Мектептерде үш тілде білім беру жүйесін енгізудің негізгі мәні қазақ тілінде болып отыр.

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мектептерде үш тілде білім беру жүйесін енгізудің негізгі мәні қазақ тілінде болып отыр. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осылай мәлім  етті.

«Қазіргі күні орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілі оқытылғанымен, оны бітіріп шыққан орыс, қазақ және басқа ұлт өкілдерінің ешқайсысы да қазақша сөйлеп кеткен жоқ. Бұны жасырудың қажеті де жоқ. Көбісі қазақ тілінде сөйлемек түгілі оны түсінбейді де.  Сондықтан да, біз міндетті бағдарламалардың жоспарында Қазақстан тарихы мен әдебиеті қазақ тілінде өтетін болады. Бұл Қазақстанның барлық мектептерінде де осылай жүреді», – деді Е. Сағадиев.

Осыған дейін хабарлағандай, министр елімізде үш тілді білім беруге көшуде еш кедергі болмауы керек деп санайды. «Біз 2019 жылға дейін жоғары сыныптарды осы жүйеге көшіретін боламыз. Бір айта кететіні, мектепте жоғары сыныптарға техникалық мамандықтар пәнін ағылшын тілінде өткізе отырып, оқушының әлемдік оқудағы үдерістерге ықпалдасуына жағдай жасаймыз. Бұндай ықпалдасу оқушы үшін міндетті. Осылайша, ол жоғары оқу орындарында да ағылшын тілінде оқытылатын техникалық пәндерге бейімделе бастайды», – деген болатын министр Е. Сағадиев.

Автор: Қанат Мәметқазыұлы