Үкіметке, заңға бағынбаса, қайтіп адам болады бұлар?!
Бүгінгі ойымды баяндайын. Әнші Тоқтардың ойын естіп, таң қалдым. Әжептәуір жігіт екен деп жүрсем . Ойымды ашық жаздым: » Бұл -ер жігіттердің ұсақталып кеткендігінің белгісі. Қолына қару алып, отанды, елді қорғайтын азаматтарымыз әйелдің етегімен, қыздың орамалымен алысып, соны сөз қылғаны -құлдырауымыз. Революциядан кейін көпәйел алу, малға сату, оқымау, сауатсыздықпен күресу үшін «Қызыл отаулар» құрылды. Конфискациядан соң аштық жайлаған ауылдардағы қыз балаларды бастауыш мектептерде оқытып, педучилище бітіргізіп, ауыл-ауылдағы сауатсыздықпен күрес басталды. Соғыс жылдарында сұм соғысқа дайындады совет үкіметі. Содан Әлия, Мәншүктер шықты. Қазақ әйелі ерлерден еш қалыспаған. Тың игеру кезінде трактор, комбайнға отырды қазақ әйелі. Кәмшат, Дөненбаева, Зылиха Тамшыбаевалар, Жадыралар шықты жайнап. Қаншама қазақ әйелі ғылым докторы, профессор, депутат болды, лауазымды қызмет атқарды. Енді тәуелсіздік алып, алға адымдайық десек, не айтып, насихаттап жүрсіңдер, қазақтың жігіттері?! Қазақтың әйелін тұмшалап, басын бүркеп, көзін жылтыратып, құрт-құмырсқа, бақа-шаян, тышқанға айналдырдыңдар. Үн-түнсіз үй шаруасын істеп, бала тауып, ұрғашылық роль ғана атқаруды жүктеп отырсыңдар. Осы ма көздегендерің, берген бақыттарың. Керісінше апайларым, қарындастарым білім алсын, абыройы асқақтасын, емін-еркін өмір сүрсін деудің орнына. «Намазды дұрыс оқымады» деп бір намазхан жігіт жас жарын өлтірді. Титтей қыздарға хиджап кигізіп, мектепке әкелу- не деген сорақылық! Оған да жаздым пікірімді: «Білім және ғылым министрлігі мектеп формасы жайлы ереже қабылдауы керек. Мектеп оқушысы бай-кедей, діншіл, әсіредіншіл көрінбеуі керек, әлем-жәлем, ашық-шашық, алабажақ да болмауы тиіс. Көптеген мектептерде ереже бар, балалар біркелкі киінеді. Жақсы.» деп. Қазіргі ер-азаматтарға не көрінді. Айтатындары тек орамал, хиджап, кимешек, етек. Автобуста бір намазхан үгіт жүргізді «Тастақ мешітіне келе жатырмын. Тәте, мешітке келіңіз. Мұндағы адамдар үкіметке бағынбайтын басы бос, ойы азат еркін адамдар. Бірақ сіздер жасы үлкен адамдар совет адамдарысыздар. Үгіт-насихат құлақтарыңызға кірмейді» деп бөсті. Өзі мешіттің тұсынан түсіп қалды, еркін ойлы азамат адымдап бара жатты. Үкіметке, заңға бағынбаса, қайтіп адам болады бұлар?! Түсінбедім . Мен ЕЛБАСЫНЫ ТОЛЫҚ ҚОЛДАЙМЫН!