30 жоба инвестормен жүзеге асырылмақ
Иә, Оңтүстік Қазақстан облысында 30 жоба инвесторлармен бірге жүзеге асырылмақ. Атқарылар істер үшін алғашқы қадамдар басталып та кетті. Қазірдің өзінде келісім-шарт түзілген 13 жобаның 8-іне конкурс жарияланып үлгерді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жуырда ғана халықаралық «Industry and Engineering Corporation» компаниясының директоры Н.Роузенгари мырзамен кездескен болатын.
Екі жақты кездесу барысында өңірде инфрақұрылым, жол және денсаулық сақтау сынды бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін меморандумға қол қойылды. Артынша жоғарыда айтқан 13 жобаның 8-ін жүзеге асыру ісі қолға алынған.
Өңірімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы 9,3 млрд. теңге болатын 13 жобаға жеке әріптес анықталып, келісім-шарт түзілді. Оның ішінде 8-і білім беру нысаны болса, 3 спорт, 2 денсаулық сақтау нысаны. Өңір басшысы аталмыш компаниямен тағы 17 жобаны іске асыруды көздеп отыр. Бұл жоспар бойынша жыл соңына дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында келісім шарт түзу көзделуде.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы Шымкент қаласында онкологиялық орталық құрылысын, «Қауіпсіз қала», Шымкент және Түркістан қалалаларының көшелерін жарықтандыру сынды жобаларды іске асыру жоспарлануда.
Лайым, игі жобалар жүзеге аса бергей!
С. Салауат, Оңтүстік Қазақстан облысы