Автобуста болған оқиға

Автобуста тұрмын. Арт жағымнан біреу түртті де, ақшасын ұсынды. «Жүргізушіге беріп жіберші» деді. Қатар тұрған егделеу жастағы ер кісі ақшаны алғанымды көрді. Қолымды созып едім, ар жағында тұрған орыс әйелді қолындағы ширатып орап алған газетімен түртті.

Мұнысы маған ерсілеу боп көрінді. Әйел қолын созып мендегі ақшаны алып, артынша билетті қайтадан маған созды. Ортадағы кісі тағы да араласпады. Қызық боп тұр маған. Неге? Терезеге қарап ойланып кетіппін, әлгіндегі қазақ емес, түрік, я күрт болар деп түйдім, ер кісі енді мені түртті газетпен. «Айналайын, қарындасым, ренжи көрме, жұма намазға бара жатыр едім.

Әйел затына қолым тиіп кетсе, дәретім қаза болады, ренжи көрме» деді таза қазақша. «Аа, оқасы жоқ» дедім. Не деймін енді. Ренжігенім қатты байқалса керек. Ұят-ай… Біреудің аппақ ниетіне көлеңке түсіре жаздаппын… Осы пенделік дегенді қоя берсеңші…

Шынар Әбілдәның фейзбук парақшасынан