тұстарда Ермекке үнемі «мой­­ныңды жұлып аламын» дейді екен. Бұл сөз бүкіл ұжымға тарапты. Бір жолы әуежайда билет тіркетіп жатқанда қол жүгінің салмағы артық болған Әнуарбек Үмбетбаев бір сом төлеу керек боп, төлемеймін деп қиғылық салыпты. Сонда: «Бір сом деген не, төлей сал­майсың ба?» деген Ермекке жыны қозған батыр тұлғалы Әнуарбек тап беріпті. Ермек қа­ша жөнеліпті. Соңынан қуып жеткен Әнуарбек алқымынан ала тұрып: «Мойныңды жұлып алайын ба?» дегенде, Ермек асып-сас­пастан: «Жұла алмайсың, бұл Құрекеңнің мойыны», – депті. Сөз төркінін ұға қойған Әнуарбек күліп жіберіп: «Әй, қу-әй, тауып кеттің, жарайды», деп жөніне жүре беріпті.

Алғашқы келісім бойынша, қанша дегенмен орысша оқыған Ерекеңе тезірек жетіп, тезірек қабылдау үшін сұрақтарды орысша қоятынмын. Анық есту үшін даусымды көтеріңкіреп сөй­лей­тінмін. Ал қазақшаны жүз процент білетін Ерекең мүдірмей жауап қайыратын. Және сөз­дерінің арасына әрқилы мақал-мәтел, туабітті қылжақпаспын деп алып, әлдебір әзіл-қалжыңдарды да қосып жіберіп отыратын. Олары орынды, қы­зықты болғандықтан, мақалаға қосылатын. Солардың бірі…

Қызметі үлкен, қалтасы қалың бір мықты мені қайта-қайта дос­тарымен бас қосатын жиынға шақырып жүрді. Уақыт болмай, әрі құлқым соқпай, үнемі сылтау айтып, бас тартатынмын. Дегенмен, бір жолы бардым. Таудағы дачасына кіл лауазымы жоғарыларды шақырған екен, мені де жік-жапар болып қарсы алды. Дастарқан қайысып тұр, құс сүтінен басқаның бәрі бар. Танауларын көтерген өңшең сырбаз, маңғаз еркектер, үлде мен бүлдеге бөленген сылқым әйелдер. Анау-мынауды кісі демейтін кердеңбайлар. Мені де танымағансып, көзге ілмегенсиді. Үй иесі ғана асты-үстіме түсіп, ел­­пілдеп-желпілдеулі. «Қалай, ұнай ма?», – дегендей бетіме мө­лие қарайды. «Ой, бәрі тамаша. Тек мұнда Николай Васильевич Гогольдің жоқтығы болмаса!», – дедім. Не ұғып, не қойғанын өзі білген үй иесі ыржақ-ыржақ күле берді. Мұндай жерде сөз жа­­­­раса ма? Бір-екі ән айтып едім, оларды да ешкім тыңдап жа­­­­­­рыт­пады. Ұзамай тайып тұрдым…

Шыны керек, кітапта Ере­кеңнің осы тақылеттес әзіл-қал­жыңдары түгел қамтылды. Өйткені, олар қариялық жасқа жеткен, көрген-түйгені мол, пайымы парықты, бітімі қалыпты, талғамы дара, ойы сара, сарабдал сана, дарабоз өнер иесінің кө­­кірекке тоқыған толғамдары еді. Біз бір-екеуін келтірдік. Толық нұсқа кітапта, әлбетте.

Саясатқа бармайтын. Алайда, кітаптағы әңгіме барысында қазақтың біртуар перзенті Қонаев туралы жеткілікті айтады. Нұрсұлтан Назарбаев хақында да солай. Аса тағылымды, қыз­­ғылықты сыр шертеді. Кі­таптың кезекті тарауының бірі «Нұрсұлтанның ел басқаруы ұнайды» деген тақырыппен бірнеше басылымда жарияланды. «Жағымпаз емеспін, жоғары атақтың бәрін Нұрсұлтансыз да алып қойғанмын. Нұрсұлтанның тұсында алғаным – тәуелсіз елі­міздің ең жоғарғы наградасы «Отан» ордені. Нұрсұлтан мені ұмытпайды, жағдайымды сұрап тұрады. Жақында  машинада бара жатқанымда телефон соғып, туған күніммен құттықтады. Од­ан ешқашан күлше сұраған емеспін, сұрайтын да ниетім жоқ. Тұратыным – үш бөлмелі пәтер, айлық күнкөріс нәпақам 500 доллар» деп те қоятын.

Қазақ КСР және КСРО халық артисі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР және КСРО Жоғарғы Кеңесіне әлденеше рет депутат боп сайланған, Лениндік сыйлықтар жөніндегі комитет мүшесі болған маэстродан бірде «Әлем артисі» деген атағыңыз бар ма дегенімде, «Ол не тағы, сен де қайдағыны шығарады екенсің, ондай атақты қайда береді, кім береді, ондай атақты майлап берсе де алмас едім», деп ал кеп туласын. Кешірім сұрап, әрең сабаға түсірдім.

«Қазақтың драма, опера театрының бастауында болған, кәсіби білімі жоқ табиғи талант иелері Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Қана­бек Байсейітов, Ғарифолла Құр­­манғалиев, Манарбек Ер­жанов, Жамал Омарова, Рәбиға Есімжановадай әншілер, Жиен­құлова, Тапаловадай би­ші­лер мен өзге де дарындар ұмытылып барады. Соларға қа­зіргі Абай атындағы театр жанындағы аллеяда ескерткіш қойса, керемет болмас па еді? Жұрт еске алып, тағзым етіп жүрер еді. Бұл еш қиын емес қой. Нұр­сұлтанға жо­лықсам, міндетті түрде айтамын», – дейтін. Онан соң…

«Кеңсайға барып жүресің, өзің де көретін шығарсың, мен де көріп жүремін. Айтшы, сондағы мәйіттерді біреу үй, біреу күм­без салып, тонналаған тас­пен бас­тырып тастаған дұрыс па сеніңше? Бұл не? Бұл тыраштық, түкке қажетсіз бәсеке, қазақы мырқымбайлық. Мәскеудегі зи­раттарды араладым. Бірінде ондай жоқ. Таллинде Георг Отс жер­­­ленген зиратта болдым. Он­да да солай. Қарапайым тас белгі қойған. Өз ата-анамның қабірін көтергенбіз. Қарапайым. Ешкімнен кем емес. Құранда айт­пайтын ба еді, мұсылманның қабіріне көк тас қойса жетеді деп. Кеңсайда басқаша. Көз ұялады».

Міне, ағайын! Күні кеше орта­мызда жүрген ұлы әнші Ермек Серкебаев жайлы әзірше ортаға салсақ деген азын-аулақ сыр-толғау жоралғысы осы. Артық-ке­мі болса, әншінің рухынан және оқырмандардан кешірім өтінеміз.

Рухы шат болсын!

Зәкір АСАБАЕВ, жазушы
АЛМАТЫ

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған