Еліміздің Бас прокуроры ауысты

Бүгін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Бас прокуроры болып Жақып Асанов тағайындалды.

Жақып Асанов 1963 жылы 17 тамызда Қызылорда қаласында туған. Қазақ Мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

1986-1993 жылдары Қызылорда облысының прокуратура органдарында қызмет атқарған. Сондай-ақ, ол 1993-1994 жылдары Бас прокуратураның басқармаларында басшылық лауазымдарда болған.

1994-1996 жылдары ҚР Президент Әкімшілігі заңдылық пен құқықтық тәртіпті және сот реформасын қамтамасыз ету бөлімінде кеңесші, меңгеруші болып қызмет атқарса, 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша салық полициясы басқармасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. 

1997-2001 жылдары ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі – әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы, мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы лауазымдарын атқарды. 

2001 жылдың басынан 2003 жылдың маусымына дейін Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары, Павлодар облысының прокуроры қызметінде болған. 

2003-2005 жылдары ҚР Әділет вице-министрі болып қызмет етсе, 2005-2006 жылдары «Атамекен» кәсіпкерлер мен жұмысберушілер жалпыұлттық одағы атқарушы директорының орынбасары, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» АҚ-ы директорлар кеңесінің төрағасы, «Ордабасы» корпорациясы» АҚ-ы президенті, директорлар кеңесінің мүшесі болды.

2007-2012 жылдары ІҮ және Ү шақырылған Парламент Мәжілісіне «Нұр Отан» партиясының атынан депутат болып сайланды.

Үш баланың әкесі Ж.Асанов 2012 жылғы 6 қыркүйекте Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары болып тағайындалды.

3-санатты мемлекеттік әділет кеңесшісі. Заң ғылымдарының кандидаты. «Құрмет» орденінің, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалінің, «Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері» кеуде белгісінің иегері.

«ЕлАна»