30 жылдың қорытындысы: Қарағанды мектептеріндегі инклюзия – барлығы үшін тең мүмкіндіктер
Қарағанды облысында 404 мектепте инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған, бұл жалпы көрсеткіштің 81%-ын құрайды. Тоғыз жыл бұрын мұндай алғашқы мектеп ынта-жігермен ашылған болатын.
2012 жылы пилоттық жоба Қарағандының № 27 ЖОМ болды. Онда қарапайым оқушылармен қатар ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытатын сыныптар ашылды. Бүгінде бұл білім ордасы – арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту бойынша Ұлттық орталықтың тәжірибелік алаңы, облыстық ресурстық орталық болып табылады. Тәжірибе алмасу үшін мұнда республиканың басқа қалаларынан ғана емес, шетелден де келді.
Бұл бағыттың негізін қалаған мектептің бұрынғы директоры Клара Даубаева болды. Инклюзия идеясына ол Мәскеудегі Ямбург мектебінде оқып жүргенде студент кезінде әсерленді. 2012 жылы Қарағандыда «Баршаға арналған мектеп» моделін енгізді.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыру институты әдістемелік көмек көрсетті. Оның бұрынғы ректоры Сәбит Контаев АҚШ-қа бару грантын жеңіп алды. Американдық мектептерде ол инклюзивті оқыту жүйесімен танысты.
– Инклюзияның мәні – қоғамдағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар баланы әлеуметтендіру. Қағидат – «әр түрлі – тең». Балаларды бір-бірінен оқшаулауға болмайды, – деп Сәбит Контаев атап өтті.
– Біздің мұғалімдер Финляндияда болды. Өз кезегінде фин әріптестері бізге келді. Біздегі жетістікті көріп олар қатты қуанды. «Біз бұған 20 жыл бойы жүріп қол жеткіздік, ал сіздер 5 жыл ішінде осындай жағдай жасадыңыздар», – деп еске алады Клара Даупбаева. – Біздің тәжірибемізді Татарстан педагогтары зерттеді. Оларды біздің әдістеме мен тәжірибе қызықтырды.
Қиындықтар аз болған жоқ. Арнайы интернаттардағы ерекше балалардың орны сияқты стереотипті жеңу үшін уақыт қажет болды. Білім, практикалық тәжірибе, материалдық-техникалық қор жетіспеді. Бірақ қиындықтар арқылы жетістікке де жетті. Мектепте психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметі құрылды.
Бюджет қаражатына заманауи жабдықтар сатып алынды. ЕДШ, сенсорлық интеграция, психологиялық тұрғыдан жеңілдету, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау кабинеттері бар. Педагогтар Монтессори жүйесі бойынша түзету сабақтарын өткізеді. Қалпына келтіру үшін иттермен қатынасу – канистерапия қолданылады.
Сонымен қатар, мектепте қосымша білім беру дамыған. Қыш-құмыра цехы, изостудия, сәндік-қолданбалы өнер үйірмесі ашылды.
Қарағандыда бірінші инклюзивті сынып түлектері ересек өмірге аяқ басты. Кейбіреулер колледждерде оқуын жалғастырды. Аутизм бір жігіттің университетке түсуіне де кедергі болмады.
Экс-директор инклюзияны дамыту бағытындағы өз ісін қалдырмады. Мектепте және облыстық ресурстық орталықта жұмысын жалғастыруда. Орталық қызметкерлері мастер-класстар, семинарлар өткізеді, әдістемелік материалдар әзірлейді.
– Әр баламен жеке жұмыс істеу қажет. Аутисттер өте көп болды, біз бұл балаларды аша білуіміз керек. Егер оның ішкі әлеміне кіре алсаңыз – бірлескен жетістік болады, – дейді педагог. – Алғаш бастаған кезде бізде 32 ерекше оқушы болды. Қазір 117, оның 21-і үйде оқытылуда. Бірақ біз үйде оқитын оқушыларды міндетті түрде мектепке шақырамыз. Онсыз әлеуметтік бейімделу мүмкін емес.
«Әр бала мектепке лайық» жобасы аясында «Болашақ» қоры облыста 4 инклюзияны қолдау кабинетін ашты, 2022 жылы тағы үш кабинетті құру жоспарлануда. 11 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, екі оңалту орталығы жұмыс істейді. 6 мыңнан астам мұғалім инклюзивті әдістемелерге оқытылды.