31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу. Шу өңіріндегі алапат ашаршылық

Бұл мақаланың авторы Тұңғышбек Сейсенұлы бауырымыз педагогика саласында қырық жылдан аса жемісті еңбек етіп келеді. Жәй мұғалімнен мектеп директорына дейін, одан соң аудандық білім бөлімінің бастығы болып та жұмыс істеді. Қазір Еуразия Ұлттық университетінде жетекші ғылыми қызметкер Тұңғышбек Сейсенұлы көптеген білім, тәжірибе жөніндегі кітаптардың авторы. Өткен жылы «Жамбыл өңіріндегі ашаршылық зардаптары» кітабын оқырманға ұсынды. Бүгін біз сол кітаптан үзінді беріп отырмыз

 фото-Д

Шу өңіріндегі алапат ашаршылық

 

ХХ ғасырдың 30-жылдарында Қазақстанда ұжымдастыру саясаты шаруалардың еркінен тыс күшпен жүргізілгені белгілі. Коммунистік партияның 1927 жылғы ХҮ съезі ауыл шаруашылығын ұжымдастыру бағытын жариялады. Ұжымдастыру және сонымен бірге отырықшыландыру халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі өркениет негізінде жасалған дәстүрлі мал шаруашылығын күйретіп, қазақ қоғамының әлеуметтік негізінің жойылуына әкеп соқты, соның салдарынан тұтас халық алапат ашаршылықты басынан кешірді. Кеңестік тарихнамада ашаршылық шындығы жасырылды. Большевиктік билік қазақ халқының 1930-1933 жылдардағы ауыр жағдайын патшалық Ресейдің отарлау саясаты мен 1918-1920 жылдардағы азамат соғысы және халықтың сауатсыздығынан туындаған себептер деп ақталды. Ашаршылықтың ақиқатын ашуға сол кезде өкіметтің тарапынан қатаң тыйым салынды. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана тарихшы-ғалымдар қазақ еліндегі 30-жылдардағы адамзат тарихындағы ең қасіретті апаттың себептері мен зардаптарын жан-жақты зерттеуге кірісті.

Тарихи деректерге көз жүгіртсек…

1928 жылы Шу аймағының көп бөлігі Алматы округінің құрамында болған. Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің 1930 жылдың 23 шілдесінде шыққан қаулысы негізінде округтер таратылып, оның орнына аудандық әкімшілік-аумақтық басқару ұйымдастырылады. Осы қаулымен жаңа құрылған 121 аудандар қатарында Шу ауданы да құрылады. Орталығы Шу селосы болды. (Алматы орталық мемлекеттік мұрағаты: «Собрание законов и распоряжений рабочего и крестьянского правительства СССР», 1930 г., № 37, стр. 400» )

РСФСР Халық Комиссарлары Советі Төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов өз басына төніп тұрған қауіптен тайсалмастан, 1933 жылы 9 наурызда Сталинге жазған хатында қазақтардың арасында 1932 жылдан бастап қайтадан кең етек алған аштық пен індет сұрапыл өршіп отырғаны жайында шындықты ашып көрсетті. Қазақстандағы халықты аштықтан аман алып қалу үшін өкімет тарапынан жедел көмектің қажеттігін, атажұртынан үдере көшкен қазақтардың бар мақсаты күнкөрістің қамы екендігін ашына жазып, шетелдерге көшіп кеткен босқындар және Шу өңіріндегі алапат ашаршылық туралы мынадай мәліметтер келтіреді: «Орта Еділге — 40 мың, Қырғызстанға — 100 мың, Батыс Сібірге — 50 мың, Қарақалпақияға — 20 мың, Орта Азияға — 30 мың адам көшіп кеткен. Сонымен қатар сонау алыс жерлердегі Калмыкияға,  Тәжікстанға, Солтүстік өлкеге және т. б. жерлерге қаңғып кетті. Байлар бастаған халықтың біраз бөлігі Батыс Қытайға көшіп барды… Бұл қазақтардың жай көші-қоны емес, ашыққан адамдар тамақ іздеп, басы ауған жаққа босып кетті… Көптеген қалалардан (Әулие-Ата, Шымкент, Семей, Қызылорда және басқалар) және теміржол стансаларынан өлген қазақтардың өліктері сыртқа шығарылуда. Шу ауданының орталығы Ново-Троицк селосында (Жандосовтың мәліметі) күн сайын дерлік 10-12 қазақ өледі, сондай-ақ ауданнан коммунистердің 60 проценті кетіп қалған». (Т. Рыскулов. Собрание сочинений в трех томах, том 3, Алматы, 1998, стр. 320-322)

