Құстар, құстар — адалдық серті ме едің?!

Исламғали Айбол Саматұлы — 1993 жылы 30 қарашада Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы (бұрынғы Тайпақ ауданы) Жұбан Молдағалиев ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Қазір Алматы қаласында тұрады.

«Атыңнан айналайын, Қазақ қызы!» атты республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпазы. Халықаралық «Шабыт» фестивалiнiң Ермұрат Зейiпхан атындағы арнайы жүлдеciнiң иегерi. Республикалық Махамбет оқуларының 2 орын жүлдегері, Республикалық «Мен жастарға сенемін» атты ақындар мүшайрасының 2-орын жүлдегері, Республикалық Қадыр Мырза Әли атындағы мүшайраның дипломанты, Республикалық «Көктем бүрлері» жыр-мүшайрасының лауреаты, 3-орын жүлдегері, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы арнайы сыйлықтың иегері, «Көктемгі идиллия» жыр жинағының авторы. Өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Ақжелкен», «Ұлан», «Алаш айнасы», «Тұмар» секілді газет-журналдарда жарияланып, «Жайық жырлайды», «Жезқоңырау» атты жыр-альманахтарына енген.

Мен Ташкентте өлер ем –

Алматы бар,

Тек мен ғана түсінем ол қаланы…

Есенғали Раушанов

 

Олар да Алматыны түсінбей ме,

Түсінбесе болады қандай ақын?!

Хамит Есаман

Сен ғана ма ең түсінер бұл қаланы,

Көктем де өткен,

қашанғы ол мұңданады?!

Достарға айттым…

Сырада басым қалғыр,

Құстарға айттым — олар да тыңдамады…

Құстар, құстар — адалдық серті ме едің?!

Көктің саған бұйырған көркі керім.

Көктем келе күтіп ем, (кеще басым),

Сары шалдың қасында мен кім едім?!

Көше жатыр адасқан ұлға күліп,

Ақын.

Өлең.

Теректер тұрған ұлып…

Кімдер енді қалады бұл маңайда,

Кімдер енді келеді?!

жылдағы үміт…

Бірі — көшін таба алмай, (бірің — шешім),

Қарға досқа, қайтейін, ұрынса өшім…

Қай даланың қаламыз жерін құшып,

Қай көктемнің оқимыз жырын сосын…

Ару қалар еске алып бақтарды әлгі,

Қайғысымен қарыған ақпан қарды.

Сосын, сосын сыр айтып масаң түнге,

Отырарсың шығарып жоқтан барды.

Несі қалды өткеннің парқын білмек?!

Алдың — құрмет, көргенің, артың — дүрмек.

…Біз кетерміз өмірдің бұлдап көшін,

Әділетсіз қаланың салтын күндеп…

Із

Кеудемізден жасыл қанат сөз саулап,

сүрмелі көздердің ішінде өртенді.

…Қиялда — Версальды тербеткен мың гүлзар.

Даланы жалғыздық көмкерді.

Жалғыздық — емексіп, өрекпіп,

Ауада қалқыған өксіктің соңынан еруге асығар.

Кенет.

Күт.

Қорқыныш төгіліп қылқалам ұшынан

Адасқан қиялдың ішінде қан болып жосылар.

Әуейі желдерден ұшындық,

Әулекі бұлттардан ұшындық

Содан соң…

Үй Елесі жанымызды түске орап,

Бақидың суреттерінен үзілген

Қып-қызыл отқа сіңді.

Экран ішінде Эвтерпа зарығып,

Жанарында әкетті жоқ ғасырды.

Түн күлді тасадан,

Түн күлді тасадан

Құсни xаттарды ұшырып

Жетім үркердің қолымен.

Іргеден естілген көрбілте шақтардың үнінде

Маңдайымдағы жазуды көшірмек болды

өлі дем.

…Жаураған аспанның көзі ісіп,

Мұңды мелодиядан оянған үйдің шатырын тоқтаусыз қақты.

Есік алдында — ақ қанат көгершін,

Бер жағында көлеңке сұлап жатты…

«Қош» дей алмай,

Жетім ойларды құшаққа ап

Көнерген кітаптай түледім.

Ал, кейін

Қабырғада гүлдеген үрейдің

қабағында қатып қалғанымды

білемін.

Үрке қарадық кімге?

Үрке қарадық неге?

…Қара ағаштың қауырсындары шашылып,

Жер ауыр күрсінді —

Мен де ауыр күрсіндім.

Сәби тұрды терезеге асылып,

Жол ауыр күрсінді.

Мен де ауыр күрсіндім…

***

Кешіріммен қараңызшы, сіз маған,

Кешіріммен қараңызшы, ізгі адам!

Мен көктеммен жылап тұрып қоштасқам,

Қиын емес шығар бірақ күзге одан.

Қиын емес шығар солай аспанға,

Ол да енді сене алмайды дастанға.

…Ол да енді өзіңіздей өкпелеп,

Көңіл іздеп жүрер ме екен бос қалған?!

Кешегіден жеткен сол бір жұрнақтың,

Құпиясын қара түнге ұрлаттым.

Мүлде бөтен бульварлардың ішінен

Сізді көрдім,

жүзді көрдім жұмбақ тым?!

Сізді көрдім,

кенет бәрі үнсіз қап,

Жүрегімнің түкпірінде мұң сыздап,

Түсінгендей болды білем теректер,

Түсінгендей болды білем ымсыз бақ.

