Қазіргі кезде 600 мыңға тарта отбасы «сұр» тарелкаларды пайдалануда
Қазақстанда 600 мыңға тарта отбасы «сұр» спутниктік тарелкаларды пайдаланып жүр. Жалпы елімізде 1,5 миллион адам қазақстандық телеарналарды қарамайды. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Жалпы отырыста министр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» атты заң жобасын таныстырды.
Кейін халық қалаулысы Әлия Сапарова еліміздегі азаматтардың біраз бөлігі «сұр» тарелкаларды пайдаланып, отандық БАҚ таратқан ақпараттардан тыс қалып отырғанын атап өтті. Осы орайда ол Дәурен Абаевтан аталған салаға қалай бақылау жүргізетінін сұрады.
«Телерадио хабарларын тарату туралы» заң жобасы бойынша аталған салада лицензия мен өзінің спутниктік жүйесі жоқ, операторларға тыйым салу нормасы ұсынылып отыр. Аталған норманы қолдай отырып, бір нәрсені анықтағым келеді. Яғни аталған норма «сұр» спутниктік тарелкасы бар азаматтарға қалай әсер етеді? Аталған саланы қалай бақылауға алмақсыздар?», — деді депутат.
Осы орайда ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі аталған сала ақпараттық қауіпсіздік үшін өте маңызды екенін атап өтті.
«Бұл мәселе еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты. Қазіргі кезде 600 мыңға тарта отбасы «сұр» тарелкаларды пайдалануда. Бұл жерде жады картасы пайдаланылады. Ал онда қазақстандық телеарналар орнатылмаған. Осы орайда шамамен 1,5 миллион адам Қазақстанның ақпараттық кеңістігінен тыс қалып отыр, яғни олар қазақстандық телеарналарды қарамайды және елімізде не болып жатқанын білмейді», — деді министр.
Абаевтың айтуынша, ел тұрғындары «сұр» тарелкаларды пайдалануды жалғастыруда. Себебі, бұл сала елімізде заң жүзінде реттелмеген.
«Сондықтан бұл мәселені өзекті деп білеміз. Осы құрылғыларды пайдалануды адамдар жалғастыра береді. Бұл тұрғыда тұтынушыларға ықпал етудің ешқандай шаралары бізде қарастырылмаған. Алайда біз осы карталарды таратып жүрген адамдырды құқықтық кеңістікке шығарудамыз. Олар шынымен де Қазақстанның құқықтық кеңістігінен тыс қалып отыр. Электронды төлемдер арқылы төленген ақша басқа елдерге кетіп жатыр», — деп түйіндеді сөзін министр.