Нұрсұлтан Назарбаев жерді сату мен жалға беруге қатысты пікір білдірді
Қазақстан президенті еліміздің Бас прокуратурасында болып қайтып, азаматтарға өз құқықтарын, сондай-ақ елде қабылданып жатқан заңдарды, соның ішінде Жер кодексін дұрыс түсіндірудің маңыздылығын атап өтті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Кодексте жердің шетелдіктерге сатылатыны туралы ештеңе айтылмаған. Біздің міндет – жердің меншік иесі болып, оның дұрыс пайдаланылуы үшін Қазақстан азаматтарына жерді жекешелендіру мүмкіндігін беру. Жер қурай басып, иесіз жатпай, түсініксіз мақсатта пайдаланылмай, халықтың игілігіне айналуы керек», – деді мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев жаңа норманы толық түсінбеу және бұрыс мазмұндау деректері бар екенін айтты.
«Бұл мәселе мемлекет қабылдап отырған заңдарды халыққа түсіндіруге міндетті үкімет пен жергілікті атқарушы билікке, сондай-ақ құқық қорғау органдарына қатысты», – деді Қазақстан президенті.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы үлкен резонанс тудырған істер бойынша прокурорлар президенттің тиісті тапсырмасынан кейін ғана шара қабылдаған жағдайлар болғанына назар аударды.
«Заңды сақтаушылардың өздері өкілеттіктерін орындау жөнінен мінсіз болуы тиіс. Сонда сенім арта түседі, арыз-шағым азаяды, БАҚ-тағы материалдардың мазмұны да өзгереді. Бұл – күрделі міндет, бірақ оны шешпейінше, біздің барлық жоспарымыз үзіліп, стратегиялар мен қабылданып жатқан бағдарламаларға да қатер төнеді. Сондықтан мен сіздерді дұрыстап жұмыс істеуге шақырамын. Бес институционалдық реформа мен «100 қадамда» ол шаралардың бәрі нақты жазылған», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті көзделген реформалар арқасында құқық қорғау және сот жүйесі азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі өз жұмысының тиімділігін арттыра түсетініне сенім білдірді.
Дереккөз: Ақорда