МАҒЖАННЫҢ МҰҢЫ

Колыма лагерлерінде Мағжан ақынмен бірге болған Абдулла Әбдірахманов ақсақал ақын жайлы есіне түсіргендерін айта бастады. Біз де  көңілдегі сауалдарды қойдық. — Мен Мағжан Жұмабаевпен дәл осы лагерьде таныстым. Оған көптеген адамдар барып, жолығып тұратын. Ақыл-кеңес сұрайды, әңгімесн тыңдайды. Әрине, еркін көсіліп сөйлесуге жағдай жоқ, арадағы тыңшылардан сақтанасың. Мағжан мен үшін нағыз әулие саналған адам.

Орыстармен, басқаларымен шүйіркелескенде мүдірмейтін. Тілге жетік еді. Сұрақтарыңа қарай айтарым мынау, бұл жерде бізбен бірге түркмендік Байрамгелді деген, пәмилесі есімде жоқ, саяси сотталған кісі болды. Булаевтан (Солтүстік Қазақстан облысындағы аудан – С.Т.) Саттар Қазанғапов пен тағы бір жігіт болып еді. Қалғаны есімде жоқ. — Мағжан Жұмабаевтың жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері қандай еді? — Мағжан кербез жүретін (ата оның жүрісін салып келтірді). Сөйлегенде адамға тіке қарамай, мойынын бір жағына бұрып, қырындау отыратын. Даусы жұмсақ, биязы еді. — Мағжан айтқан әңгімелерден есіңізде не қалды? — «Алаш» партиясының мүшесі болғанын, оның басшылары мен қолдаушыларының түгел дерліктей қуғындалып, қамалғанын айтқаны ойымда қалыпты.

Жұмабай Шаяхметов – Сталиннің оң қолы болмақ, Сәбит Мұқанов – Голощекиннің сол қолы болмақ, Асқар Тоқмағамбетов – Мәйкевский (Маяковский дегені – С.Т.)- болмақ көрінеді дейтін. Сәбит Мұқановтың түрін бір көрсем деуші еді. Неге олай дейтінін іштей ұғатынбыз. — Одан басқа не әңгімесі есіңізде сақталды? — Сәбиттен зәбір көрген ау шамасы. Қазақ зиялыларына жасалған қиянаттардың шет жағасын шығаратын. Қасындағылардың жау болып шыққанын айтатын еді. Бірінші рет  Сібір жақта отырып келген екен.  Елде жүргенінде Сәбит Мұқанов  жәрдем етіп, жұмысқа алдырыпты. Кейін «бұл шіріген жұмыртқа тағы шіріп жатыр» деп  хабарлапты. Соны айтатын. Ол (С.Мұқанов — C.Т.) мәдениет, өнер саласындағы барлығын соттатты, тек жалғыз кісіні алып қалды деді.

Онысы ридәксияда бастық болыпты, Түркіменстан жақтың тумасы болған. — Мағжан Жұмабаевтың қайтыс болғанын қалай білдіңіз? — Ертеңгісін жұмысқа апарарда сапта тұрғанбыз. Оның қайтыс болғанын естідік. Өліктерді жерлейтін арнайы адамдар болады. Солардың  әкетіп бара жатқанын көрдім. Қасына барып қоштасуға, жерлесуге күзетші әскер жібермеді. Іштей қамығып, көзге жас алдым.

Сания ТОЙКЕН, «Ақ жайық» газетінде шыққан мақаладан үзінді  

http://kazakh-tv.kz/kz/view/blog/page_188214_mahzhannyn-muny