imgpreview

Қазақ еліндегі 1930-1933 жылдардағы нәубетті зерттеп жүрген Тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков Шу ауданындағы аштықтан болған масқара құбылыс туралы мұрағаттан жеті адам қол қойған мынадай құжат тапқан: «Шу поселкесінің маңайындағы төңіректе № 75 барактағы босқындар жатағының және тамақтандыру орнының санитарлық жағдайын тексеріп шықтық. Сонда мыналарға кездестік: ішінде босқындардың жатақханасы және тамақтандыру орны орналасқан № 75 барак жан төзгісіз жағдайда. Баспана әл-дәрмені таусылған, көбі әзер дегенде қозғалатын босқындарға лық толы. Баспана іші былғаныш, сасық. Жүзге тарта аш адамдар жерде жатыр. Баспананың айналасы ластанып кеткен. Барлық жерде сүйектер, жыртылған киімдер, адамдардың қоқыстары және шығыс жағында тоғыз өлік жатыр, барактан біраз жерде солтүстікте жерде тағы да өлік, тағы бес өлік жатыр. Көмілмегені, сирақ және қар еттерінің кесіліп алынғаны кісі етін жеу болғанын айғақтайды. Қазақ бейіті жас молаға толы». (Т. Омарбеков. Ашаршылық апаты. «Ақиқат» — ұлттық, қоғамдық-саяси журнал, № 7, 2004, 40-41 беттер)

Елімізді жайлаған ашаршылық туралы жинақталған тарихи деректер зұлмат жылдардың ақиқатын ашуда, себеп-салдарын анықтауда құндылығымен, шыншылдығымен өте маңызды. Сол сияқты Шу ауданындағы көнекөз қариялардың естеліктерінде де жоғарыда айтылған аштықтың зардаптарынан болған жантүршігерлік оқиғалар жиі кездеседі. Зобалаң кезіндегі небір қиындықтарды көрген бүгінгі қарттардың естеліктері ашаршылық тарихын зерттеуде мұрағат деректерін толықтыра түсіп, 1930-1933 жылдардағы нәубеттің ақиқатын ашып берері анық.

 

Халқын аштықтан құтқарған

Шу халқы Кеңестік биліктің қолдан жасаған ашаршылығына қарсы наразылықтарын көтеріліс жасау арқылы білдірумен қатар, одан басқа да ел ішінде халықтың қамын ойлап, аштықтан құтылудың жолдарын іздестіре бастаған азаматтар болған. Қазіргі кезде көпті көрген Шу қарияларының айтуынша, аштықтан ауыл-аймағын құтқаруға әрекет жасап, сол қаралы кезеңде ауылдастарына жәрдемдесіп, көптеген отбасы түтінінің өшпеуіне септігін тигізген, қамқорлық танытқан қайырымды жанның бірі Нұрман би екен. Шу ауданының қадірлі ақсақалдарының бірі, еңбек және соғыс ардагері Жарқынбек Құлжанысов 30-жылдардағы алапат ашаршылықтың азабын тартқан, ел-жұртқа қолынан келгенше көмек көрсеткен Әділбайұлы Нұрман би туралы көп әңгіме айтып берген еді.

— Нұрекең менің әкемнен бір жас үлкен болды. Денесі шағындау болғандықтан, келіндері «кішкене би жәкем» деп құрметтейтін. Мен сол кезде бала болсам да жақсы білемін. Өте зерделі кісі еді, шежірені жақсы білетін. Біз, балалар, ол кісінің айтқан әңгімесін бар ықыласымызбен құмарта тыңдайтынбыз. Осы өңірдегі елдің бала-шағасына дейін бәрін жіктеп, тарқатып айтып беретін. Сонымен бірге ел арасындағы келіспеушілік пен дау-дамайды әділдікпен шешіп отырды.

1920-1930 жылдары Шу өңірінде Момын деген бақуатты өзбек мыңғырған малымен біраз ел-жұртты жұмыспен қамтамасыз етіп, ешқандай аштыққа ұрындырмай ас-суымен қарайласып отырған қайырымды жан болған екен. Момын өз еркімен бар малын өкіметке өткізіп, сол кезде Шу өңірінде алғашқы ұйымдастырылған «Сталин» колхозына бастық болып сайланады. Көп ұзамай ол жаңа биліктің қудалауына ұшырап, өз басына қауіп төнгеннен кейін Тәжікстанға өтіп кетеді.

