«ЕЛАНА» сайты – ізгілікке жол бастаушы!
Сүйінші хабар
Ғаламды құшағына алған интернет әлеміне, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, ізгілікті, парасаттылықты ту етіп көтерген «ЕЛАНА» сайты жол тартты. Виртуальді дүниенің жолы бұралаң. Көкжиегіне көз жетпейді. Сапар алыс. Діттеген межеге жетпей ат басын тарту үмітті ақтамайды. Сол үшін де тынымсыз ізденіс, тойымсыз мақсат қана жолына азық! «Көзіңді ашып жұмғанша жылдам хабар алғызған» бүгінгі дәуірде интернет газеттердің дәурені жүріп — ақ тұр. Бірақ ұстанған бағыттары әртүрлі. Қайтсем оқырманды жалт қаратамын деп әуреге түсіп, ақ тер — көк тер болып жүргендер де жетіп артылады. Ұлттық мүддені бәрінен жоғары қойып, табан жолынан таймай қасқиып тұрғандар да барына шүкіршілік! Соларға арқа сүйеп, әділдіктің ақ жолында өз қалыбын айқындап, анаға тән жылылықпен, мейірімділікпен, оқырман жүрегіне тың ойларымен түрен салуға талпынған жаңа сайттың көксегені көп. «ЕЛАНА» деп аталуы да бекер емес. Аты аңызға айналған Тұмар ханымнан бастап, кешегі Шоқанның әжесі Айғаным, Абайдың әжесі Зере аналар сияқты саналы ұрпаққа үлгі болар салиқалы сөз айтып, ұлағатты тәрбие беру басты мақсаты! Келешек жастарды жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа сүйіндіріп, өміршең ойларға үйір қылып, өмір жолында адаспай жүруіне сәлде болса демеу болу «ЕЛАНА» сайтының ізгі арманы! Осы жолда талмай, қажымай іс ету ұжым мұраты! Сан жылдар бойы БАҚ саласында жемісті еңбек етіп, өзекті ойларымен, проблемалық мақалаларымен елдің айызын қандырып, «Тура биде туған жоқ» принципін ұстанудан таймаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы бұл сайттың тізгінін ұстап отыр. Аналық ақ тілегі – жауқазындай жастарға тағылымды дүние ұсыну! Дарақылыққа жол бермеу!
Ендеше оқырман қауым, күнделікті дау — дамайдан шаршап, өсек — аяңнан қашсаңыз, сенсация қуған жантүршігерлік оқиғалардан жеркенсеңіз, танымдық дүниеге шөлдесеңіз, рухани қуатыңыз сарқылса, «ЕЛАНА» сайтына кіріңіз. Мұнда мазасыз ойға дауа, ұлттық рухқа күш берер, жаныңызға жылылық ұялатар, тарихтың терең қатпарынан сыр шертер дүниенің бәрі бар. Тек соларды көкірек көзіңізге тоқи білсеңіз жеткілікті.
«ЕЛАНА» сайты – сапарың оң болсын, жолың ақ болсын!
Нағашыбай Қабылбек