26 ЖҰМЫС БЕРУШІ 39 ЖҰМЫС ОРНЫН ҰСЫНДЫ

Еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор. Осы орайда, аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырды.

Карантин талаптарын сақтай отырып, әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылған жәрмеңкеге бірқатар бөлім басшылары, ауылдық округтер әкімдіктері, жұмыс берушілер және жұмыс іздеушілер қатысқан шараның басты мақсаты – жұмыс беруші мен азаматтардың ара қатынасының ашықтығын қамтамасыз ету болды.

— Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдарын, оның елімізге алып келген зардабы мен өзгерістерін айта келіп, еліміздің әлеуметтік дамуына, ел тұрғындарының табысы мен жұмыс орындарының сақталуын, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға басты назар аудару керектігін қадап айтқаны белгілі, — деп өз баяндамасын бастаған аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Салтанат Абдреевааудан бойынша жұмыспен қамту саласы бойынша екі бағдарлама іске асырылып отырғанын атап өтті. Оның ішінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылар санының жоспары 4 434 адам, орындалуы 1 263 адам немесе 28,5 пайыз болса, жұмыс іздеуші ретінде қайырылғандары 925 адамды құрапты.
«Бірінші бағыт бойынша Бағдарламаға қатысушыларды қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз етудің жоспары 40 адам, екінші бағыт: «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» несие жоспары 200 адам, қаралған қаражат 408,4 млн.теңге болса, 6 адам 24 млн.теңге несие алды. Кәсіпкерлік негізіне оқыту жоспары 431 адам. 200 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) грант жоспары 700 адам, орындалуы 100 адам (58,3 млн.теңге). Үшінші бағыт «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бағытында да жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындарына жоспар 210 адамның орнына 242 адам, (оның ішінде, мүгедегі 3 адам), Жастар практикасына жоспардағы 230 адам болса, 68 адам, (оның ішінде, мүгедегі 3 адам), ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жоспарланған 1 100 адамның 591-і (оның ішінде, мүгедегі 24 адам), бос жұмыс орындарына (тұрақты) жоспар 1 660 адам болса, бүгінде 256-сы (мүгедегі 2 адам) жұмыспен қамтылды.
Ауылдық округтер бойынша 534 отбасыдан (3 089 адам) әлеуметтік көмек тағайындауға құжаттар қабылданып, оның 464 отбасына (2 769 адам) шартты ақшалай, 70 отбасына (320 адам) шартсыз ақшалай көмек тағайындау шешімінің жобасы қабылданып, уәкілетті органға жіберілді. Ауданда белсенді халық саны 49 411 адам, жыл басында 2 223 жұмыссыздар есебінен жұмыссыздық пайызы 4,5% болса, жыл қорытындысымен жұмыссыздар саны 2 178 адамды құрап, жұмыссыздық пайызы 4,4%-ды құрады немесе 0,1%-ға кеміген», — деп сөзін қорытындылаған Салтанат Абдреева жәрмеңке жұмысына сәттілік тіледі.
Аудан әкімдігі жұмыспен қамту орталығының мамандары Айдана Саулебаева, Тимур Серикбаев, Асель Бактиярова жұмыссыз азаматтарды есепке қою және тіркеу, Дидар Сансызбаев, Олжас Маман бос жұмыс орындарына қажетті құжаттарды рәсімдеу мен жолдама беру қызметтерін атқарды.
Жәрмеңке нәтижесінде 26 жұмыс берушілер 39 жұмыс орындарын жариялады. Атап айтқанда, аудандық орталық ауруханаға бір жұмысшы мен санитарлық -эпидемиологиялық қызметкер, Бурыл ауылындағы «Физкультуралық сауықтыру кешені және спорт» бөліміне ғимарат тазалаушысы, білім бөліміне бухгалтер, А.Пушкин орта мектебіне іс жүргізуші, №1 мектеп-гимназиясына шет тілі мұғалімі, Намазбай Ақшабаев орта мектебіне мектеп тазалаушы, Өнер мектебіне автобус жүргізуші, балалар жасөспірімдер орталығына хореограф жұмысқа жолдама алды. Ал, Суханбаев ауылдық округіне ақылы қоғамдық жұмыс орнына 5 бірлік, Көктал ауылына 3 бірлік, Түймекент ауылдық округіне 2 бірлік, орман шаруашылығына 5 бірлік жұмысшы қабылданды. «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша «Байзақ су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны, Байзақ аудандық соты және Түймекент орта мектебіне бір бірден жас мамандар жіберілді. Сонымен қатар, «Олжас», «Олжа», «Ерлан» шаруа қожалықтары әлеуметтік жұмыс орындарына 1 бірліктен, «Сырғабай ата» шаруа қожалығы 2 бірлік, «Гүлназия» мен «Есенкулов» жеке кәсіпкерлігі 1 бірліктен, «Ақылжан 2017», «Expo Astana 2017», «Сарыөзек» Агроөнеркәсіптік кешендері әлеуметтік жұмыс орындарына 1 бірліктен қамтамасыз етсе, Ы.Алтынсарин орта мектебі мен аудан әкімдігінің жер қатынастары бөліміне тиісінше бір бірлікпен іс жүргізуші мамандар жолдамамен жұмысқа жіберіліп, жұмыссыз азаматтар жәрмеңкеден жұмыс тапты.
Жұмыссыздарға жолдамаларды аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Салтанат Абдреева салтанатты түрде табыс етті. Алдағы уақытта мұндай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жалғасын табатын болады.