Нұрман ауылдастары мен ағайын-туыстарының басын қосып, құмның ішіндегі «Қызқашқан» деген жерде колхоздың қойын, сиырын, сондай-ақ жылқысы мен түйесін бағып тапжылмай отырады. Аштық келген кезде Шу аймағындағы адамдар тау-тасты, сай-саланы аралап қаңғырып кетті, олардың ішіндегі әлділері «шықпа, жаным, шықпа» деп Қырғызстан мен Өзбекстанға үдере көшті. Бір тамағының қамы үшін ашыққан адамдар құмда отырған бидің ауылына да келе бастайды. Нұрман өз басына қауіп төнетінін білсе де, жан сауғалап босып жүрген адамдарға  қой-ешкі, сиырларын, бие-түйелерін түнделетіп сауып, өзінің ағайындарына қоян, қырғауыл аулатып, көже дайындатып, ыстық ас ұйымдастыруды қолға алады.

Нұрман бидің Тойлыбай деген үлкен баласы екі жүздей түйе бағатын. Түйенің шұбаты ем, бір жағы тамақ, өте қою болады. Нұрман аштықтан шұбырған елдің өз үйіне бір соқпай кетпейтінін білгендіктен, түйелерін уақытымен сауып, шұбатын дайындатып отырады екен. Шұбат ішіп, көжеге тойып, тынығып, әл жинап алғандарға жол азығы — құрт-ірімшік беріп жолға шығарып салып, келесі жолаушыларды күтетін болған.

1906-1907 жылдардан бастап Нұрман ақсақал Шудағы Дулаттың төрт баласының бірі — Шымыр руына жататын Шінәлі баймен «құдай қосқан құда» болған екен. Ол да ауыл-аймақтың тұрмыс-тіршілігіне ерекше көңіл бөліп, әсіресе, 1930-1932 жылдары тұтас бір ауылды аштықтан құтқарып қалғаны жайында күні бүгінге дейін ел-жұрт ұмыта қойған жоқ.

Нұрман би мен Шінәлі бай секілді қайырымды, ел қамын ойлаған азаматтар Шу өңірінде көп болған. Қазіргі кезде Мойынқұм мен Шу аудандарының тұрғындары Нұржаубек ұстаны да әсте естен шығарған емес. Ол кісі аң-құс аулап, аштыққа ұшыраған ауылдастарына қарайласып отырған.

Нұрман шаруашылықты басқара жүріп, ондаған жылда қой санын 3-4 мыңнан 60 мыңға жеткізген. Жасы ұлғайған шағында түйе бағып, түлік төресінің көбеюіне тікелей атсалысқан. Ағайын-туыс, құда-жекжаттарының арасында ғана емес, ел-жұртына да бидің айрықша сыйлы болғандығын бүгінде Шу өңіріндегі Төле би, Абай, Мойынқұм, Ақтөбе, Жиенбет ауылдарының көнекөз қарттары аса бір ризашылықпен еске алып отырады.

Бүгінгі күні Нұрман бидің 80-нен астам бала-шаға, немере-шөберелері өсіп-өніп, оның армандаған, бірақ аяқтай алмай кеткен игі істерін бүкіл Шу-Мойынқұм аймағына танымал кәсіпкер ұлы Жайлыбай одан әрі жалғастыруда. Жәкең мектептердің материалдық базасын нығайтуға белсене араласты және жағдайы төмен отбасыларына да үнемі көмектесіп отырды. Шу халқының қалауымен аудан орталығы — Төле би ауылының бір көшесіне Нұрман бидің есімі берілді. Ал Жайлыбай өз есебінен 2015 жылы 2 миллион қаражат жұмсап, ауылдың көшесіне асфальт төсеп, ел-жұртын бір қуантып тастады. Осындай ізгілікті істерін жалғастыра отырып, ол алдымыздағы 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты елге ас беруді жоспарлап отыр.

Ел басына түскен нәубет ұмытылмауы тиіс. Ол бүгінгі егемендіктің қадірін білу үшін де, болашақта сабақ алу үшін де керек.

Тұңғышбек Байқұлов,

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университеті «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері.