3 миллион грант иелері белгілі болды
Облыста жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына қатысты бөлінген гранттарды кімдердің жеңіп алғаны анықталды, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.
Жалпы, бұл гранттар облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды – инновациялық дамыту басқармасы тарапынан «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге экономиканың басым секторларында және Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында айқындалған өңдеуші өнеркәсіп салаларында және көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлерінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін бөлінген болатын.
Конкурсқа қатысу үшін барлығы 466 өтінім беріліпті. Оның ішінде 21 өтінім мүмкіндігі шектеулі азаматтар тарапынан түскен. Соның ішінде Тараз қаласынан – 159 жоба (оның ішінде 2 мүгедек азаматтар), Байзақ ауданынан – 43 жоба, Жамбыл ауданынан – 23 жоба, (оның ішінде 2 мүмкіндігі шектеулі азаматтар), Жуалы ауданынан – 31 жоба (оның ішінде 1 мүмкіндігі шектеулі азамат), Қордай ауданынан – 16 жоба (оның ішінде 2 мүмкіндігі шектеулі азаматтар), Меркі ауданынан — 27 жоба (оның ішінде 9 мүмкіндігі шектеулі азаматтар), Мойынқұм ауданынан – 8 жоба, Сарысу ауданынан – 56 жоба, Т.Рысқұлов ауданынан – 26 жоба (оның ішінде 1 мүмкіндігі шектеулі азаматтар), Талас ауданынан – 46 жоба (оның ішінде 4 мүмкіндігі шектеулі азаматтар), Шу ауданынан – 31 жоба қаралған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 19 сәуірдегі №234 қаулысымен бекітілген Қағида талаптарына сәйкес, грант алуға үміткер кәсіпкерлердің өтінімдерін іріктеу арнайы құрылған Конкурстық комиссия тарапынан жүргізілгені белгілі. Осы күнге дейін, конкурстық комиссияның 7 отырысы өтіп, олардың нәтижесі бойынша комиссия мүшелері әр жобаны жеке-жеке талдап, өздерінің шешімдерін хаттамаларға қол қою арқылы рәсімдепті. Конкурстық комиссияның шешімі бойынша 158 жас кәсіпкер жалпы сомасы 324 миллион теңгеге грантттың иегері атанған.
Тарқата айтқанда Тараз қаласынан 109,2 миллион теңгеге 49 жоба мақұлданса, ашылатын жұмыс орындарының саны 123-ті құрап отыр. Байзақ ауданынан 17,5 млн. теңгеге 9 жоба мақұлданып, 27 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жамбыл ауданынан 19,3 млн.теңгеге 12 жоба мақұлданыпты. Соның арқасында 32 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жуалы ауданынан 32,5 млн.теңгеге 15 жоба мақұлданса, ашылатын жұмыс орындарының саны – 36. Қордай ауданынан 12,5 млн.теңгеге 6 жоба мақұлданған, ашылатын жұмыс орындарының саны – 7. Меркі ауданынан 19,0 млн.теңгеге 10 жоба мақұлданды, ашылатын жұмыс орындарының саны 20-ны құрап отыр. Мойынқұм ауданынан 5,5 млн.теңгеге 3 жоба мақұлданған екен, бұл ауданда 4 жұмыс орны ашылатын болды. Сарысу ауданынан 35,5 млн.теңгеге 20 жоба мақұлданса, ашылатын жұмыс орындарының саны 73 деп болжануда. Т.Рысқұлов ауданынан 22,8 млн.теңгеге 11 жоба мақұлданыпты, ашылатын жұмыс орындарының саны – 26. Талас ауданынан 37,5 млн.теңгеге 16 жоба мақұлданса, ашылатын жұмыс орындарының саны – 35. Шу ауданынан 12,7 млн.теңгеге 7 жоба мақұлданған, 17 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Конкурсқа қатысқан кәсіпкерлерге конкурстық комиссияның шешімі туралы хабарламалар Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері арқылы жолданыпты. Қазіргі уақытта бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі қаржы агенттігі және шағын кәсіпкерлік субъектісімен мемлекеттік грант беру туралы шарттар рәсімделуде екен.
Әлім Мұратов
Жамбыл облысы