3000 жылдық тарихы бар қазан табылды

Жамбыл ауданының Бесағаш ауылынан осыдан 3000 жыл бұрын қолданылған қазан табылды. Көне жәдігерді Бесағаш ауылынан Ертай есімді азамат қабір қазып жатып тауып алған.

Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы-археолог Сауран Қалиев Бесағашқа арнайы барып тарихи жәдігермен танысты.

Тарихшы көне қазан біздің заманымызға дейінгі V-III ғасырдағы сақ дәуіріне жататынын айтады. Қола мен қалайының қосындысынан жасалған қазанның бойы – 70, диаметрі – 66 сантиметр.

– Қазан табылған маңда ортағасыр қалашығы – «Ақтөбе» елді мекенінің орны бар. Бірақ, қазан темір дәуіріне жататындықтан, Ақтөбенің тарихы да сонау ерте темір дәуірінен басталуы мүмкін. Бұл аумақта осы уақытқа дейін кешенді түрде ешқандай археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Осы жәдігердің табылуы Жамбыл облысының Шу-Талас өңіріндегі ерте орта ғасырлық және темір дәуіріне тән нысандарда кешенді түрде ғылыми- зерттеу жүргізіледі деп үміттенеміз. Сондықтан, ерте қола мен темір дәуіріне қатысты кенжелеп қалған зерттеу жұмыстарына көңіл бөліну керек, – дейді тарихшы-археолог Сауран Қалиев.

Тарихшы қазан ернеуіндегі ою- өрнектің геометриялық дәлдікпен жасалғанына қарап, сол кездегі сақ мәдениетіндегі тайпалардың математикалық есептеулерді мықты меңгергендігін шамалайды. Ал ою-өрнек нышандарының қазанның аузы мен сыртқы бетіне шығарылып жасалуы молшылықтың белгісі.

Қазан Бесағаш ауылындағы мектеп мұражайына берілді.

Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ,
Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының ғылыми қызметкері.
Жамбыл ауданы