Жаңбыр содан тоқтай алмай тұр ма екен,

Өткен күнді жоқтай алмай тұр ма екен?!

Кенет көкке бақ таярдай тұр ма екен,

Қуанышын сақтай алмай тұр ма екен?!

Мен ғажайып қызды көрем түсімде,

Бір әуендер төгіледі ішімнен.

Эx, сол сәтте сізді құшсам дейді екем,

Қиянатшыл сезімдерім үшін де.

Сізді құшып, тазаратын шығармын,

Тәңірімнен жаза алатын шығармын. —

Өктемдікке төзе алатын шығармын,

Өкпеңізді сезе алатын шығармын.

Артыңыздан еріп кетсем со шақта,

Кеудемдегі көп күмәнді қосақтап.

Бірақ қалай көнер екем жоққа мен,

Сенер екем түстеріме осы аппақ?!

 

Қошеметті өз қолыммен көмсем ғой,

Күллі ғалам жылағанын көрсем ғой.

Ең аяулы мезеттерді есіме ап,

Періштеге күліп қарап өлсем ғой!

Кешіріммен қараңызшы, сіз маған,

Кешіріммен қараңызшы, ізгі адам!

Мен көктеммен жылап тұрып қоштасқам,

Қиын емес шығар бірақ күзге одан…

Түн кешу

Жолдан — сабыр сұрадым, құстан — қанат,

Жылағанда төбемнен мыстан қарап.

Жанарымнан жұлдыздар төгіледі

Қара түннің кеудесін құшқанда алап…

Еміреніп, егіліп көл толқиды,

Тебіреніп, төгіліп жел толқиды.

Есірік күй еңсемді езгілесе,

Өршіленіп өрлеуіт бел толқиды.

Жалдамшы боп шығардай жаным сонда,

Алдамшы боп тұрардай сағым сонда.

Бір ғажайып сәуленің жоғалды ізі,

Үмітімді, қайтейін, шағылса ол да.

Үзілмеген түстерден таптым медет,

Гүл еркелеп, ішінде бақ гүлдеп ед(і).

Көлеңкеме қолымды созып тұрып,

Обалымның отына баттым кенет?!

Бетін жапқым келді ме күнәлі ойдың,

Бетім шаққың келді ме жыланы ойдың?!

Мынау шексіз ғаламның тақсіретін

Таспасына тағдырдың жылап ойдым.

Қайтара алмай аспанның жасын, отын.

Күрсініс боп төгілер қасіретім,

Мінәжатын оқимын сынған айдың

Жалғанбаған жолдардың басып өтін.

Сосын мені көтеріп дүрия аспан,

Табанымнан түрткелер дүлей асқан.

Сорлы ақынның маңдайын күнге таңып,

Қойынына әкетер дүния астам.

Алагөбе шақ келер Арды байлап,

(Алауыз таң тап келер қарғы байлап.)

Арманымды Хақ көрер сонда менің,

“жалғыздығын отырған қалғып-ойлап…”

 

***

Мен сені күтемін
тыныштық ауғанда қалаға,
тыныштық ауғанда бөлмеме.
бір үміт өшкенде санада,
бір үміт жатқанда көлденең,

жалыққан көздердің ішінде,
ескірген жазбаның бетінде,
қалғыған аспанның түсінде,
қайғырған маусымның өтінде,

есінен адасқан жолдарда,
ұзаған сәуленің ұшында.
гүлдері жылаған қорғанда —
сәттердің тоқтаған тұсында.

Өртенген жапырақ демінде
жыртылған қағаздың қалпында
ойларым ораса кебінге,
өксігім тірелсе алқымға…

Сен бе едің жанымды алатын,
Сен бе едің шақырған төбемде?
Көзімді сипаған қанатың
Айналып кетер ме өлеңге?!

Қайғы алып кетер ме кәрі аспан,
Баянсыз көктемді мүсіркеп?!
Қартайған ойлармен таласқан
Көңілді жазғырдым құсүркек.

Жазғырдым жүректің зар-мұңың
шамдарын өпкенде көшенің.
Қалыпсыз үндердің барлығын
жауынның астына төседім.

Жауынның тілінде жаздым мен,
Жауынның тілінде жаздым мен…

 

Ида

Қайғыруды ұмытқан, гүл алуды білмеген,
Ида, сенің көзіңде өмірді ойлап тұрды өлең.
Мына ғалам ертегі оқып тұрса бір қызға,
Сен де аспан қызғанған айналарсың жұлдызға,
Мен де солай елеусіз естелікпен бірге өлем.

Ида,
Ида,
Қайда еркім?
Ессіз бола алар ма екен мұнша адам?!
Көлеңкемдей жасырып жүр ай көркін,
Аяулым-ау,
Күн жыласа, —
жыр саған,
Түн жыласа, —
жыр саған…

Не күтейін қадірі жоқ ісімнен?
Тағы қайтып сезімдерді жұтты үміт.
(Тұрар ма едің көк тұманның ішінде,
Бұл ғаламға әділдікті ұқтырып?!)

О, Ұлығым,
Қайтар енді жанымды,
Ақ гүлдерге орап бер де шашылған…
Соның үшін көктен жеткен әр үнді
Көбелектің жүрегіне жасырғам.

Іңкәрлікті сезіне алар шақ бар ма?
Өмір деген — Ида, сондай күпті ілім.
Жапырақтар жылап жатқан бақтарда,
Уақыттың тоқтағанын күтті кім?..